«Аязды күні терезенің алдына тұрғызып қоятын»: екі баланың анасы күйеуінен көрген қорлығын айтып берді

0
965

«Күйеуімнің аяғын жуып, тырнағын алып беруші едім»


«Аязды күні терезенің алдына тұрғызып қоятын»: екі баланың анасы күйеуінен көрген қорлығын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


ERNUR.KZ редакциясының әлеуметтік желідегі парақшасына Аяулым (аты өзгертілді) есімді келіншектен хат келді. Бүгінде өзі тұратын қаладағы «Аналар үйін» паналап жүрген оқырманымыз жеті жасар баласын жеті ай бойы көре алмай, қиналғанын айтыпты.


«Мен өз басымнан өткен оқиғаны сіздерге айтып, жеңілдеп алғым келеді, жаза алатын болсаңыздар, менің нөмірім ...» деп аяқтаған екен. ERNUR.KZ тілшісі телефон соғып, Аяулыммен әңгімелесті.


«Ата-анадан жалғызбын. Бірақ әкемнің екінші әйелінен туған бауырларым бар. Десе де бір анадан тумаған соң бәрібір басқаша болады екен. Әкем мен шешем ертеректе ажырасып кеткен. Мен анаммен нағашыларымның ауылына кеттім. Бірақ көп ұзамай мамам ауырып, қайтыс болды да, мені әкем өз қолына алды. Бұл уақытта ол кісі үйленіп, бір балалы боп қойған. Өгей шешем аса жақтырмаса да әкемнің шешіміне қарсы келмей, мені үйіне сыйғызды. Аналық махаббатқа бөлемесе де түртпегін көрген жоқпын. Сол үшін өгей шешеме ренжімеймін, рахмет айтам.


Тоғызыншы сыныпты бітірген соң колледжге оқуға түстім. Бастауыш сынып мұғалімі болғым келді. Арманым көп еді. Бірақ тағдырым мен күтпеген жақққа қарай өзгеріп кетті. Бірге пәтер жалдап тұратын қыздардың бірімен айырылмастай дос болдық. Менің анамнан ерте айырылғанымды жақсы білетін.


Екеуміз әңгімелесіп, сырласқанда «Мамамның рухына құран бағыштап үйренгім келеді» деп айтып отыратынмын. Бір күні ол «Саған дінді үйрететін бір әйелмен таныстырайын ба, тегін үйретеді» деп сұрады. Қуанып кеттім, сөйтіп өзінің алыс туысы боп келетін бір әйелмен жолықтырды.


Сол әпке алты айдан соң менің абысыным боп шықты. Мені жақын тартып, туған күніме сыйлық сыйлап, анамды аңсап, сағынып жүргенде ерекше мейір танытты. Дінге деген қызығушылығымды оятты. Сөйтіп жүріп мені қайнысымен таныстырды. «Жақсы жігіт, ішпейді, шекпейді» деп мақтауын асырды. Не керек, мен 18 жасқа толған күні әлгі жігіттің әйелі болдым. Мені алып қашып кетті.


Үйленгенімізге небәрі бір-ақ ай өткенде күйеуім «Саған үйленгеніме өкінем» деп қол көтеретінді шығарды. Ішіп алады дейін десем, сап-сау, бес уақыт намазын оқиды. Бірақ мені көрсе жын көргендей ызаланып, жүрген-тұрғаныма тиісе беретін. Бір-екі мәрте «кетемін» деп киім-кешегімді жинағанымда жаңағы абысыным басу айтып, тоқтатты. «Әлі-ақ үй боп кетесіңдер, басында бәрімізде осылай болған. Үйренісіп кету үшін уақыт керек» деп жұбатты.


Үш айдан кейін аяғымның ауырлағанын білдім. Сол кезде әлгі абысыным «Міне, көрдің бе, енді қайным сені алақанына салып аялайды» деп сендірді. Өзім де балалы болса басылар деген үмітпен бәріне шыдадым. Бірақ, қателескен екенмін. Ол бұрынғысына қоспаса, азайтқан жоқ. Түн жарымында үйге келеді. Күте-күте шаршап, төсекке енді жатқан кезім ғой, «мені күтпей неғып жатсың, үйге кіріп келгенде неше ыстық шайың мен тамағың дайын тұрмайды» деп ұрып-соғып, «Сен бүгін жазаланасың» деп аязды күні бөлменің терезесін ашып, бұрышқа тұрғызып қоятын. «Миыңа таза ауа барсын, сол кезде ақылың кіреді» деп кекетіп, мазақтап қасымда қарап тұратын. Сөйтіп жүріп көкірегім суықтап, баламды омыраудан ерте шығардым.


Менің өмірімді ешкімнің басына бермесін. Балалы болғасын кету де қиын екен. «Енді мені өгей шешем баламмен барсам сыйғызбайды ғой» деп ойлап, таяғына да, бәріне көндім. Екіншісіне аяғым ауырлады. Кішкентай балам бар, аяғым ауыр, күндіз-түні токсикоз боп өліп-тіріліп жүргенде күйеуімнің тепкісі жаныма қатты батып, ол жоқта ешкімге айтпай, киім-кешегімді жинап кетіп қалдым. Қалаға келгендегі жалғыз сүйенішім студенттік кездегі әлгі құрбым ғой. Соның үйін паналадым. Екі күннен соң ол мені «Аналар үйіне» апарып, орналастырды. Екіншімді сол жерде босандым.


Күйеуімнен ажырасып, құрбымның үйіне келгенде ол жайды біраз шындықтың беті ашылды. Күйеуім бұрын үйленген екен, заңды түрде ажыраспай жатып мені алған. Кеткен әйелінде бір баласы бар боп шықты. Әлгі әйел абысыныммен сөзге келіп қалған-ау, «қайныма әлі 18 жасар қыз әперем» деп уәде еткен екен. Сонда мен оның ойыншығы болғам ғой. Естігенде қатты қапаландым.


Мен қалаға кетіп қалған соң күйеуім бірінші әйелі мен баласын қайтарып әкеліпті. Алайда неге екені белгісіз, үш айдан соң мені іздеп келіп, «Қадіріңді кеш білдім, кешір. Ол әйелмен енді жараспайды екенмін. Үйге жүр, балаларды бірге өсірейік, ұрмаймын, соқпаймын» деп жалынды. Мен оның сөзіне сеніп, қайтадан ауылға бардым.


Бірақ оның өзгердім дегені бекер екен. Баламның бір жасқа дейін төленетін жәрдемақысы мен жөргекпұлымды «үйді ремонттаймыз» деп алып қойды да, баяғы әуеніне қайта басты. Бұрынғы сөздеріне енді «қашқынсың, қай байыңа кеттің» дегені қосылды. Сол риза болсын деп қай уақытта келсе де шайымды қайнатып, тамағымды ысытып отырушы едім. Тіпті «жаурап келдіңіз ғой» деп аяғын ыстын суға салып, тырнағын алып беретінмін. Мұны абысыным үйретті. «Әйел үшін күйеуінің разылығы бірінші орында болу керек, мыналарды істе» деп үйрететін.


Кезекті бір төбелесте мені әлгі абысыным күйеуіме қосылып ұрды. Сөйтіп мен кішкентай бөпеммен әрең қашып шықтым. Баламды маған бермей қойды. Қолымнан ештеңе келмеді. Басым салбырап «Аналар үйіне» келіп жайғастым. Бірақ жеті айға дейін баламнан хабар ала алмай, звондасам күйеуім сөйлестірмей, әбден әуреледі.


Осындағы заңгерлерге рахмет, құжаттарымды туралап, мені күйеуіммен заңды түрде ажырастырып, баланы қайтарып алу туралы сотқа арыз тастады. Сөйтіп соттың шешімі шығып, баламды өз қолыма алдым. Енді бұл жерден кетуіме аз қалды. Бұйыртса осындағы бір-екі қызбен пәтер жалдап, бөлек шығамыз. Екеуін бақшаға беріп, жұмысқа орналасам деп жоспарлап отырмын.


Жас болсам да, өмірлік тәжірибемнен түйгенім, ерте күйеуге шығуға асықпау керек. Бетіңе күле қарап, жылы сөйлегеннің бәрі саған жанашыр емес. Дінді жамылып, менің тағдырымды тас-талқан еткен адамдарды Құдайға салдым. Бірақ енді әр қадамымды аңдап басатын болдым».