"Ата-енем, күйеуім мен қайынсіңлілерімді жиналысқа салдым" - келіншек өзгеше тәжірибесімен бөлісті

0
286

Жұмыстағы ата-енемен тұратын апайлардан ақыл-кеңес сұрадым.


Иллюстрациялық сурет: sun1-83.userapi.com

"Жанұяда түсіністік орнау үшін мәселеңізді айтып, кеңінен ашық сөйлесу керек екен. Мен бұны алты жылдан кейін бір-ақ ұқтым. Өкінішке орай, мен аттаған босағада келіннің жағдайын түсіну, жеңгеге құрмет жоқ еді. Қиындықтар осыдан пайда болған" деп өзінің өзгеше тәжірибесімен бөлісті түркістандық келіншек ERNUR.KZ тілшісіне.


"Бір үйдің жалғыз ұлына тұрмысқа шығарда «Не абысыным, не келінім жоқ, қиналатын шығармын» деп қорқақтағанмын. Бірақ жігітім «Есесіне қайынәпкелерің, қайынсіңлілерің бар. Қыз – жанашыр ғой. Солар көмектеседі, құрбыңдай болады» деген-тұғын.

Тұрмыс құрғаныма биыл алтыншы жылдан асты. Қайынатам қара шаңырақ иесі болғандықтан, үйден келім-кетім үзілмейді. Былайша айтқанда үлкен отбасының келінімін. Атам да, енем де қызметтегі адамдар. Енемнің қолы қалт етсе, өз-өзіне күтім жасап, сериал көріп, демалады. Үш қайынәпкем тұрмыста. Олар бастапқыда үйге келе қалса көмектесетін. Кейін алдында тұрған шайды құйып іше бермей, мені күтіп отырады.

Менің төрт қолым жоқ қой. Етекке оралған үш балам бар. Бірақ бұны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Үйдің бүкіл шаруасы менің мойнымда. Әркім өз қамын өзі жасаса, сәл де болса жәрдем болар еді деп күрсінетінмін. Екі қайынсіңлім киімдерін ваннаға шешіп тастап кетеді. Кір жуатын машинаға салып, оны қоса салудың түк қиындығы жоқ қой. «Шомылғаннан кейін еденді сүртуді қашан үйренеді екен?» деп тағы бұртиып жүрем. «Енем де өз киімдері мен қайын атамның киімдерін өзі үтіксе болар еді, одан басқа не істейді?» деп өз-өзіммен күбірлеп жүріп, түн ортасына дейін тынбаймын.

Күйеуімнен де қолдау жоқ. Ол демалыс күндері достарымен қыдырғанды құп көреді. Бұрын жас па едім, шаршауды білмейтінмін. Соңғы уақытта тек физикалық тұрғыда шаршап жүрген жоқпын, моральдық жағынан да қажыған сияқтымын. Қайынәпкелерімнің кейбір астарлап, әзілдеп айтқан сөзі де, қайынсіңлілерімнің күніне үш рет шомылғаны да жүйкеме тиетін болыпты. Ашуымды балаларыма шығарып, айқайлап, ұрып алам. «Сәл шыдасам, келін келеді. Қолым ұзарады» немесе «Бөлек шығамыз, сондықтан ешкімді өзгертуге тырыспай-ақ қояйыншы» дейтіндей, қайным да жоқ. Уақыт озған сайын үйдегі шаруам көбеймесе, азаймады.

Үйде құдайы тамақ өткізгенде, басқа да жиынға қонақ шақырғанда жалғыз өзім шапқылап жүрем. Қайынәпкелерім дастархан жасауға көмектескенімен, ыдыс жумайды. Ағайын-туысқанның келіндері кеш келіп, ерте кетіп қалады. Жалғыз келін болу қиын екен.

Анама айтсам, «Өз өмірің, шешімді өзің қабылда. Қандай шешім қабылдасаң да біздің сүйікті қызымыз боп қаласың» деп, бейтарап қалады. Құрбыларым «Жұмысқа шық. Біріншіден, бітпейтін тұрмыстық тірліктен бір ауық демаласың. Екіншіден, қадіріңді біледі. Үшіншіден, амал жоқ сен жоқта өз шайларын қойып, ішіп үйренеді» деп ақыл айтты.

Күйеуіме бір күні шағымымды айтып, «Мен не үшін төрт жыл оқыдым? Жұмыс істетпейтін болсаң, оқымаған қызға үйленбедің бе?» деп жылап қалдым. Ол рұқсат берді. Ертеңіне дастархан басында «Жаңа оқу жылынан бастап жұмысқа шығам» дедім. Қайын атам ғана құптады. Енем «Мектепте кешке дейін жүрмейсің ғой. Істеп көр» деді.

Басыма тағы бір бейнет қосып алғаным болмаса, ештеңе өзгермеді. Баяғыдай үй шаруасындағы міндеттердің барлығы дерлік менің мойнымда. Жуылмаған ыдыс үйіліп тұрады. Үй шашылып жатады. Кешкі ас уақытылы дайын болмаса ұрыс басталады. Осындайда робот емес екенімді, менің де демалыс пен қолдауға мұқтаж екенімді айқайлап айтқым келеді. Қолымды бір сілтеп кетіп те қалғым келеді. Бірақ ақылға салам, сабырға келем.

Негізі әу баста қайынсіңлілерімді жұмсап үйретпеген өзім кінәлі. Үлгере алмайтынымды айтып немесе іс жүзінде көрсетсем, енем біраз міндетті бөліп алар еді-ау. Іштей ренжіп, бұрқылдап жүре бергеннен түк өзгермейтінін түсіндім.

Жұмыстағы ата-енемен тұратын апайлардан ақыл-кеңес сұрадым. Бәрінің жауабын тыңдап, сараладым. Сөйтіп бір жексенбіде түскі асқа дәмді етіп ата-енемнің сүйікті тамағын дайындадым. Бәрі дастарханға жиналып, дәмнен ауыз тиген соң, соңын отбасылық жиналысқа айналдырдым. Айқайламадым, жыламадым, сабырлы күйде ашық сөйлестім. Мақсатым – әркім пайлаланған затын қайтадан орнына қою, қоқысты далаға ала кету, әркім өз киімін жуып, үтіктеу, т.б. міндеттерді бөліп беру еді. Атам да, енем де қолдады. Олар күйеуім мен қыздарына өз міндеттерін айтты.

Қанша жылдан бері өзім бекерге қиналып жүрген екенмін . Отбасылық жиналыстан соң мәселем шешілді. Түсіністік орнату үшін ашық сөйлесу керек екен ғой. Мен сияқты қиналып жүрген келіндер мәселені ашық сөйлесу арқылы шеше алатынын айтқым келеді."