"Байдың қызын алмағанына ренжіп, он жыл бойы қорлап келген" - шымкенттік келіннің шері

0
832

"Жұмысқа тұрамын» десем, рұқсат бермейді. «Кім тамақ істеп, үйді кім жинайды?» деп шыр-пыры шығады..."


Сурет: st-1.akipress.org

"Күйеуге шыққаныма он жыл болды, үш перзент сүйдім. Оған Аллаға сансыз шүкір етемін. Бірақ, менің келіндік өмірім оңай болмады. Жас келіннің бөтен босағаға үйренісуі, бейімделу сәті бар, ол да оңай шаруа емес. Барған күннен бастап-ақ енем күн бермей келді. Мені үнемі жерге тығып, жұмысқа да жібермей, тек үй тірлігіне сала берді. Өзім жас келінмін, «істей алмаймын» деп айтуға да қорқамын" осылай деген шымкенттік келіншек ERNUR.KZ тілшісіне шер тарқатты.


"Анам әрине үй тірлігінің барлығын үйретті. Сонда да жаспын ғой, білгенімнен білмегенім көп. Оның барлығы да тәжірибемен келетін нәрсе емес пе? Осыны «көпті көрген» енем түсінгісі келмеді. Бірдеңені дұрыс жасай алмасам, іске алғысыз етіп тастайтын. Өзімді шынында да қолынан түк келмейтін біреу сезінуші едім енемнің айтуынша. Сонда да мен "салақ, үйдегі арамтамақ" болдым. Ақша таппаймын, соған айтқаны ғой "арамтамақсың" деп. Әйтпесе, жұмысқа шығайын дегенімде өзі жібермейді «Үйдің тірлігін кім істейді?» деп. Ал үйдің тірлігін істегенімді көрмейді. Сонда енеме қалай жағарымды білмей дал болдым.

Күйеуім отбасындағы жалғыз ұл, оның үстіне әкесіз өскен соң анасына тым жақын. Енем ұлын менен қызғанғаннан осылай тұқырта ма, білмедім. Сенген күйеуім, тек соның етегінен ұстап, еріп келген қорғаным да үйленіп алған соң өзгерді. Барлығын тек енеммен ақылдасады. Дұрыс қой, анасымен ақылдасқанда тұрған ештеңе жоқ, бірақ мен ше?Менің пікірім қажет емес, қалауым да ескерілмейтін. Үйдегі әшейін жүрген біреумін. Осы нәрсе шамыма тиетін, ашуланып қалатынмын. Күйеуіме бұл жайлы да ескертіп айтқан болатынмын. Бірақ ол ренішімді де, шағымымды да елеусіз қалдырды. Сосын қалай ашуланбауға болады, айтыңыздаршы?!

Жалғыз енем емес, қайынсіңлім де бар. Ол да мен келін болып түскен жылы күйеуімен жараспай, ажырасып, қайтып келді. Енді сол қайынсіңлім қосылған соң, тіпті қиын болды. Күйеуден келген қайынсіңлім, енем екеуі күйеуімнің жалақысы мен балаларға түсетін ақшамды, барлығын өздері ұстайды. Ал күйеуім екеуміз керек затымызға ақшаны амалсыздан енемнен сұрайтынбыз. Өз ақшамызды өзіміз ұстай алмай қор болып жүрдік.

Мен де қысылған кезде қатты ашуланып "Ақыры күйеуім ақшасына ие бола алмай жүр, өзім жұмыс істеп, өзімнің ақшамды өзім табайын" деп ойладым. Сөйтіп, енеме «жұмысқа кірем» десем үйде ұрыс, «Кім тамақ істеп, үй жинайды?» деп шыр-пыры шығады. Ондай кезде бұрынғыдай "салақ, ештеңе істей алмайсың" деген сөздерін ұмытып кетеді.

Үйдің жұмысына да үлгерем, жұмысқа да шығып – бәріне үлгерем десем де, әйтеуір мені жұмысқа жібермеудің амалын жасады. Өйткені, тұрмыстан қайтып келген қайынсіңлімнің де екі баласы бар болатын. Сол балалардың күтімі де менің мойнымда.

Сол үшін тегін малайдан айырылғысы келмеді деп ойлаймын. Бір жағынан, оларға да тәуелді болып жақсы. Өз бетіммен ақша тауып, аяққа тұрып, өзіме сенімді болғанымды қаламады. Егер мен өз өзіме сенімді болсам, бұл үйде тұрып, оларға тәуелді болмайтынымды іштері сезіп тұрды ғой.

Енемнің де тілі ащы, басынан сөз асырмайтын адам. Тіпті ұяты жоқ десем де болады. Бәрімен қырылып, ұрысып, беті ашылып кеткен адам. Сондай адаммен кімнің араласқысы келеді, барлығы да іргесін аулақ салып, тонын теріс киіп алған. Бауырлары, құдалары, көршілері ешқайсысымен араласпайды. Өзі араласпағанымен қоймай, мені де көшеге шығармайды. Солармен өсек айтып қоясың деп ашығын айтады.

Осының барлығы менің көңіліме жақпаса да, үлкен кісі, енем, күйеуімнің анасы ғой, деп айтқан сөздерін екі етпей орындап жүрдім. Бірақ, менің де шыдамымның жеткен жері болды. Жеке басыма не десе де көтеріп, көніп жүрген мен анам мен сіңлім жайлы жаман сөздерді айтқан кезінде шыдамым таусылды.

Білмеймін сол сөздерді не мақсатпен айтқанын, сөзден сөз туындап айтты ма екен, әйтеуір анамды «есалаң қатын» деп, тұрмысқа шықпаған сіңлімді ауыр да болса енемнің өз сөзімен «құрттаған жезөкше» дегенде мен бомбадай жарылдым. Мұндай кезде ешқандай келін шыдап тұра алмас еді деп ойлаймын.

Мен оған өзі айтқандай ауыр сөздер айтпадым, бірақ анам мен сіңлімді қорғаймын деп жылап қалдым. Өзім негізі ұрыстан қашатын адаммын, сол жолы ішке жинап жүрген өкпе-ренішімнің бәрі шықты.

"Осы он жыл бойы сізге жақпадым, бірақ бетіңізге бір рет те қарсы келмедім. Олардың жазығы не? Неге оларға тіл тигізесіз? Мені басынып жатқаныңыз жетпей ме? Сізге шыдап келін болып жүргеніме алғыс айтып, өз қателігіңізді түсінетін жасқа жетті ғой десем, арманыңыз не көкейіңізді тесіп бара жатқан?» деп іштегі бар запыранымды төгіп алдым.

Сол сәтте енемнің айтқаны - «Сені балама әпергеніме өкінемін. Бай жермен құда болуым керек еді, бай жердің қызын алуым керек еді» деген сөздер. Одан да басқа тағы да көптеген сөздер айтты. Тоқетері, баласына байдың қызын алмағаны үшін ренжіп, мені солай он жыл бойы қорлап келген екен ғой. Сонда туған немерелерін де ойламағаны ма? Бір емес, үш бірдей жәутеңкөздерді жәудіретіп, қалай көзі қиып отырады екен?

Ал отбасындағы осы үлкен ұрыс-керісті күйеуіме айтып жатсам, ол да мұндай шудан үнемі басын алып қашады. «Ой қойшы, үндемей-ақ қоя салшы» деп үйден қашып кетеді ондай кездерде.

Менің де шыдамым біткен соң, күйеуімнен де қолдау көре алмаған соң үш баламды алдым да ертеңіне киім-кешегімді жинап, басқа қалаға, әпкемнің үйіне кетіп қалдым. Тікелей төркініме баруға да қорықтым.

Әпкем менің жанымды түсінеді ғой деп оған осы уақытқа дейін көрген қорлығымды жайып салдым. Жылап-жылап, ішімдегі қатып қалған шерді сыртқа шығарып, біраз жеңілдеп қалғандай болдым.

Әпкем мен жездем көп көмектесті. Жұмысқа тұрғызды, кейін балаларымды алып, бөлек пәтерге жайғастым. Пәтерақымды да алғашқы айтын әпкем мен жездем төлеп берді, ары қарай өз өмірімді өзім сүрейін деп тырмысып жатырмын. Әлбетте оңай емес, бірақ, өмірім бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Балаларыма да қалаған тәттілерін алып беруге, қыдыртуға шамам жетіп жатыр. Осының өзі маған үлкен бақыт.

Жанның қалауын орындап, миыңның тыныштығын сезінудің өзі үлкен бақыт екендігін түсініп жатырмын. Тек қана балалар әкелерінің жанында емес дегенім болмаса, олардың да көңіл-күйлері дұрысталып келеді.

Мен кеткенде артымнан іздемеген адам енді жағдайымның дұрысталып келе жатқанын естіген шығар, артымнан келіп, «үйге қайт, балаларды жетімсіретпейік» деп көлгірсіп жүр. Ал мен ол жаққа қайтадан барып, баяғы өмірімді сүргім келмейді. Күйеуіме де осыны айттым. Мені ренжіткен алдымен енем, сол кісі келіп кешірім сұрамай ма деп едім, енді араға ағайын-туыстарымды салып, қайтарып алудың әрекетін жасап жатыр. Менің әке-шешем де бұған ашулы. Он жыл бойы қадіріңді білмеген, төркініңе жібермеген адам енді сенің қадіріңді ұқпайды деп отыр. Ал мен күйеуімді қимайтын сияқтымын. Қанша дегенмен, үш перзентімнің әкесі ғой. Ойлана келе «бөлек тұрайық» деген ұсыныс айтып көрдім күйеуіме. Енем жалғыз емес, қасында қызы бар, басқа да немерелері бар ғой деп күйеуіме бөлек тұрайық деген едім. Оған ұнамады. «Мен жалғыз ұлмын ғой, елге қарабет болмаймын ба шешесін тастап, қатынның артынан кетіпті деп айтпай ма?» деп қорқып отыр. Мұндай кезде шешім қабылдау да айқын болып қалған секілді.

Ата-анам, әпкем енді маған жанашыр ғой, жақындарым, ал жездем мен үшін уайымдап, алаңдап жүр. Тілімді алсаң, ол үйге қайтадан барма. Тіпті сені қорғай алмаған, басын алып қашқан жігітті қайтесің? Одан да балаларыңның бақытын ойлап, осылай өмір сүргенің жақсы емес пе?» деп отыр.

Шынында да мен үшін, менің және балаларымның өмірі үшін алаңдайтын адамдарымның ақылына құлақ асқаным жөн секілді. Содан қайта-қайта қоңырау шалып, кешірім сұрап, үйге кел деп өтініп жүрген күйеуімнен де хабар сап тыйылды. Бармаймын, бөлек тұрамыз десең келісемін дегеніме ол да ашуланған секілді. Дегенмен, барлық шешімді енем қабылдап, ұлына соны істетіп отырған секілді болып көрінеді. Әйтпесе, шынында да отбасын ойлаған, бала-шағасын, ұрпағын ойлаған адам кез келген құрбандыққа бара алады. Ал күйеуім ондай құрбандықты жасай алмай, анасынан кіндігін үзіп кете алмай отыр.

Бір жағынан, ер-азамат ретінде өз өмірі үшін шешім қабылдай алмай отырғанына күйеуіме ызам келсе, екінші жағынан, ұлының отбасын ойрандап қана қоймай, немерелерінің, яғни өз ұрпағының әр жақта шашырап өмір сүруіне жол ашып отыр ғой. Сонша жасқа келсе де ақыл кірмеген соң, сондай адамдар үшін тағы да денсаулығымды, жастығымды сарп етіп, одан сайын қиналып өмір сүргім келмейді. Сондықтан мен ата-анам мен әпкем-жездемнің айтқан ақылдарын көкейіме түйіп алдым да, ішкі түйсігіме сүйеніп ажырасамын деген шешімге келдім.

Әйел адамның ажырасқаны өзіне ғана емес, бәлкім балаларына да ауыр тиетін шығар, бірақ мен шынымды айтсам, аса қатты қинала қоймадым. Өйткені, күйеуімнің әрекеттері, отбасына деген неқұрайлы көзқарасы сезімімді суытып жібергендей еді. Сондықтан, қазіргі кезде тек қана балаларым үшін өмір сүріп, солардың болашақтары үшін тырысып келемін.