"Баламыздың тамағына телміріп отырады"

0
252


Сурет: i.pinimg.com

"Соңғы уақыттары жұртшылықтың жұмыла отырып бір отбасыға жақсылық жасауы сиреп қалды. Оған қайырымдылық қорларына, сол қорды ашушы танымал тұлғаларға деген сенімнің сетінеуі себеп.

Әрине, көптің арасында өз пайдасын ғана күйттейтіндер де табылатыны рас. Алайда, мұндай бірлі-жарымдардың "бір қарын майды" шіріткені өкінішті. Сондайлардың кесірінен жақсының шарапатына, бардың малына, жоқтың жылуына мұқтаж жандар жәрдемсіз қалып отыр."

Бұл сөздердің иесі - ERNUR.KZ порталының тұрақты оқырманы Мөржан ата. Қарияның осы тақырыпты қозғауына себеп болған мына жағдай екен.


"Немеремнің сыныбында жиырмадан аса оқушы бар. Әр баланың тұрмыстық жағдайы әрқалай. Сыныпта Руслан деген баланың отбасылық жағдайы қиындау. Бұрын тұрмыстары түзулеу еді, кейін әкесі өзге бір әйел үшін отбасынан теріс айналып кетеді де, қиналып қалды. Анасы алимент сұрап арызданғанымен, күйеуі айлаға басып өте аз төлейді екен.

Бір күні мектептен немеремді алып келе жатып, оның қарнының қатты ашқанын байқадым.

– Түсте тамақ бермеді ме?

– Берді. Бірақ ішпедім.

– Неге?

– Ата... Русланның мамасы тамаққа ақша бермейді ғой. Ол балалардан қалғанын ішетін. Бүгін Русланға ештеңе қалмады. Сол үшін мен өз тамағымды бердім, - деді немерем.

Көзіме жас тығылды. Оның осындай жанашыр, жүрегі мейірімге толы болып өскеніне шүкір еттім.

Көп ұзамай ата-аналар жиналысы өтті. Басы дау-дамаймен басталды. Бір оқушының анасы: "Руслан біздің балалардың тамағына телміріп отырады екен. Ақшасы болмаса, асханаға кіргізбеу керек қой!" - деп ашуланды.

Сол сәтте бір қыздың анасы орнынан тұрып: "Құрметті ата-аналар, сабыр сақтайық. Не айтып отырғанымызды түсінеміз бе? Қайырымдылық пен жанашырлықты өзіміз үйретпесек, олар қайдан үйренеді? Бір баланың тамағына көмек қолын созсақ, кедей болып қалмаймыз ғой", - деді де, әмиянынан ақша шығарып, мұғалімнің үстеліне қойды.

Аздан соң тағы бір ата-ана, сосын тағы біреуі ақша әкеп қойды. Сөйтіп, бір күнде-ақ Русланның бір жылдық асхана шығыны толық жиналды.

Арада екі күн өткенде немерем шаттанып келді. “Ата, Руслан енді бізбен бірге отырып тамақ ішеді. Оның қалай қуанғанын көрсеңіз ғой!” - деді...

Біз бір баланың көз жасын сүртіп, ал өз ұрпағымыздың жүрегіне мейірімділік жарығын жаққанымызды ұқтым."