​«Әрқайсың 1,5 миллионнан бересіңдер»: түркістандық әйел той үшін несие алғысы келмейтінін айтты

0
581

«Жұрттан ұят болады деп әкелеріне көлік мінгізбекші»


​«Әрқайсың 1,5 миллионнан бересіңдер»: түркістандық әйел той үшін несие алғысы келмейтінін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Басқа өңірді қайдам, бірақ оңтүстік жақта күнде той. Тойдың көптігі сондай, қазір оған адамдар күнделікті жұмысқа бара жатқандай, үйреншікті нәрсе деп қабылдап кете беретін болған. Ораза бітісімен басталған той, Шымкент, Түркітанжақта қара күзге дейін жалғасады. Тапқаныңды тойға сақтап, шетінен апарып бересің», - дейді Ғалия есімді әйел.


ERNUR.KZ сайтының тұрақты оқырманы тойға қатысты өзін толғандырған бір мәселені айтуды жөн санаған екен.


«Білмеймін, бәлкім менің ойым дұрыс емес те шығар, бірақ қазір адамдар тойды еріккеннен істей беретін сияқты. Кейбірі таратқан тойанасын жинап алу үшін де жүздеген адам шақырып, той өткізе салады. Қазір бәрі дайын, ақшаң болса болғаны. Бірақ жөн-жосықсыз тойлардан қазір адамдар шаршаған. Баяғыда «Пәленшенің тойына көйлек алуым керек» деп апта бұрын базарға түсіп, дайындалып, сол күнді асыға күтуші еді.


Өзіміз бес жыл дегенде әупірімдеп, тапқанымызды тиындап жинап үй тұрғызғанбыз. Былтыр соның ішін түгел бітіріп, кірдік. Ішін әрлеуге ақшамыз жетпей тұрған. Сосын жолдасым екеуміз ақылдасып банктен ірі көлемде несие алдық. Ай сайын айлығымыздан төлеп тұрамыз, құтылып қалармыз деп тәуекел еттік. Сол несиенің әлі үш жылы мойнымызға артылып тұр. Несие дегенде қуған желдей ай сайын зырылдап келіп қала береді. Ішпей-жемей 200 мың көлемінде құямыз. Кейде оны да кешіктіріп төлеп қаламыз. Ондайда жолдасым уайымдап, «бекер-ақ алған екенмін» деп күңкілдейді.


Бірақ сол несиені аларда күйеуім «Ауылдағылар білмей-ақ қойсын, айтып қойып жүрме» деп маған ескерткен. Онысы әке-шешесінің уайымға салынғанын қаламағаннан болса керек. Өзім осылай деп ойладым да, күйеуімнің құпиясын ашпадым. Енді бірақ ауылдағы ата-енемнен бастап, күйеуімнің бауырларының бәрі «тапқандарыңды не істеп жатырсыңдар, үйлеріңнің мына жерін істей салсаңдар болады ғой», «айлықтарыңды жинап тәуірлеу көлік алмайсыңдар ма, ішіп-жей бергеннен не пайда» деп ақыл айтатын болған.


Биыл қара шаңырақта тұратын қайным ұлына сүндет той жасайтын болған. Өзі былтыр үй салған, онысы әлі біткен жоқ. «Алдымен үйін бітіріп алса болады ғой, бір жылда үй салып, той өткізіп қиналып қалмай ма?» деп ойымды айтып едім, күйеуімнен сөз естідім. «Нең бар, өз шамасын білетін шығар, істей берсін, үндеме» деді. Үндемей қойдық.


Енді жақында үлкен қайынағамыздың үйінде бауырлардың басқосуы болды. «Ерболдың тойына әкеміздің 70 жас мерейтойын қосып өткіземіз» деген ұсыныс тасталды ортаға. Расында да ол кісінің бұған дейін туған күні тойланбаған екен. Енді «дөңгелек датаға» толып отырған соң қоса салғанымыз да дұрыс шығар дестік. Сөйтіп отырғанда екі қайынәпкеміз «Олай болса тойда папама көлік сыйлайық. Несі бар, әрқайсымыз бір жарым миллионннан шығарсақ болды ғой, жетеді» деп бірдеңені бастап кеп жіберді.


«Ммм...» дегеннен басқа ештеңе айта алмай қалдық. Себебі мына жақта «қылқындырып» жатқан кредит бар. Бала-шағаның ас-ауқатына әрең жеткізіп тұрғанда бір жарым миллионды тауып бере салу оңай ма қазір? Күйеуіме не айтар екен деп қарап едім, түрі бұзылып кетіпті. Бірақ әпкелеріне қарсы сөз айта алмай, көзімен жер шұқып қалған. Үндемей тарқастық.


Содан енді екі әпкеміз көлік іздеуге қызу кірісіп кеткен. «Ескісін алмаймыз, жаңа, салоннан мінгізу керек» деп табандап тұрып алған. Бәрімізді тағы да несиеге тығып отыр. «Сен төле, мен төле» демей-ақ, әрқайсың жеке-жеке несие аласыңдар ма, қалайда бір айдың ішінде ақшаны тауып қойыңдар» деп хабарласыпты.


Негізі атамыз қара жаяу емес, ескілеу болса да көлігі бар. Жүріп-тұруына жарап тұр. Бірақ соны әпкелеріміз түсінбейді. «Елден ұят болады, пәленше мінгізіпті, түгенше тарту етіпті» деп жұрттың көзі мен сөзі үшін басқа бауырларына салық салып, міндеттеп отыр. Өздерінде несие жоқ, ақша көп болғасын басқалардың жағдайын ойлап отырған жоқ. «Енді оны қалай төлейміз» деп күйеуімнің басы қатып отыр. «Жағдайым жоқ, ақша бере алмаймын» деп айтуға құрығыр намысы жіберер емес...


Жалпы, әке-шешеге не сыйласаң да, қандай жақсылық жасасаң да артық етпейді. Шамаң келіп тұрса көлік емес, ұшақ сыйла! Тойда ғана емес, жай күні де құрметіңді көрсете бер. Бірақ кейде көрпеге де бір қарап көсілу керек. Біздің қазақты «жұрттан қалмайық, ұят болады» деген жалған намыс, құры тыраштану құрдымға сүйреп бара жатқан сияқты.


Адам баласын оздыратын да, тоздыратын да ысырап пен ынсап. Соңғы уақытта қоғамда ысырапшылдық мәселесі көп көтеріліп келеді. Өйткені біз ысырапшылдығымызды қазақтың жомарттығы деп мақтанатын жағдайға жеттік. Тойдағы мақтангершілігіміз дарақылыққа ұласып, күлкіге қалып жүрміз. Киер тонымыз бүтін тұрып, дүние шашып жүрсек екен-ау. Өзімізге жетпей отырып, жұрттан қалмаудың қамын жасаймыз. Бетімізді «өртеп» бара жатқан сол баяғы «ұят». Жұрттан ұят болады деп жұтап қалмасақ болар еді, әйтеуір.


Енді осы мәселені тігісін жатқызып қайынәпкелеріме айтсам, «анау келіннің шығымы жоқ, байын билеп-төстеп отыр», «бізге келгенде «жоқ» деп, ауыздарын қу шөппен сүртіп қалады» деп бекерге жаманатты болып қалам ба деп отырмын. Айтпайын десем күйеуімнің оларға қарсы сөз айтпай, ертеңгі күні тағы да несиеге ұрынатыны анық. Қайтсем екен, ақыл қосып, пікір білдіріңіздерші».