"Ашытқан нанымды қоқысқа тастады": жас келін енесіне қарсы шыға алмайтынын айтты

0
536

"Балаларыма, өзіме «көргенсіз, көгермегір» деп көп айтатын"


Сурет: sun1-88.userapi.com

"Өзімнің ішімдегі алай-дүлей болып жатқан сезімімді сыртқа шығаруым үшін осында жазып отырмын. Өйткені, жазып ішімді босатпасам жарылып кетердеймін..."

ERNUR.KZ порталы редакциясына осы мазмұнда оқырман хаты келіп жетті. Екі баланың анасы енесінен көрген қорлығын жазып, жанайқайын жеткізу арқылы ішіндегі өкпе мен реніш жүгін жеңілдеткісі келгендей...


"Біреуге барып мұңымды айтуға да қысыламын. Ішке жұта беріп те ауру болатын секілдімін бір күні.

Шіркін, əйел затын кім түсінер, əйел болып жанымда жүрген енем бе? Әлде қасымда өзіммен түйдей құрдас қайынсіңлім бе?

Жұмыс деп жұмыстың тіршілігі, үй деп үйдің тірлігі өмірі бітпес. Бәрін тиянақты істеп жүрмін дегеннің өзінде тырнақ астынан кір іздеген енем аман болсын, қайтеміз?! Əдемі киініп күйеуімнің қасында жадырап жүрсем, қайынсіңлім жақтырмайды. Мені өз отбасыларының бір мүшесі ретінде қабылдамайды-ау.

Нан ашытып, азанда бір табасын жауып, бала-шағамен жаңа піскен ыстық нанға сары май жағып жесе, қандай тамаша, иə? Мен тіпті осылай армандаймын деп те ойламаппын. Балаларым үшін ғана емес, бүкіл отбасым үшін деп (оның ішіне енем мен қайынсіңлім де кіреді ғой) соларға жағдай жасаймын десем де жақпадым.

Түнде қамыр ашытып жатқанмын, соны енем жуындыға тастады. «Обал емес пе?» дегенімде айтқан уәжі «Саған біреу түнде қамыр ашыт деді ме? Оны мен жабам ба?» деді. Мен таңертең жұмысқа кетемін, соны меңзегені ғой. Бір сағат ерте тұрып, жауап кетемін дегенмін. Бірақ әдейі істеп отыр.

Балаларыма, өзіме «көргенсіз, көгермегір» деген сөздерін көп айтатын. «Ұту үшін ұтылдым» деп жүргенім бекер екен дедім. "Үндеме, үндемей жеңесің" деп үйретуші еді ғой аналарымыз. Бірақ үндемесең, осындай жағдай болады.

Бөлек шығармайды. Күйеуім ынжық. Сөйлесем менің де тілім бар, бірақ анамның берген тəрбиесіне сөз келтіргім келмейді.

«Қызым, өмір қысқа, бүгінгі бар адам ертең жоқ. Сыйла, сонда өзің де сыйлы боласың» деген сөзі әрдайым ұрыс-керістен бойымды аулақ салуға жетелейді. Мен жаспын дейтіндей бала келін емеспін, ана келінмін. Екі құлыншағым бар. Өзімнің анам сияқты дана келін болғым келеді.

Ішім қанша удай ашып, қанша ауыр сөздер айтса да, мен сөйлей алмайтын шығармын. Өзім бұрыннан тұйық қыз едім, қазір мүлде тұйықталып бара жатқандаймын. Ішім өлген, сыртым ғана ілініп-салынып жүрген сияқты."