"Ажырасып кете салам деп ойлағам": тұрмысқа кеш шыққан келіншек бақытты болу әркімнің өз қолында екенін айтады

0
476

"Ең болмаса, баламды некемен туайын" дегем...


Сурет: i.pinimg.com

"Даналардың бірі «Әйелді ешкім тәрбиелей алмайды. Әйел түбінде өз дегенін істеп, өзінің қателіктері мен тәжірибелерінен тәрбие алады» деген екен. Рас, мен бұған дейін ешкімді тыңдамаған едім, сөйтіп өз өмірімді өзім бүлдіре жаздадым. Бес жыл өзімді ғана емес, күйеуімді де қинадым" дейді ERNUR.KZ тілшісіне өз қатесі туралы әңгімелеген келіншек.


"Мен өзімнің еркімсіз тұрмысқа шықтым. Жасым 34-тен асқанда айналамдағы адамдардың сөзі күйзеліске түсірді. Сондай сәтте күйеуіммен таныстым. Ұнамады, бірақ ол қоңырау шалып, күнде хал-жағдайымды сұрауды тоқтатпады. Бір күні құрбым “Тұрмысқа шығып көрсей, болмаса кейін ажырасып кете саласың. Мүлде тұрмысқа шықпаған қызбен салыстырғанда ажырасқан келіншектер екінші, үшінші рет отбасы құрып жатыр ғой. Оның үстіне “Қашан тұрмысқа шығасың?” деген сөзден де құтыласың” деді. Өзім де биыл тұрмысқа шықпасам, өзім үшін бір бала туып алам деп ойлап жүргенмін. Ақыры бала туады екенмін, некемен туайын деп ойладым.

Осындай ниетпен сезімсіз тұрмысқа шыққан едім. Балалы болған соң өміріме сән кірер деп ойлап едім. Жоқ, бала да менің көңіл күйімді өзгерте алмады. Сыртқа білдірмеуге тырысамын, анама “Бәрі жақсы” деймін. Бірақ іштей өзімді жазғырам, риясыз күле алмаймын.

Бұрын қандай едім? Болмашыға қуанып, балбұл жанып, жұмысыма асығып, демалыс күндері де ерте тұрып, серуендеп үйде отырмайтынмын. Ал тұрмысқа шыққалы үйден шыққым келмейді, ешкіммен сөйлескім де келмейді. Күнде “Неге өміріңе немқұрайлы қарадың? Сүймеген адаммен өмір бойы енді бірге тұрасың ба?” деп өз-өзіме ұрсамын.

Ажырасайын десем, күйеуімнің өмірін ойлаймын. Оның түк жазығы жоқ. Қолынан келгенше жұмысын істеп, көңіліме қарап, жағдайымды жасап жүр. Бірақ мені бір көңілсіздік жайлап алған, қабағымды түйем де жүрем. Тіпті құдайдан тез-тез менің жанымды алшы деп те сұраған күндерім болды.

Ал айналамдағы адамдарға бақытсыздығымды білдірмей, олармен кездесе қалсам күлімсіреуге тырысам. Бір күні “Мен кімді алдап жүрмін? Күліп жүрсем де, мұңайсам да өмірім өтіп жатыр. Менің бақытсыздығым да, бақытым да ешкімге қызық емес. Күйеуі жоқ та, баласы жоқ та, ауру да бәрі бақытты болуға ұмтылып жүрген жоқ па? Неге мен өлімге асығып жатырмын? Неге қолымдағы бармен бақыт жасап алмасқа?

Осындай сұрақтар, ойлар санамнан кетпей қойды. Өткенді өзгерте алмайтынымды, бірақ алдағы өмірімді өзгертуге болатынын ұққан күні айнаға қарап “Мен бақытты болам” деп уәде бердім. Өйткені ешкімді ешкім келіп бақытты етпейтінін, әркім өзін бақытты ететінін түсіндім. Шүкір күйеуім арақ пен темекіден аулақ, абъюзер емес. Баламның дені сау. Тек өзімді, өзімнің ішкі халімді өзгерту керек боп тұр ғой.

Ең бірінші шүкірлік айта бастадым. Бақытты өмір кешу өз халіңе шүкір қылумен келеді екен. Үйді таза ұстауға кірістім. Үй тірлігі әйелдің қуатын арттырады дейді әпкем. Ескі киім мен бұйымдарды тастадым. Жаңа зат, жаңа киім көңіл күйге ісер етеді. Түрлі дәмді ас дайындайтын болдым, бұл да үйге береке кіргізеді екен. Күйеуіммен болмашыға керісуді доғардым. Оның тек жақсы жақтарын көруге тырысып жүрмін.

Ата-аналарымыз “Бақыттың шыңы үйдегі бірлік пен махаббатта, жылы сөздер мен қолдау көрсетуде. Әр адам үшін ең басты байлық — бұл отбасы мен үйіндегі бақыт” деп бекерге айтпаған екен".