«Алдымен зорлап, артынша үйіне келін етіп апарған»: жамбылдық келіншек өгей шешесі мен күйеуінен көрген қорлығын айтып берді

0
1 974

«Өзгеріп, ашуланғанда түрі басқаша боп кетеді»


«Алдымен зорлап, артынша үйіне келін етіп апарған»: жамбылдық келіншек өгей шешесі мен күйеуінен көрген қорлығын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өмірім өксікпен өтіп жатыр. Жасым елуге таяса да бала күнгі қателігімнің зардабын әлі тартып келе жатырмын», - дейді Раушан есімді жамбылдық оқырманымыз.


Жетімдіктің тауқыметін көп тартқан келіншек өз өмірін ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Ананың қандай болатынын, оның аялы алақанын білмей өскен бейбақпын. Түрі еміс-еміс есімде, тек суретіне қарап мауқымды басам. Ол кісі кішкентай інімді босанып жатып қайтыс болған. Ескі жаңа жылды тойлауға кірісіп кеткен дәрігерлер енді ғана босанған анамды қараусыз қалдырып кеткен екен, басқалардың айтуынша. Толғатып, әбден қалжыраған анам ұйықтап кетіп, сол күйі оянбай қалыпты.


Екі ұл, екі қызын құшақтап, құндақтағы сәбиін жұбатуға сөз таппай әкем байғұс әп-сәтте сорлап қала беріпті. Басын тауға да, тасқа да соқты. Қиналды, бірақ жылдар өте бұл сынаққа да сабырмен қарап, тіршілікті ары қарай жалғастырып кеттік.


Әкемнің мінезі өте қатал еді. Онша-мұнша алдаусыртқанға алдана салмайтын, бір кесіп сөйлейтін кісі-тұғын. Үш жылдан кейін бір әйелге үйленді. «Маған қатын емес, балаларыма ана керек. Осыған көнсең үйленем» деп біздің көзімізше шарт қойған. Бірақ көп ұзамай ол кісі үйден кетіп қалды. Өзара келіспесе керек.


Бір жылдан соң күйеуге тиіп, тумаған, содан төркініне қайтып келген өзінің алғашқы махаббатымен бас қосты. Түсі сондай суық, бізге жақтырмай, тыжырынып қарайтын біреу еді. Әкемді қатты аядым, енді осымен бақытты боп кетсе екен деген балалық тілегіммен өгей шешенің алдында құрдай жорғалай беруші едім. Жетінші сыныпта оқысам да палау басып, үйдің бар тірлігін жайғап, сиырды сауып, күбіні пісіп қоятын өлермен қыз едім. Сонда да өгей шешем «айналайын» деп басымнан сипамайтын.


Бір күні жұмыстан ертерек келді де, бөлмесіне кіріп, жатып қалды. Тамағымды істеп, әкем келген кезде дастарханды жайып, шақырып келдім. «Ойбай, Темірәлі, мынаны қара, сен жоқта мына қызың менің үстіме қайнап тұрған ыстық шайды аударып, қолым күйіп қалды» деп жала жаба салды.

Мен сол кезде «тас жегіздің ғой» деген сөздің мағынасын алғаш рет ұқтым. Аузыма салған бір қасық палау тас сияқты тұрды да қалды. Ол адамның қолын қалай, қайдан күйдіргенін білмеймін. Жұмыстан келгелі бөлмесінен шықпай қойған. Соған қарамастан маған жала жауып тұрысы мынау.

«Темка, бұларды әжелерінің тәрбиесіне берейік, сол кісі қарасын. Әйтпесе мен игере алмаймын» деп жыламсырап шықты. Енді не болар екен деп іштей егіліп отыр ем, «Мен саған үйленерде «маған қатын емес, балаларыма ана керек» деп айттым ба? Ендеше неге өтірік айтып, мені балаларыма қарсы қойып отырсың?! Менің Раушаным ондай адам емес, бәлеңді жаппа, тұр қане, кет үйден!» деп ай-шайға қарамай қуып шықты.

«Көке, кешіріңізші, мен-ақ кінәлі болайын, бір ашуыңызды беріңіз» деп жылағаныма қараған жоқ. «Менің балаларыма жала жауып, менен алыстатқысы келетін адамға бұл үйде орын жоқ» деп айтқанынан қайтпай тұрып алды. «Мен сендерге әлі көрсетем» деп айқайлап, бүкіл ауылды шулатып кеткен сол әйел менің өмірімді өксікке толтырды. Не жазып қойғанымды сол күйі ұға алмадым.


Арада бір жылдай уақыт өткенде көрші ауылдың бір жігіті мені көшеде келе жатқан жерімнен көлігіне өңгеріп салып алды да, елсіз жерге апарып зорлады. «Енді сен менікісің, қазір сені үйіме келін етіп түсірем, дымыңды шығармай, әкең мен туыстарыңа «өз еркіммен келдім» деп айтасың! Әйтпесе зорлап, сені пайдаланып кеткенімді бүкіл әлемге жария етем» деп қорқытып, үйіне апарды.


Қазір мен сол адамның әйелімін. Ол менің өгей шешемнің жиен інісі боп шықты. Әкемнен кек алған түрі екен. Болары болып, бояуы сіңгенде бір-ақ білдік. «Қызым-ау, неге маған айтпадың, өміріңді қорлаған адамдарға сені беріп қойып қарап отырмас едім ғой» деп әкем кейін қатты өкінді. «Осымен қарайдым ба, осымен ағарамын, мені уайымдамаңыз» деп жұбатушы едім.


Күйеуім сырт көзге мінсіз адам боп көрінеді. Сөйлеген сөзі, киген киімінен мін таппайсың. Бірақ жатыпішер жалқау, үйленгелі тыңғылықты тірлік істеген емес. Әр нәрсенің басын бір шалып, ақырында ешкіммен сыйыспай, шығып кете береді. Мейлі ғой, асырағанымды міндетсінбеймін. Аптаның бес күнінде мектептің асханасында аспаз боп істеймін. Сенбі-жексенбі күндері әркімнің үйін жинап, біреудің дастарханын жасап беріп ақша табам. Сонда да күйеуге жағар емеспін.


«Ей, топас қатын, неге телефонды алмайсың, үй жинайм деп кімнің қойнында жатсың сен?!» деп телефонда айқайлағанда айналамдағы адамдардан қарадай қысылып кетем. Үйге бір адам келсе, соңы соғыспен аяқталады. «Неге келді ол, сен шақырдың ба? Неге оның алдына кәмпитті үйіп-төгіп қоясың, етсіз тамақ істесең болмай ма?» деп қонақ кеткесін миымды жеп қояды. Өзім тапқан табыстан үйге келген адамға тамақ бере алмайтын жағдайға жеттім.


Тойға, біреудің үйіне құдайыға барар болсақ, жаяу жетеміз, ақшаны үнемдейік деп қаланың арғы басына дейін сандалтып қояды. Автобусқа ақша құртқысы келмейді, «мен кете берем, өзің жаяу жүре бер» деп айтам деп бір жолы көшеде оңбай таяқ жегем. «Менің айтқаным – заң!» деп тепкілеп, әдемі көйлегімнің дап-даласын шығарып жыртып, сол жерге тастап кетіп қалған.


Бір ұл, бір қызымыз бар. Қызымызды былтыр ұзаттық. Оның жасауы үшін екі ай қырылысып, ажырасуға дейін бардық. «Ақымақ, мал, осындай майда-шүйдені не үшін аласың» деп әр затқа тиісіп, менің тапқан ақшамды өзімнен қызғанып, қырғын салған. «Осыншама затты үйіп-төгіп апарып жатсың, ертең баламыз үйленгенде дәл осындай заттар келмесе, көзіңе көк шыбын үймелетем» деп жұдырығымен түйреп-түйреп алған.


Шынымды айтсам, қатты шаршап кеттім. Балам қазір Алматыда жұмыс істейді, әкесінің мінезін әбден біліп алған. «Үйге барғым келмейді» деп жылына бір рет әрең келеді. Қызым да «мама, папам жыл өткен сайын жынданып бара жатқан сияқты, ашуланғанда өз-өзін ұстай алмай қалатын бопты, абайлашы» деп алаңдап отырады. Шынында да ішіне жын кірген сияқты, бір пәсте ойнап-күліп отырады да, жоқ жерден ілік тауып, соңын соғысқа айналдырып жібере салады. Қолына түскен затты жіберіп ұра салу түк емес.


Орта жасқа жеткенде ажырасып кете салу да қиын екен. Құда-құдағилардан ұят. Шыдап жүре беруге күшім жетер емес. Кешке қарай үйге қайтқым келмей, ілініп-салынып әрең жетем. Бұлай қашанғы жалғасар екен...»