"Ата-енем барлық карточкасын алып қойған": қызылордалық келін абысыны қиын жағдайда екенін айтты

0
320

"Бар ақшасынан айырылған"


көрнекілік үшін фото i.ytimg.com сайтынан алынды

"Біз бір үйде екі келінбіз. Мен келін болып түскелі екі жыл болды. Жақында еншімізді алып бөлек шықтық. Мен негізі кіші келінмін. Қара шаңырақта қалуға тиіс болғанмын. Бірақ, енемнің шатақтау мінезіне шыдай алмадым. Ажырасудың алдында тұрғанда күйеуім менсіз өмір сүре алмайтынын айтып жалынды. Сондықтан, мен де отбасымды сақтап қалуға шешім қабылдадым" деп ERNUR.KZ тілшісіне ағынан жарылды қызылордалық Айдана атты оқырман.


"Енеммен бір үйде тұра алмайтынымды түсіндім. Мен де сүттен ақ, судан тазамын деп айтпаймын. Бір адамдай мінезім бар. Бірақ, маған қысым көрсеткен адамды кешіре алмаймын және әрқашан өзімнің ой-пікірімді қорғап шығатын адаммын. Үлкенге қарсы келмеу, оларды сыйлау туралы ата-анам үйретпеді демеймін. Ол кісілер маған әрдайым үлкеннің алдын кесіп өтпеу, олардың ой-пікірі сенің көңіліңнен шықпай тұрса да, олардың ұстанымына құрметпен қарау керектігін үйретті. Алайда, бұл өзің құрбан болып, өзіңнің ой-пікірің мен ұстанымыңды жоққа шығару дегенді білдірмейді.

Шыны керек, әлі де бұл үрдіс жалғасып келеді. «Келін сол барған жерінің отымен кіріп, күлімен шығуы керек, олардың күңі болу керек» деген түсініктегі адамдар әлі де бар. Бұл қанға сіңіп қалған әдеттен арылу үшін де бізге әлі жүздеген жылдар қажет шығар, білмеймін.

Сонда да қазір бұрынғыға қарғанда қоғамның көзі ашылды. Келіндер оқыған, сауатты, өз құқығын қорғай білуді үйренді. Мен де өзімді олардың қатарына жатқыза аламын.

Негізі ата-енемен тұрудан да қашатын жан емес едім. Оған көзқарасым түзу болатын. Ата-енемен байланыс егер белгілі бір сызықтан шығып кетпесе, ешкім ешкімнің жеке шегарасына қол сұқпаса, түсінісіп өмір сүруге болушы еді. Бірақ енемнің тарапынан жеке шегараға қолсұғушылық басылмаған соң, соңында осындай шешімге келдік.

Жолдасым екеумізді үйден қуып шыққандай етіп жіберген болатын. Біз қалаға келдік. Қолмызда көк тиынымыз, барар жеріміз де жоқ. Қатты қиын болды әрине. Бірақ сол қиындықтарға шыдап, қазір Аллаға шүкір, ол қиындықтардың барлығын артта қалдырдық. Әлі де пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Бірақ тұрақты жұмысымыз бар, күнкөрісімізге жетіп жатыр. Тұрақты баспанамыз жоқ демесең, біз бақытты жанұямыз. Пәтерақысын төлеуге, кішкентай ұлымызды қамтамасыз етуге қазірше жағдайымыз жетіп жатыр.

Айтайын дегенім, ауылда қалған абысынымның жағдайы еді. Оған шынында да жаным ашиды. Қолынан барлығы келеді. Мінезі де жайдары, ашық-жарқын.

Тым момын, өз сөзін өткізе алмайтын жан деп айта алмас едім. Соңғы кезде сол мінезі біртіндеп өшіп барады. Өйткені, енем оған психологиялық қысым жасап, өзгертті десем болады. Оған күйеуі де қосылып, мүлдем басқа адамға айналдырып жібергендей.

Абысыным келін болып түскелі алты жыл болған. Менен төрт жыл артық келіндік тәжірибесі бар. Бірақ оны есіктің алдынан әрі шығармаған. Жұмысқа кіргенде айлығын, оған дейін балалардың өкімет төлейтін жәрдемақысы бар – бәрін енемнің өзі алып отырған. Былайынша ақша түсетін барлық карточкасын тартып алған.

Бір ақшасы жоқ, бейшара адамдар болса, жетпей жатқандықтан алған болар деп ойлайтын едім. Алайда ата-енемнің тұрмыстық жағдайлары жаман емес. Өздерінің зейнетақылары бар, одан бөлек отбасылық шағын кәсіптері де бар. Солардан түсіп отыратын табыс көзі баланың жәрдемақысынан он есе көп болса да, соны ақша көріп, тартып алып отырған ғой. Тұрмысқа шыққалы бері алты жыл бойы, жұмысқа шыққанша артынан келген киіммен жүрген. Тіпті ұят та болса айтайын, «тұрмысқа шыққалы бір ішкиім алмағанмын» дейді. Ол аздай, артынан келген дүниенің біразын рұқсатсыз таратып жіберген.

Оған шынымен де жаным ашиды. «Неге өзіңізді өзіңіз қорғамадыңыз? Қорған болар күйеуіңізді көрмесеңіз, осылай жасау керек еді ғой» деп айтқанмын. Қанша рет «Ажырасып кетпесеңіз де, төркініңізге кетіп қалып, қадіріңізді сезіндіріңіз, ойланар сол кезде» деп те айттым. Менің жасым, жолым, тәжірибем ол кісіден аз болса да, өзімнің іштегі ойымды осылай жеткізген болатынмын. Әрине, оларға жамандық тілегеннен емес, жақсы отбасы болсыншы деген ниет. «Қарым-қатынастары түзелер, әркімнің өз орны бар екенін сезінер» деген жақсы ойым еді.

Бірақ ондай ортаға түскен адамға кету қиын екен. Оның үстіне , әке-шешесі де қуана қарсы алмағасын. Ол аздай, күйеуі де «менімен ажырассаң, өлтіремін» деп қорқытып қойған. Ата-енеміздің тілінің ащылығын айтпай-ақ қояйын. Өмір деген аты бар, бірақ сенделіп жүргенің…

Әркім өз өмірі үшін жауапты ғой, дегенмен психологиялық қысымға тап болмай тұрып, тап болған жағдайда да төзіп жүре бермей, өз өміріңіз өзіңізге жайлы болуы үшін әрекетін жасаңыз."