«Бұл жағдайды естігелі бері мамамның қан қысымы көтеріліп, жиі ауыратын болды»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Жас кезіңде қателессең, оны жастықтың буы, білместік, балалық деп кешіріммен қарауға болады. Ал есейіп, орта жасқа жеткенде желік қуып, алғашқы махаббатымен шатысқан адамды не деп ақтауға болады?» Мамам осылай деп жылап отыр. Қайтсін енді, әкеміз жүрегін жаралап, 30 жылға жуық отбасылық өмірдің көк тиындық құны жоқтай басқа біреуге кетіп қалды. Мұндай жағдайда не әкеңнің, не шешеңнің сөзін сөйлей алмай, дал болады екенсің», - дейді Толқын есімді бойжеткен.
Толқынды оқуға түсіру үшін Алматыға барған әкесі, баяғы студенттік шақтағы махаббатын жолықтырып қалыпты. Содан бері Шымкентке қайтар жолды ұмытқан. Оқиғаның жай-жапсарын Толқынның өзі ERNUR.KZ тілшісіне тарқатып айтып берді.
«Әкем мен анам бір ауылдың тумасы. Аралары екі жас. Мектеп кезінде екеуі әжептеуір махаббат боп, екеуінің ата-аналары «бұйыртса құда боламыз» деп уәделесіп те қойған. Бірақ Әкем мектеп бітірген соң Алматыға ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп кетеді. Ал анам бір жылдан соң Шымкенттегі педагогикалық интститутқа құжат тапсырған. Алайда денсаулығы сыр беріп, бір жылдан соң сырттай бөлімге ауысып, ауылға қайтып, жұмысқа орналасқан.
Ал әкем бұл уақытта Алматыда бір қызбен көңіл жарастырып, сөйлесіп, қыз-жігіт боп жүре бастаған. Қыздың әкесі «ұнататын жігітің болса алдыма ертіп кел, өзім танысайын» деп айтқан болса керек, екеуі Қапшғай жақта тұратын қыздың үйіне барып, қонақ боп жүрген екен. Қыздың әкесі бақуаттау адам болса керек, «оқуыңды бітірген соң пәлен жерге кіргізіп қоям» дегендей әңгіме айтыпты. Ал ауылда қалған анам сөз салған жігіттердің біріне де көз салмай, «жігітім бар» деп жауап бере беріпті.
Бірақ сөз деген жата ма, әкемнін әңгімесі ауылға жетеді. Әкемнің ауылдағы туыстары ұлдарының алматылық қызбен бас қосса, ауылға қайта қайтуы екіталай екенін сезеді. Сөйтіп «үйге тез жет» деп жеделхат жөнелткен. Әкем абдырап, сасқалақтап ауылға жетіп келген екен. Сөйткенде атам мен әжем ортасына алып, «үйленесің, үйленгенде де осы ауылдың, өзіміздің Сәкеңнің қызын аласың» деп шарт қойып, үйден қадам аттатқызбай қойыпты. Әкем ары-бері бұлтақтап көреді, бірақ нәтиже шықпаған соң мектептегі махаббатына үйленуге келісіпті.
Бұның бәрін кешеге дейін екеуі аңыз қылып айтып отыратын. «Мына әкеленің маған үйленбегенде алматылық боп жүрер едіңдер» деп мамам әзілдеп күлуші еді. Айтпақшы, бір жылға дейін әлгі қыздан ауылға үздіксіз хат келіп тұрыпты. Алматының көрікті жерлерінде түскен суреттерін қосып тұрын қыз әкемізге хат жазып тұрған. Тіпті болашақ балаларының атын «Нұрсұлтан» деп қоятынын айтып қиялдаған. Бірақ оның бірін де анам әкеме көрсетпей, почтада істейтін жеңгесі арқылы өзі алып, жыртып тастап отырған. «Екі жылға таяғанда хат та тоқтады, күдерін үзген шығар» деп беріректе анам бізге айтып берген.
Отбасында бес баламыз,ата-анамыз үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Мен үйдің кенжесімін. Менен басқасының бәрі Шымкенттегі университеттерде білім алды. Мен оқу бітіріп, грантқа тапсырарда үш қаланың атын жазғам, Алматыдағы Ұлттық университетке бірден өтіп кетіппін. «Осы қызым өзіме тартқан» деп әкем мен оқуға түскенде қатты қуанды. «Бұйыртса сені өзім апарып, орналастырам» деп уәде етті.
Содан біз былтыр тамыз айының соңында Алматыға жолға шықтық. Әкем менің құжаттарымды өткізіп, жатақханаға орналастырып болған соң бір аптаға шипажайда демалатын боп кетті. О баста солай келісілген тірлік болатын. Сол жерге барғанда тағдыр оған тосынсыйын дайындап тұрған екен.
Шипажайдағы екі кісілік бөлмеде егделеу, жасы сексеннен асып қалған қариямен бірге демалыпты. Сол кісімен әңгімелесіп, жағдай сұрасса, баяғы алматылық ғашығының әкесі боп шыққан. «Есіңізде ме, баяғыда...» деп ақкөңіл әкем жағдайының бәрін жасырмай айтып беріпті.
Сөйтіп, демалғандарына төрінші күн болғанда әкесінің жағдайын білу үшін әкемнің студенттік кездегі ғашығы келген. Ол бір рет тұрмысқа шығып, кейін дәм-тұзы жараспай ажырасып кеткен екен. Бір баласы барын, оның атын өзі қалағандай Нұрсұлтан деп қойғанын айтыпты. Екеуінің арасында не болғанын білмеймін, әкем шипажайдан кейін ғашығының үйінде тұрақтап қалды.
Әпкемізді ұзатттық, бір әулетпен құда болдық, көқтем шықса ағамызды үйлендіреміз деп отырғанда әкем қылық шығарып, ел-жұртқа масқара болдық. «Әкеңмен сөйлес, не ойы бар» деп мамам жылап звондаған соң кездесіп, сөйлестім. «Жүрекке әмір жүрмейді екен, мен оны ұмытпаппын. Аналарыңа ризамын, онымен де бақытты өмір сүрдім. Бірақ маған қазіргі өмірім ұнап қалды» деп отыр. Есі ауысып қалғандай, айтқанымды тыңдамайды.
«Үй-жай, ештеңе керек емес, бәріңді оқыттым, жеткіздім, ешкімнің ренішіт жоқ шығар. Қалған өмірімді өзім қалағандай сүрсем болды» деп ауылға қайтпай отыр. Анамның көз жасы көл болды, «қартайғанда құтырып, елдің бетіне қарай алмай қалдым» деп қайта-қайта қан қысымы көтеріліп кетіп жатыр. Арасында «Алматыға оқуға түсіп нең бар еді» деп маған да ұрысып алады.
Қысқасы, жағдай осындай... Қыркүйектен бері әкеміз ауылға ат ізін салған жоқ. «Келмесін, құрысын, енді келсе аяғын сындырамын» деп екі ағам кіжініп отыр. Қайтсін енді, намыстан жарылардай боп жүр де. Орта жасқа жеткенде шайтан азғырса қиын екен».