"Бұндай әйелге үйленбеңдер" дейді ол...
(фото ашық дереккөзден алынды)
«Жездем «Бойын, түрін неғыласың? Ақылды қыз ғой, ақылды әйел – еркектің бағы» дегенде, тыңдамаған едім. Енді ғана түсініп, бармақ тістеп отырмын» дейді шымкенттік Айдос.
Ол қыз таңдап 34 жасқа дейін бойдақ боп жүріпті. Жастығына және сұлулығына қызыққан келіншегі ақымақ боп шығыпты. Өз таңдауы болғандықтан тек өзін жазғырумен өмірі өтіп жатқанын айтты.
Бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне кеңінен баяндады:
«Үйленетін кезде қызымды үлкен жездемнің үйіне ертіп бардым таныстыруға. Ертеңіне жездем «Он бір жас кішкентай қызбен сөзің жараса ма? Әлі бала сияқты ғой. Қиын болады-ау саған» деді. Ол біліп айтқан екен ғой.
Үйленетін кезде адам ешнәрсені түсінбейді де, түсінгісі келмейді де екен. Үйлендім. Достарымның соңы боп үйленсем де бәрінің келіншегінен жас қызға үйленгенімді мақтан тұттым.
Мен үйленгенде ол бір әсемдік салонында шаш қиятын еді. Кейін онысын істемей қойды. Келіншегім үйде отырды. Менің табысым күнкөрісімізге жетеді. Сонда да әйелімнің «анау жоқ, мынау жоқ» деген сөздері жүйкемді шаршататын болды. Бұл сылтауымен кешкі ас та пісірмейді. «Неге тамақ пісірмегенсің?» десем, «ет жоқ дейді». «Еттің орнына жұмыртқа пайдалансаң болмай ма?» деймін ашуланып. Бұртиып отырғанын көрем де аяймын.
Сөйтемін де өзім тамақ істеуге кірісем. Макарон қуырсаң да, нансалма жасасаң да, бетіне жұмыртқаны пісіріп турап жіберсең, дәмді ас болады. Е-е, қолдағы бар азықтан ас ойлап табу да ақылдылықты қажет етеді екен ғой.
Келіншегім босанды. Әке атандым. Ол кезде қала шетінде тұратын біздің мөлтекауданға көгілдір газ келмеген болатын. Қаладағы жерді әкем әперген. Үш бөлмелі шағын үй тұрғызып алуыма жезделерім көмектескен. Қыстыгүні көмір жағамыз. Келіншегім күз айында «Балаға қараймын ба, көмір жағып үйді жылытамын ба? Пәтерге шығайық» деді.
Көпқабатты үйлерден пәтер іздедім. Бір бөлмелі барлық жағдайы жасалған пәтерді жалға алып, сонда тұрып жаттық. Қазір ойласам, өз үйіміз бола тұра пәтер жалдау ақымақтың ісі екен ғой.
Әр қыста солай пәтер жалдап, ал жазда қайтадан үйімізге кеп тұрып жүрдік. Сөйтіп жүргенде несие деген пәлені келіншегім естіді бір күні. Мен жұмыста кезде барып қымбат телефонды несиеге рәсімдепті. Сол кездегі соңғы үлгідегі ұялы телефон. Үйде отырған әйелге қымбат телефонның не қажеті бар, түсінбедім. Оның орнына тоңазытқыш, кір жуатын машина, тағы да басқа үйге қажетті бірнеше зат алуға болар еді.
Әбден ұрыстым, жылап қалды. Сол несиені үш жыл төледім. Ай сайын төлегенде зығырданым қайнайтын. Бір күні сол қымбат телефонының экранын сындырып алды. Жөндетуге апарсам, ердің құнын сұрады. Сол күйі қымбат телефон баламыздың ойыншығына айналды.
Содан бері арада он жыл уақыт өтті. Тапқаным құралмай, сол баяғы үш бөлмелі шағын времянкада тұрып жатырмыз. Ал кезінде пәтерден-пәтерге көшіп жүрген достарым қазір екіқабатты үй тұрғызып алған. Солардың әйелдері көпқабатты үйде пәтер жалдап тұрған емес. Олар әркімнің есігінің алдындағы жаман времянкаларда жүріп-ақ, от жағып, қазан қайнатып, балаларын туып, өсірді. Есесіне қазір даңғарадай үйде тұрып жатыр. Үнемшілдік те – ақылдылықтың бір көрінісі екен-ау. Достарымның әйелдеріне қараймын да қызығамын.
Әйелімнің ақылы толысты ма екен деп, жақында әдейі сынап көрдім. «Үйленгенімізге он жыл бопты, қандай сыйлық қалайсың?» деп сұрадым. «Алтын сырға мен жүзік немесе айфон телефон әперші» деді. Ол суретін көрсеткен айфон телефоны 400-500 мың теңге тұрады. Дұрыс, бірақ мен одан басқа жауап күткен едім. «Сыйлықты қайтем. Одан да сол ақшаға көрпе-төсегімізді жаңартайық, әдемі ыдыс алайық. Үйге жөндеу жүргізейік» дей ме деп ойлағанмын. Үйіңдегі барлық зат тозып, айра-жайра боп жатқанда қымбат телефонның немесе алтынның не керегі бар?
Күрсінем де қоям. Басқа қолымнан ештеңе келмейді. Әйтеуір балаларым анасына ұқсаған ақымақ болмасыншы деп тілеймін...»
Ұқсас оқиғалар:
«Таңдаған ТАЗҒА ЖОЛЫҚПАЙДЫ!»: Шымкенттік келіншек бірнеше жігітпен жүріп барып тұрмысқа шығуды ұсынды
«Бір ұлым күйеуімнен емес»: Алты балалы әйел шынын айтты