«Балконға сүйреп шығарып, есігін құлыптап қойды» - жас келіншек екінші рет күйеуге тигеніне өкінеді

0
433

"Балама әлден өгейлігін көрсеткен адаммен ажырасқаным дұрыс шығар"


«Балконға сүйреп шығарып, есігін құлыптап қойды» - жас келіншек екінші рет күйеуге тигеніне өкінеді

көрнекілік сурет: images.summitmedia-digital.com

«18 жасымда тұрмысқа шығып, 19 жасымда ана атандым. Күйеуім отбасы, бала десе өліп тұратын адам еді. Жұмыстан келген соң баламызды қолынан тастамайтын. Түнде жылай қалса, ұйқысы шайдай ашылып, бәйек болатын. «Сен ұйықтап демал. Өзім қараймын» деп түнімен тербететін. Тіпті баланың жөргегін ауыстырып, шомылдыратын. Сондай балажан еді. «Құдайға да жақсы адам керек» деп жатады ғой. Күйеуім 22 жасында қайтыс болып кетті» - деді көз жасына ерік берген ERNUR.KZ оқырманы.


«Екі жыл күйзелісте жүрдім. Ұмыттым деп айта алмаймын. Оның бейнесін, қамқорлығын жүрегімнің бір бұрышына сақтап, ары қарай өмір сүруді жалғастырдым. Ата-анам, жақын-туыстар "Балаң кішкентай кезде тұрмысқа шық" дей бастады. Таныстыру мен сұраушылар көбейді. Балам да "Әкем қайда? Неге менің әкем жоқ" деп сұрайтынды шығарды.

Сөйтіп екінші рет тұрмысқа шықтым. Үйленбеген жігіт. Ата-анасы ерте қайтыс боп, аға-жеңгесінің қолында өскен екен. Біздің отбасы құруымызға ешкім қарсы болмады. Жігіттің әпкелері "Бір-біріңмен тіл табысып өмір сүрсеңдер болды. Біз өмірлеріңе араласпаймыз. Келін боп қызмет ет дейтін ата-енең жоқ. Інімізбен бақытты болып, күліп жүрсеңдер жетеді" деді.

Пәтер жалдап тұрдық. Мен азық-түлік дүкенінде сатушы боп жұмыс істедім. Күйеуім құрылыста істейді. Тапқанымыз өзімізге жетеді. Өз күнімізді өзіміз көріп, жап-жақсы өмір сүре бастап едік.

Бірақ, өгей адам өгейлігін жасайды екен. Біраз уақыт өткен соң Жандос ұлыма айқайлауды, қала берді кейде жұлқылауды шығарды. Ұлымның көзі жасқа толып, «Мама, құтқаршы» дегендей маған қарайды. Араша түссем, Жандос «Сен араласпа. Ер балаға қатал тәрбие керек. Еркекше тәрбиелеп жатырмын» дейді.

Бір күні менің көзімше ұрды. Мүмкін өз әкесі ұрса, білінбес пе еді?! Жуан қолымен дүрс-дүрс етіп ұрғанына шыдап тұра алмадым. «Менің ұлымды ұратын сен кімсің?» деген сөз аузымнан қалай шығып кеткенін байқамай қалдым. Сол күннен бастап арамызда салқындық пайда болды. Жандос ұлыма айқайлап, аракідік жұлқылап тәрбиелеуін тоқтатпады.

Ұлым 5 жасқа толғанда туған күніне бір жерге қыдыртып, соңынан кафеде тамақтанып қайтайық деп едім. Жандос қарсы болды. «Ақша жоқ, артық жарата берме. Бұл боқмұрынға туған күн тойлау не сәнім? Дүкеннен тәтті-пәтті, сусынын алып бер, болды» деп екі мың теңге берді.

Жоспарымды күздіз балама айтып қойғанмын ғой. «Кешке әкең келсін, сосын барамыз» дегенмін. Қарсы болатынын қайдан білейін. Енді бармайтынымызды біліп балам бұртиып жылады. Оған күйеуім ашуланып, жұлқылап сүйреп апарып балконға шығарып жіберді. Балам еңіреп жылап қалды.

Адам соншалықты тасмейір бола ма? Жүрегім езілді. Жүгіріп барып, көршілердің есігін қағып, көмек сұрадым. Келген көршілерге күйеуім «Отбасылық проблемамызға араласпаңдар» деп жатыр. Сол аралықта бір көрші полиция шақырамын дегесін барып кілтті берді де, өзі үйден шығып кетті.

Қазір терең ойда жүрмін. Балама әлден осылай өгейлігін көрсететін адаммен ажырасқаным дұрыс шығар деймін. Бірақ... Аяғым ауыр, ішімде төрт жарым айлық шаранам бар. Ажырассам, оны да әкесінен айырамын ғой. «О баста Жандосқа бекер тиген екенмін» деп қатты өкініп жүрмін. Қоғамның көзқарасы бойынша, күйеуі бар әйел ғана бақытты саналады ғой. Айналамдағылар айта берген соң, сол көзқарасқа сай болайын дедім. Күйеуім болса, жүгім жеңілдейтін шығар деп үміттендім. «Шын мәнінде өзіме басқа күйеу, балама бөтен әке керек пе?» деп өзімнен сұрамадым. Енді міне, екі оттың ортасында қалдым".