​«Анам балаларыма қарағаны үшін ақы сұрады»: Ата-анасынан мейірім көрмеген әйел көрген азабын айтты

0
3 629

"Төрт жылдан бері мен өзіме де, балаларым мен әке-шешеме де құдайдан ешнәрсе сұрамаппын. Тек осы кісіге саулық тілеп келе жатырмын".


​«Анам балаларыма қарағаны үшін ақы сұрады»: Ата-анасынан мейірім көрмеген әйел көрген азабын айтты

"Жер бетінде перзентінің тілеуін тілемейтін ата-ана жоқ шығар сірә?! Барлық бала да әке-шешесінің ұзақ өмір сүргенін тілейді. Осылай ойласаңыз, қателесесіз", - дейді түркістандық Күлай.


Ол өз әке-шешесіне, тіпті балаларына да емес, басқа біреудің ата-анасына ұзақ ғұмыр тілейтінін айтады. Ол кісіге ұзақ өмір тілеп, дұға жасау үшін күнде арнайы уақыт та бөледі екен. Өз туғанынан артық болардай кім ол?


Бұл туралы Күлай ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді:

«Мен үйдің сүткенжесімін. Құдайға шүкір, үш әпкем, төрт ағам бар. Әке-шешем тірі. Ұлым да, қызым да бар. Екі рет күйеуге шықтым. Бірақ мен адамнан артық байлық жоқ дейтіндермен мүлде келіспеймін. Олардан қолдау, мейірім, көмек, тым болмаса сөз жәрдемі болмаса, онда оның несі байлық?

Естуімше, менің өмірге келгенімді ешкім қаламаған екен. Анам аборт жасатпақ болғанда дәрігерлер оның өміріне қауіпті екенін айтып, райынан қайтарған көрінеді.

Онсыз да жеті баласын әрең асырап отырған әке-шешем мені перзентханаға тастап кетіпті. Марқұм әжем ұрысып әке-шешемді үйге кіргізбей қоймағанда, мен балалар үйінде өсер ме едім, кім білсін?!

Ата-анамнан бастап бәрі мені артық санады, бөтенсіді. Үйдегі барлық ауыр жұмысты маған істетті. Әпкелерімнен қалғанды киіп өстім. Бақытсыз балалық шағым емес, мен үшін анамнан «Сен туылмауың керек еді. Сен менің қателігімсің» деген сөзді есту ауыр болды. Анам осылай деген соң шығар, бауырларым да «Бекер өмірге келгенсің ғой» дегенді жиі айтатын.

фото: img3.badfon.ru

Әжем «Уақыт бәрін өзгертеді, уақыт өзі бәрін реттейді» деп, көзімнің жасын кейде қолымен, кейде сөзімен сүртуші еді. Бірақ ата-анамның да, бауырларымның да сол күйі маған мейір-махаббаты оянбады. Арада ұзақ жыл өтсе де олар үшін мен әлі бөтенмін.


Өз үйімде, өз туғандарымнан осылай өгейлік көріп өскен мені алда да көп қиындық күтіп тұрғанын білмеппін. Бір кітаптан «Ата-анасынан жылулық көрмеген перзентке тағдыр да қаталдық танытады» дегенді оқып едім, осы рас-ау?!

Мектепті бітіргенше менде бір ғана ой болған, ол – қайтсем ата-анама, бауырларыма ұнау. Солардың қас-қабағына қарап, көңілдерін қайтсем табам деп қаншама жылды сарп еттім. Түк шықпады.

20 жасымда көрші ауылдың бір жігіті алып-қашты. Шөліркеген көңілімді ата-енемнен, күйеуімнен көрем деп ойлағанмын. Жоқ, ол үйден де тек теперіш көрдім. Күйеуім күнде ұратын, күнде ішетін. Сөйтіп жүріп өмірге бір ұл, бір қыз әкелдім. Өзге әйелдер сияқты қырық күн күтініп жату менде болған жоқ. Ата-енемнен, күйеуімнен көрген қорлығым бөлек хикая. Оны айтып та, жазып та тауыса алмаспын. Күйеуім қайтыс болмағанда мен ол азаптан құтыла алмас па едім, кім білсін?!

Жаназаға жиналған жұрт жылап, жоқтап жатқанда, мен іштей қуанып тұрдым. Жынданған дерсіз, мен дәл сол кезде күйеуімнен емес, тозақ өмірден құтылғаныма қуанған едім. Егер тағы да бірер жыл маскүнем, тиран күйеумен бірге өмір сүрсем, шынымен жынданатын едім деп ойлаймын.

Екі баламмен әке-шешемнің үйіне бардым, сыйдырмады. Сосын ағам мен жеңгемнің үйін паналадым. Бірақ олар бір айдан соң «Өз бала-шағамды әрең асырап отырмын, бізге салмағыңды салмашы» деді ағам. Әпкемнің есігін қақтым. Ол да бір апта ғана шыдай алды. Амал жоқ, екінші әпкемнен ақша сұрадым, ойым қалаға кету. Әпкем «Осы ғана, бірақ қарызға берем, қайтарасың» деп, 40 мың теңге ұстатты.

фото: img5.lalafo.com

Бір сыныптасым Шымкентте көше тазалаушы боп жұмыс істейтін. Ол қосымша көпқабатты үйлердің ауласын да сыпырады екен. Менің жұмысқа тұруыма сол көмектесті. Ауласын сыпыратын көпқабатты үйлердің бірінің жертөлесінде уақытша тұрып жаттым. Мені қойшы, балаларым қиналды.

Бір күні біз тұратын көпқабатты үйдегі бір апай «Балаларыңды бір-екі ай туберкулезге қарсы балаларға арналған санаторийге орналастырып беремін. Сол аралықта тұрақты жұмыс тауып ал» деді. Балаларым туберкулез емес. Бірақ ол жерде балаларға тегін тамақ беріледі, жататын орын да тегін. Ұрпағымен мың жасағыр апа, кейін сол санаторийден маған жұмыс та тауып берді. Санитарка боп жұмыс істедім.

Жалақым тұрақталған соң, «Ескі қалашық» деген мөлтекауданнан бір өзбек атаның қоржынтамына көштім. Атай кемпірі қайтыс болған соң, қара шаңырақтан кеткісі келмей, жалғыз өзі тұрып жатыр екен. Жүрегінде иманы бар адамдар бар ғой, атай кейде пәтерақыны алмайтын.

Әдемі-ақ өмір сүріп жатқан едім. Қиындықты тез ұмытатын пендеміз ғой. «Паналайтын жылы жер болса, ас-ауқатқа жетерліктей табысым болса жетеді» деуші едім. Бірақ әйел боп жаратылған соң қиын ғой. Бір күні жұмыстан келе жатып, келбетті жігітпен танысып қалдым. Таныстықты жалғастыру ойымда болмаған. Бірақ ешкімнен, тіпті ата-анамнан да «Әдемісің» деген сөз естімеген мені оның тәтті сөздері әп-сәтте баурап алды.


Күнімді әрең көріп жүрген маған махаббат керек пе еді? Сау басыма сақина тілеп аларымды білсем, жоламас едім ғой. Екі апта кездесіп жүрдік. Балаларыммен танысты. Бір күні бір сөмке киімімен үйге келді де, сол күннен бастап біз бірге тұрып жаттық. Иә, азаматтық неке ғой.


Оның айтуынша, ешкімі жоқ. Ата-анасы қайтыс боп кеткен. Бауырларымен араласпайды. Былайша айтқанда, тағдырласпыз. Бұрын үйленбеген жігіттің екі баламмен мені ұнатып қалғанына мәзбін.

Бала кезімнен өзгенің көңілін табуға тырысып өскен мен енді күйеуімнің жағдайын жасап әлек болдым. Айтқанын екі етпей орындаймын. Тіпті жұмысына тамақ та апарып беруге уақыт табатынмын.

Ол бір кафеде күзетші боп жұмыс істейтін. Бір күні түн ортасында келіп, еңкілдеп жылады. Кафеде төбелес болыпты. Төбелесті тоқтатпақ болып, дубинкамен ұрып, біреуді өлтіріп қойыпты. Өлген жігіттің туыстары үш миллион теңге сұрап жатыр екен. Әйтпесе түрмеге қаматады. Банктен несие алуға көндірді. Бұрын-соңды несие алып көрмегенмін, оның пайызын да, қанша уақытта қалай қайтаруды да білмеймін. Бәрін күйеуімнің өзі ұйымдастырды. Мен тек айтқанын орындадым.

Бірақ ол кезде несиені төлеудің қиындығын ойлаған жоқпын. Күйеуім түрмеге қамалмаса болғаны, екеулеп төлерміз дегенмін. Қайдағы, алданыппын.

Күйеуім әккі алаяқ екен. Жалғызбасты әйелдерге несие алдырып, тайып тұрады екен. Үш миллион теңгені алып, істі тындырып келем деп кеткен күйеуімді содан кейін көрген емеспін. Жыладым, өзімді өзім жазғырдым. Болған оқиғаны учаскелік полицияға барып айттым. Арыз жаздым. Банкке де бардым. Нәтиже болмады. Банк қызметкері «келесі айдан бастап несиені бес жыл бойы төлеуге міндеттісіз» дегенде еңіредім. Еркек не теңім еді десеңізші, ақымақ, аңғал басым-ай.

фото: zdf.de


Ай сайын несие төлейтін уақыт жақындағанда, мазам қашады. Онымен танысқан күнге лағнет айтамын. Ал атай «Ондай жаман адамнан құтылғаныңа қуан, бірақ бұл оқиғадан сабақ ал» деді. Мен «Енді ешқандай еркекті жүрегіме жолатпаймын, сезімсіз адам болам» деп, іштей өз-өзіме сөз бердім.

Несие деген пәле екен ғой, үш айда кәдімгідей тиын санап, есеңгіреп қалдым. Одан басқа ешнәрсе ойлауға шамам келмеді. Жалақым пәтерақым мен азық-түлікке әрең жетеді. Ары қарай қалай төлеймін? Балаларыма да тамақ беру қиындады, жетпейді. Менің қиналғанымды көрген атай тұрмыстағы қыздарына хабарласып, жұмыс іздестірді.

Вахталық жұмыстан басқасы табылмады. Жалақысы жақсылауы сол ғана. Бірақ басқа қалада 15 күн жұмысқа кетсем, балаларымды кімге қалдырамын? Атай қарт кісі, ол қызым мен балама бас-көз бола алмайтыны белгілі. Амалым құрығанда, қайтадан әке-шешеме бардым. Салқын қарсы алды. Анам ойланып отырып, ақшасын төлесем ғана балаларыма қарайтынын айтты. Сіз анаңыздан бұндай сөз естісеңіз жағаңызды ұстарсыз, ал мен таң қалмадым, өйткені анамның маған қарым-қатынасы қандай екенін жақсы білем.

Несін айтайын, балаларымды ауылға қалдырып, Ақтауға жұмысқа кеттім. Алты айдай тігін цехында жұмыс істедім. Табысым несиемді ай сайын төлеп отыруға және анамның сұраған ақысын беруге, ас-ауқатымнан артылмады. Оның үстіне анам «Қызыңа жаңа етік керек, балаңа оқу құралы қажет» деп ай сайын ақша сұрайды. Несиені төлеп бітем дегенше шашым ағаратын шығар.

Не істеймін деп ойланып жүргенімде бірде «Қарт кісіге қарайтын адам керек» деген жарнаманы оқып қалдым. Жалақысы сол кезде алып жүргенімнен жоғары екен. Ойша есептеп көрсем, пәтер жалдауыма, несиені төлеуіме, ауылдағы балаларымды қажеттілікпен қамтамасыз етуге жетеді. Ертеңіне көрсетілген мекенжайға бардым.


Атырау қаласында бір дәулетті отбасына жұмысқа орналастым. Жұмысым – ауру қарт кісіге қарау. Инсульт алып, жүре алмай қалған қарттың тамағын беру, күтімін жасау, памперсін ауыстыру, киімдерін жуу.


Осы жұмысымның арқасында несиемді уақытыл төлеп келе жатырмын. Енді бір жыл төлесем, несием толық жабылады. Сосын ауылдағы қызым мен ұлымды Атырауға, қасыма әкелу ойымда бар. Бірақ несиемді жапқанша, атай өліп қалмай ма деп қорқам. Өйткені ол сексендегі шал. Ауруынан емес, кәріліктен өле ме деген қорқыныш қазір маза бермей жүр. Сондықтан мен күнде құдайға жалбарынып, ол кісіге ұзақ ғұмыр тілеп жүрмін. Таңертең ұйқыдан тұра салып тілейтін тілегім де, ұйқыға жатарда жасайтын дұғам да сол ауру атаға арналады.

Ойланып отырсам, осы жұмысымды тапқалы мен өзіме де, балаларым мен әке-шешеме де құдайдан ешнәрсе сұрамаппын. Тек ауру атаға саулық тілеп, «Е-е, құдай, Сәлім атаға тағы да бес-алты жыл өмір берші. Оның ұлының табысы көп болсын» деп, тілеп келе жатыр екенмін. Тым болмаса тағы бір жыл өмір сүрсе екен атай...»


Ұқсас оқиғалар:


«20 жылдан соң КҮЙЕУІМДІ ІЗДЕУГЕ мәжбүр болдым»: шымкенттік әйел себебін айтты


«Еркектер ұнай бастады»: Қызын жалғыз өсірген азамат өзінің «өзгеріп» кеткенінен қорқады