​«Әйелімсіз күнім қараң!»: алматылық азамат кештеу болса да қателігін түсінгеніне қуанатынын айтты

0
3 737

«Жан жарымның қадірін дер кезінде түсініппін»


​«Әйелімсіз күнім қараң!»: алматылық азамат кештеу болса да қателігін түсінгеніне қуанатынын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Армысыздар, ERNUR.KZ ұжымы! Еркек басыммен сіздерге хат жазып отырмын. Бірақ біреуді жамандап, ұсақталатын ойым жоқ. Керісінше, әйеліме алғысымды айтып, оны мақтағым келіп тұр. Қазір оған деген махаббатым күн санап күшейіп келеді», - дейді Ералхан есімді азамат.


Ерекеңнің әйелімен отасқанына биыл 22 жыл бопты. Бір қызын ұзатып, таяуда келін түсіріп үлгерген. Отбасылық бақытының құпиясын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Бақыттымын шүкір, өзім сүйген адамға үйлендім. Жанар екеуміз студенттік кезден дос болдық. Екінші кездескен кезден-ақ ол менің жарым болатынын сездім. «Осы қызды алмай тынбаймын» деп іштей өзіме уәде беріп, қайта-қайта кездесуге шақыра бердім.


Жанардың артық қылығы жоқ, сөздері түп-түзу, өсек-аяңмен ісі жоқ еді. Басқа қыздар сияқты отырыс қуып, туған күн тілеп тұрмайтын. Тек мен барған жерге ілесіп баратын. Керісінше, мен жылтың болдым. «Ауырып тұрмын, бүгін кездесуге бара алмаймын» деп достармен қыдырып кетіп қалатынмын. Жанар ақымақ адам емес, бәрін сезетін, әңгімемнен өтірік айтып тұрғанымды біле қоятын. Бірақ бірде-бір рет бетіме қарсы келіп, «сенің мұның дұрыс емес» деген емес.


Қолыма дипломды алғаннан кейін Жанарды үйге келін етіп апардым. Ата-енеме де бірден жаға қойды. Жарасым тауып екі ұл, екі қызды тәрбиелеп өсірдік. Қызметімнің өсуіне де, табысымның артуына да Жанардың қосқан үлесі зор болды. Үнемі мені қолдап, үйдің шаруасын бір өзі дөңгелетіп, тап-тұйнақтай боп отыратын.


«Әйел жоқшылықта, еркек тоқшылықта сыналады» деген рас екен.Қалтама шыр біткен сайын кеуде керіп жүретін болдым. Айнала толы қыз-қырқын. Достармен жиі сауналатып, балыққа барып, әйелімнің көзіне аямай шөп салдым. Жанардың орнында басқа біреу болса баяғыда-ақ мені тастап, тастамақ түгілі ағаларына әбден сабатып кетер еді. Бірақ ол бәрін көтерді. Әрине, арасында ренжіп, жылап, «кетем» деп шығатын. Алайда артынша ашуы тарқап, сабырға келіп, түк болмағандай жүре беретін.


Бірде ол менің телефонымнан бір қызға жазған ғашықтық хатымды тауып алды. «Біткен жерім осы шығар» деп ойладым. Бірақ ол үндеген жоқ, телефонды сөндіріп, үстелдің үстіне қойып кете салды. Бірақ бір ай тамақ бермей қойды. Үйге келсем мені көрмегендей, сөйлеспей жүріп алды. Екеуміздің тоң-теріс тіршілігіміз балаларға да әсер ете бастады. Ақырында кешірім сұрап, өлердегі сөзімді айтып, кешіруін өтіндім. Ол кеңшіліке салып, кешірді.


Алайда беті қалың адаммын ғой, арада екі айдай уақыт өткенде қалтамнан мүшеқап тауып алды. Негізі оның қалта қарайтын әдеті жоқ-тұғын. «Машинамның кілтін әкеле қойшы» деп кішкентайымды жұмсай салғам. Дастархан басында күліп-ойнап шай ішіп отырғанбыз. «Папа, мынау не, жейтін нәрсе ме» деп екі дана мүшеқапты қоса әкеп тұр. Кірерге тесік таппай қалдым. Бетімнен отым шықты. Бұл жолы кешірмейтін шығар дедім. Әйелім орнынан тұрды да, жатын бөлмеге кіріп кетіп, түні бойы бір орнынан тапжылмастан жатты.


Мен де айтарға уәж таппай, таңды кірпік қақпай атырдым. Ол орнынан тұрды да, түк болмағандай жиналып, жұмысына кетті. Ал енді үйден кете алсамшы... Мен жоқта үйге келіп, киім-кешегін жинап кететін сияқты сезім болды. Сол үшін жұмысқа бармай, үйді күзетіп отырдым. Сол күні көп нәрсені тереңнен ойлауға мүмкіндік берді. «Айрандай ұйып отырған отбасымды өзім бұзып алсам мына өмірдің керегі не?» дедім.


Кешкісін Жанар үйге келді. Бірақ бетіме тіке қарамады. Бұл жолы да тіс жармады. Қайта оның бақырып-шақырып, ішіндегі запыранын төгіп-төгіп тастағаны дұрыс еді. Үндемегені мені мақтамен бауыздағандай болды. Бұрын бір ай ренжісе, бұл жолы екі айға созылды. Менің туыстарымның той-томалағына да бармай қойды. Сол аралықта менің туған күнім еді, «үйіңе барамыз» деген достарымызды да келтірген жоқ. Туған күнімде жым-жырт, екеуміз екі бөлмеде отырдық. Еркек үшін бұдан асқан жаза бар ма?


Осы екі ай отбасылық жиырма жыл өмірімді сараптауға мүмкіндік берді. Жанар менің алдымды кесіп өтпепті. Қайда барса да, не алса да алдымен менің рұқсатымды алатын. Салпыетек әйел де емес, үнемі өзіне күтім жасап, жарасымды киінетін. Үйіміз де тап-таза, тірлігінен де, сөзінен де мін таппайсың. Осындай әйелді саунадағы «проходной» қыздарға не үшін айырбастап жүргеніме өзім таңғалдым.


Сол уақыттан бастап тәубеме келіп, Құдайдан істеген күнәларым үшін кешірім сұрай бастадым. Әйеліме күн сайын гүл сыйлап, аптасына бір мәрте екеуміз ғана киноға, мейрамханаға қыдыруды әдетке айналдырдым. Осы кезде байқағаным, әйелім ең тамаша адам екен, онымен уақыт өткізген өте қызық, әңгімеміз таусылмайды. Бұрын неге байқамағам десейші...


Әйелге жылы сөз айтқан сайын құлпырады екен. «Сен менің осы өмірдегі ең қымбат байлығымсың» деп маңдайынан сүйіп оятам. Бұрынғы құрметі құрмет пе, қазір менің аузымнан шыққан сөз заң, алдыма түсіп алып тымпылдай жөнеледі. Әйелді бақытты ету үшін көп нәрсенің керегі жоқ екен. Тек қана адалдық, жылы сөз, риясыз көңіл керек. Әйелсіз күніміз қараң, жігіттер, сол үшін барында бағалаңдар!»