"Бөлмесіне біртіндеп шақырып алып, таяғымен ұрып-ұрып жіберетін"
Сурет:i.pinimg.com
"Басқа қыздар бала кезі, ата-әжесі жайлы естелік айтса, қызығып тыңдаймын. Бірақ, өзімнің айтар ештеңем жоқ. Жоқ деймін-ау, бар естеліктерім. Бірақ, жақсы емес" - ERNUR.KZ порталының редакциясына Ақбөпе есімді оқырманнан келген хат осылай басталыпты.
"Мен есімді біліп қалған кезде апам қайтыс болып кеткен еді. Атам бар. Әке-анам қарашаңырақта, атамның қолында тұрды. Марқұмға жер барып айтпасын, бірақ атамды есіме алсам, еш жылулық болмайды ішімде. Өйткені, немерелерін көп ұратын еді. Тек айғайлап ұрсып, боқтап отырған бейнесі бар ойымда. Күліп отырғаны, жылы сөйлегені, басымыздан сипағаны, тәтті бергені... ондай ештеңе жоқ.
Әке-шешемізге таңнан кешке дейін ұрса беретін. Айқайын бүкіл көше естиді. Өзі қартайғанына қарамай, ішімдік те ішіп алатын. Сондай кезде өзінің баласы – біздің әкемізден бастап біртіндеп бөлмесіне шақырып алатын.
Бірінші әкем барады. Оған ұрсып, айқайлап, таяғымен сабап-сабап жібереді. Екінші кезек – анамыздікі. Ол кісі кіргенде де сол айқай, сол ұру. Одан кейін бір-бірлеп біз – немерелері кіреміз. Сонда кірмей қойсақ, не болады? Білмеймін, олай істемеппіз. Ойлап та көрмеппіз. Ер бала болып, бұзықтығын жасап, ағам не інілерім де қашып кетпеген. Бәріміз үшін бір міндет, жазылмаған заң сияқты, атам қай уақытта алдына кімді шақырса, сол баруы керек. «Үлкеннің айтқаны заң. Ата-анаға қарсы келуге болмайды» деген сияқты ұстанымдарды қатты ұстаған болып тұр ғой әке-шешеміз.
Сондағы айтатыны – алдыңғы күндерде болған қателеріміз. «Пәлен күші қойды өріске кеш шығардың. Сиыр қораның есігін жаппай кетіпсің. Тамағыңның татымы жоқ, атауын ішсін деп быламық істеп бере салдың» деген сияқты болмайтын нәрселер. «Тамағыңа у қосып әкелген жоқсың ба? Ана киімім қайда, әкеңе апарып берген шығарсың. Мені өлсін деп тілеп отырсыңдар ма? Мен өлгесін жетісерсің» ылғи осындай ауыр-ауыр сөздер айтатыны. Ұрмай, ұрсып айтса да түсінеміз, тыңдаймыз ғой соны.
Сөйтіп біз атамның ащы таяғын жеп өстік. Әлі күнге есіме түссе, жыным келеді.
Анам соңғы кездері «Сен атаңды әлі кешіре алмаған екенсің ғой. Қайтқан адам жайлы жаман айтпайды. Оны кешір. Әкелеріңнің әкесі ғой. Ол кісі болмаса, әкең де, сендер де болмайтын едіңдер. Ешкім әкені таңдап алмайды. Олардың заманы қиын болған, соғыс көрген, содан психикалары зақым алған» деп жиі айтатын болды.
Атама деген суық көңіл мен салқын естеліктерді осы сақтасам, оған әлде өзіме зияны тие ме? Тірісінде жылуын сезіндірмей, тек жаман естеліктер қалдырып кеткен адамды қалай шын жүрекпен кешіре аламын? Қайтыс болғаны үшін бе? Атама менің кешірімім керек пе екен өзі? Керек емес шығар."