​«Бәріне менің ақшам ғана керек екен»: астаналық әйел бақытсыз өмірінен жалыққанын айтады

0
1 300

«Анама да, ағама да, тіпті күйеуіме де... Күйеуімді туыстарымен қоса асырап отырмын»


​«Бәріне менің ақшам ғана керек екен»: астаналық әйел бақытсыз өмірінен жалыққанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өзімді әркім бір керегіне пайдаланып кете беретін зат сияқты сезінемін. Себебі туған анам мен бауырларым «лақтырып» кетті. Енді күйеуім де «айнып» жүр. Ақша, азық-түлік әкелген күні жадырап сала береді. Басқа уақытта шеке-басы тырысып, мен жаққа бұрылып та қарамайды», - дейді Ақдидар есімді келіншек.


Астаналық оқырманымыз отбасындағы жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Көкшетаудың тумасымын. Колледжді бітірген соң Астанаға жұмыс іздеп келдім. Бағыма орай жақсы адаммен танысып, жолым ашылып кетті. Айсара деген апайымның үш бірдей ломбарды бар екен, маған біреуінде істеуге мүмкіндік берді. Екі апта тәжірибеден өтіп, бәрін үйреніп алғасын Айсара ханымның қол астында екі жыл қызмет еттім.


Екі жылдан кейін астаналық жігітке күйеуге тиіп, ұлымды дүниеге әкелдім. Бірақ жолдасыммен дәм-тұзымыз жараспады. Әр тірліктің басын бір шалатын тұрақсыз біреу екен. Жарытып табыс таппайды, анасына еркелеп, жатқаннан басқа тірлігі жоқ біреу екен. Анасы да жалғыз ұлын менен қызғанып, істемегені жоқ.


Ит-арпалыспен жүргенде күйеуімнен жаман ауру жұқтырғанымды білдім. Түк бітірмесе де жеңіл жүрісті қыздарға баруды қатырады екен. «Емделмесеңіз болмайды, күйеуіңізге де айтыңыз» деп дәрігер ақылын айтқасын, күйеуіме жеткізгем. «Бәлеңді жаппа, мен ақпын, ешкімге бармадым. Өзің кінәлісің, көшеге шығып, әркіммен бір жүргенсің» деп өзімді кінәлап шықты. Осы кезде үш жыл бойы жиналған төзім сарқылып біткен екен. Ұлымды құшақтап шықтым да, алды-артыма қарамай зыттым.


Көкшетауға барғасын баламды анама қалдырып, қайтадан Астанаға келдім. Бұл кезде ломбардтың қыр-сырын жақсылап меңгеріп алғам, құжаттарымды туралап, өз ломбардымды ашуға әрекет еттім. Ағамның үйін кепілге қойып несие алдым да, өз кәсібімді аштым.


Бизнесте жолым болды. Табысым өте жақсы, алған кредитімді де жауып тастадым. «Ойбай, мына үйім тым ескі, жаңасын салуым керек еді» деп ауылға барған сайын жылана беретін анамның көңілін аулайын деп тапқанымды тапқандай ағама тасып, үлкен үй тұрғызып бердім. Менің орнымда басқа біреу болса алдымен өз жағдайын жасар еді. Ал мен «балама қарап отырған солар ғой, бауырым мен анам ғой» деп барымды соларға тасып жүре беріппін.


Орныма көмекші қызды отырғызып, бір аптаға ауылға барсам, анам мен ағам өзгеріп кеткен. «Мына балаңды қалаға алып кет, біз енді қарай алмаймыз» деп тұр. Бұрын мені көргенде бәйек болатын жеңгемнің де қабағы түсіңкі. Әрең сөйлеп отыр. «Өз күніңді өзің көр» деп бетіме қарамай күмілжіген анама қатты ренжідім де, баламды алып қалаға кетіп қалдым. Сонда мен оларға үйлері біткенше керек болғам ғой, олар баламды тек тірлігін бітіріп алғанша амалсыз қарап берген. Дүниесі түгелденгесін бізді түкке тұрғысыз етіп қуып шықты.


Сол ақшаны өзім жинасам осы уақта екі бөлмелі пәтер сатып алатын едім. Ақымақ боппын. Әбден тісімді қайрадым, енді табысымды ешкімге бермей, өзіме жинаймын деп ниет еттім. Расында да солай еттім. Жұрттар жарқырап әр тойға бір көйлек киіп, шет елдерге қыдырып жүргенде балам екеуміз макарон жеп, қаланың шетіндегі ескі үйлерден пәтер жалдап тұрып, тапқанымды тиындап жинап, екі жылда өз пәтеріме кірдім. Сол кезде әлемдегі ең бай адам өзім сияқты көңілім жайланғаны есімде.


Күнделікті күйбең тіршілікпен шапқылап жүргенде қазіргі күйеуімді кездестірдім. Менен үш жасқа кіші, үйленіп, балалы бола алмай ажырасқан екен. Көп ұзамай шаңырақ құрдық. Қазір ортақ бір қызымыз бар. Күйеуім ішпейді, жүріс жасамайды, оған сенімдімін. Бірақ...


Ақшаны жақсы көретін сияқты. Үй салып жатырмыз. Менің бизнесімді бәске тігіп, үлкен көлемде несие алғанбыз. Соны төлеймін, одан бөлек кешкісін үйге екі-үш пакет көтере кірем. Тамағы, киімі, бәрі менің мойнымда. «Сенің айлығың қайда» десем «бес жыл бұрын ағама кредит әпергем, төлемей қойып еді, қазір соны өзім құйып жүрмін» деген сылтау айтады. Одан артылғанын көрген емеспін. «Бензинге кетті, темекіге кетті...» деп тізбектей жөнеледі. Кейде өзіме жетпей, ақша сұрасам «қашан қайтарасың» деп сұрақтың астына алады.


Бұрын өзіме жетпесе де соның әке-шешесінің көңілін аулайын деп мереке сайын сыйлықтарымды, тәттілерімді алып баратынмын. Қазір үй салғалы ақша жетпей, ондайларды тоқтатқам. Сөйтсем күйеуім «құр қол қалай барамыз, бірдеңе сатып ал, болмайды» деп тұрып алады. Апармасам тырысып, өкпелеп, сөйлемей қояды. Жай ғана бар болғаным үшін жақсы көру жоқ, берсем ғана жағады екем.


Балам оның алдында құрдай жорғалайды, «әкешім» деп елжіреп тұрады. Ал ол ұлымды ұрмаса да кекетіп, бұйырып сөйлейтінін байқаймын. Бірақ қол көтерген емес. «Ақша жоқ, сен де қосымша жұмыс істеп, ақша тап» деп сөйлесем бітті, көрпе-төсегін алып, басқа бөлмеге кетіп қалады. «Мен еркекпін, сен менің намысыма тиіп, дауыс көтердің» деп өкпелеп қалады. Еркек болса отбасын асырамай ма? Осыны айтып түсіндіре алмай-ақ қойдым.


Не туғаның, не күйеуің жақсы көріп, жылы сөзін арнамағасын мына өмірдің түкке қажеті жоқ сияқты ше... Анам жуас па, әлде маған суық па, «жағдайың қалай, қайтіп өмір сүріп жатсың» деп сұраған емес. Тек «анау ініңе ақша керек боп жатыр, апайың ауырып қалыпты, дәрісіне көмектес, ағаңның баласы саған қыдырып барады, жақсылап күтіп жібер» деп проблемаларын айту үшін хабарласады. Шаршадым бәрінен...»