​«Балаларына, ата-анасына қоштасу хатын жазған»: Алматы облысында бес баланың анасы өз-өзіне қол жұмсады

0
4 009

«Беті-аузының сау жері жоқ, аяқтары көгеріп, ісіп кеткен. Ал күйеу бала «бір шапалақ» жеді» деп отыр»


​«Балаларына, ата-анасына қоштасу хатын жазған»: Алматы облысында бес баланың анасы өз-өзіне қол жұмсады
суреттер Бағдагүл ханымның рұқсатымен салынды


Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында тұратын Гүл есімді әйел өз-өзіне қол салмақ болды. Қазір ол Іле ауданына қарасты ауруханада емделуде. Гүлдің нағашы әпкесі Бағдагүл ханым «сіңлімді бұл жағдайы күйеуі итермеледі, бес балалы болса да басынан таяқ арылған емес» дейді. Ол сіңлісінің осындай халде жатқанын алғаш болып «Немолчи.kz» қоғамдық ұйымына хабарлаған.


Күні кеше Бағдагүл ханым ERNUR.KZ тілшісіне болған оқиғаны асықпай баяндап берді.


«Гүл – әпкемнің қызы. Бірақ оны біздің мамам кішкентайынан бауырына басты да, менің туған сіңлімдей боп кетті. Осы уаққа дейін мен оның отбасына, жеке шаруасына араласқан емеспін. Өзі өте жуас, ақкөңіл, адал қыз болатын. Жоғары білім алып үлгермей жатып тұрмысқа шығып кетті. Күйеуі – Берік, бұрын үйленіп, ажырасқан боп шықты. Екі қызы бар екен. «Маңдайына жазылғаны осы шығар» деп көндік.


Отасқан жылдар ішінде сіңлім бес бала тапты. Үлкені онкологиялық аурумен ауырды да, сіңлім өзін ұмытып, бар уақытын қызының еміне, балаларының тәрбиесіне жұмсады. Туыстары боп арасында қаржылай көмектесіп, қол ұшын созып тұрдық. О бастан күйеу бала сіңлімді қадірлеген жоқ. Қит етсе қызғанып, тиісе беретін. Сонда да өз күшімен оқуға түсіп, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі деген диплом алды. Бұрын мектепте еден жуатын, кейін бір балабақшаға жұмысқа орналасып алды.


Ал мына оқиға 2 қаңтар күні болды. Мен оны өз көзіммен көрген жоқпын. Жиендерімнен естігенімді жеткізейін.

Бір күн бұрын күйеу бала мен сіңлім бірдеңеге келіспей, ұрысып қалыпты. Балалар олардың мұндай қылықтарына әбден үйреніп қалған ғой, еш уайымдамай ұйықтап қалған. Ал әкелері түнгі ауысымға, жұмысына кетіпті. Ертеңіне, таң атпай үлкен қызы қаладағы жұмысына шығып кеткен. Сол аралықта күйеу бала жұмысынан келеді. Бұл уақытта екінші қызы қалаға, туыстарының үйіне шыққалы тұр екен, «папа, мені жеткізіп тастаңызшы» деп, екеуі үйден шығып кеткен.


Сағат екілер шамасында он беске келген үшінші қыз ұйқысынан тұрады. Тұрса шешесі жоқ, үстел үстінде телефоны тұр. Бірдеңеден секемденген болуы керек, әкесіне телефон соғып «мамам қайда» деп сұрапты. Онысы «іздеп тауып алшы, ертерек тап, сыртта шығар, сосын сыртта тұрған пешке отын салып қой» деп тапсырыпты. Үшінші қыз отын салайын деп үйдің жанындағы «топкаға» барса, есік ішінен ілінген екен. «Мама, сіз осындасыз ба, ашыңызшы» деп біраз тұрыпты. Болмағасын үстел әкеп тередезен қараған. Сөйтсе шешесінің сау тамтығы қалмаған, қағазға бірдеңе жазып отырыпты. Айқайлап, жылап жүріп есікті ашқызған. «Мама, мынау түрің не, не істегелі жатсың, жүрші үйге» деп қызы біраз жылапты, жалыныпты. «Қызым, кішкентай оянып кетсе қорқып қалады, сен үйге кіріп, сіңліңе қарай бер, мен қазір үсті-басымды реттеп, соңыңнан барамын» деп қайтарып жіберіпті.



Осы оқиғаға бірден-бір куәгер болған Гүлдің үшінші қызы «Үйге жылап кіріп ем, кішкентай сіңлім ұйқысынан тұрып қалыпты, мамам қайда деп сұрай бастады. Мен дереу көз жасымды сүртіп, сіңлімді жастыққа жатқызып, ұйықтатуға тырыстым. Осы уақта үйірмеге кеткен інім келді. «Мамам «топкада» еді, барып, тауып алшы» деп оны жұмсап жібердім. Бірақ інім ол жақтан шешемді таппапты. Осы аралықта папам да үйге келе қалды. Келді де, «балам, жүр, пешке от салып келейік» деп інімді сыртқа ертіп кетті. Әшейінде отынды өзі салатын, бұл неге баланы өзімен ертіп кетті деп артынан шыққаным сол еді, «мамам асылып қалыпты» деп інім еңіреп, жүгіріп келе жатыр. Папам шешемді сарайдан сүйреп әкеліп, жерге жатқызып, аузынан жасанды дем бере бастады» деп айтып берді.


Жиырма минуттай ес-түссіз, аузынан көбік ағып жатқан әйеліне дем беріп, жүрегіне массаж жасай берген. Балалары шырылдап «жедел жәрдем шақырайық» деп, ақырында өздері шақырыпты.


Біреу асылып қалмақ түгілі, денесі көгерген адамға дәрігерлер дереу полиция шақыртуы тиіс. Ал мұнда бәрі керісінше болған. Бәрін күйеу бала шешіп тастаған. Жан-жаққа хабарламаған. Бұрын өзі полиция саласында істеген соң бәрін ың-шыңсыз тындырып тастайтынына сенімді болған шығар.


Маған үлкен қызы хабарлап, ауруханаға келсем, сіңлім комада жатыр екен. Ішке кіргізбеді. Күйеу балам екеуміз сөзге келіп, ұстасып қалдық. «Неге полицияға хабарламағансыздар» деп аурухана қызметкерлеріне сөйледім. Болмағасын «9102» нөмірін теріп, Іле аудандық полиция бөлімшесіне соқтым. Ауруханаға бір қызметкерлеріңізді жіберіңіздер дегем ғой, сөйтсем осы маңда пышақталған бір адамнан жауап алуға бір қызметкер келіп қалған екен, «сіздің арызыңызды мен қабылдай саламын, тапсырма солай берілді» деді. Кейін оны ертіп алып бөлімшеге өзіміз бардық. Ондағылар «бұл жағдай Талғар ауданының аумағында орын алған, ертең сол жаққа барып, бөлімгеше телефон соғыңыздар, біз арызды оларға жолдаймыз, ары қарай істі солар жүргізеді» деп шығарып салды.


Түнделетіп Талғарға барып, сол ауданның полициясына телефон соқтым. Сөйтсем олар менің жанайқайыма құлақ түрмек түгілі, ақырында тұтқаны көтермей қойды. Менің бар мақсатым үйде үрпиісіп қалған балаларды өзіммен бірге әкету еді. Әкелерінің жанында қалдыруға қорықтым. Ал полицейлер «бұл тұрмыстық ұрыс-керіс қой, балалар әкелерімен бірге, қазір мерекелік демалыс, біз ештеңе істей алмаймыз» деп қоя салды. Оқиға болған жерге келіп, сараптама жасап, анықтау жүргізбеді. Балалардан, көршілерден, күйеуінен жауап алмады.


Болмағасын отырып алып жан-жаққа сіңлімнің жағдайын айтып хат жаза бастадым. Тіпті Тоқаевтің парақшасына да жолдадым. Ақырында «Немолчи.kz» бірлестігінің басшысы Дина Таңсәрі жауап қатып, қазір сол кісілермен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Жағдай ушығып, оқиға қоғамның қызу талқысына түскен соң ғана полиция қимылдай бастады.

Бірақ күйеу бала сол күйі бостандықта жүр. Бес баланы өз үйіме әкеліп алдым. Ал сіңлім әлі ауруханада. Күйеуі шығарып алам деп қайта-қайта барып жүр екен, дәрігерлер рұқсат бермепті. Сіңліммен әлі бұл жағдай туралы ашық әңгіме болмады, себебі ол әлі тым әлсіз. Күйеу бала «мен оған тиіскен жоқпын, бір мәрте шапалақпен ұрдым, болды» деп қояды, бірақ сіңлімнің сау тамтығы қалмаған. Беті, аяғы көгеріп, гүп болып ісіп кеткен. Аяусыз тепкені көгеріп кеткен денесінен көрініп тұр.

«Бұл алтыншысына екіқабат еді, бала менен емес деп ұрып-соғып түсіріп тастағам. Сіңлің жүргіш» деп маған жамандап тұр. Гүлімнің алтыншы балаға жүкті болғанын, күйеуінің соққысынан тастап қойғанын естімеппіз де ғой. Байғұс қыз бәрін ішіне жұтып, күйеуінің езгісіне үнсіз шыдап жүре берген.


Қазір құдалар жақтан неше түрлі намысқа тиетін сөздер жазылып, сіңлімді де, мені де қорқытып жатыр. «Немолчи.kz» ұйымы әлеуметтік желіге менің шотымды жазып, халықтан емге, құқықтық көмекке қаражат салуды сұранған. «Сен сіңліңнің жағдайын пайдаланып, ақша жасап алғалы отырсың» деп тиісіп жатыр. Шотқа түскен әр тиынның есебі бар. Біраз бөлігіне балаларға бірсыпыра киім-кешегін, жейтін азық-түлігін әпердім. Бес баланы бағу да оңай емес. Енді оларды уақытша мектеп-интернатқа орналастыру қамымен жүгіріп жүрмін. Қалған ақшаға ең мықты деген заңгерді жалдап, күйеу бала тиісті жазасын алғанша тоқтамаймын.


Осы ретте Ішкі істер министрінен Іле және Талғар аудандық полиция бөлімше қызметкерлерінің үстінен тексеріс жүргізуін өтінемін. Мерекелік демалыс болса да адам өз-өзіне қол жұмсап, ауыр халде ауруханаға түскенде неге әрекет етпей отырды? Аудандық аурухана қызметкерлері неге дер кезінде полицяға хабарламады? Бұл істе күмәнді нәрсе көп. Тексерілуін, әділ шешім шығуын талап етемін».


P.S: Гүлдің басына түскен жағдайды біз алдағы уақытта қадағалап, оқырмандарды құлағдар етіп отырамыз.

Құрметті оқырман, егер сіздердің бастарыңызға осындай іс түссе, көпшіліктен кеңес, көмек қажет болса, сырыңызды айтып, шер тарқатқыңыз келсе, онда редакцияның 8-771-669-36-69 телефонына хабарлассаңыздар болады. Біз сіздерді тыңдауға дайынбыз.

Бөлісу