​«Бес қойын сатып, көмектескен еді»: түркістандық әйел қиналғанда қол ұшын созған әпкесіне машина сыйлады

0
2 324

«Алдыңа көмек сұрап келген адамның қолын құр қайтармау керек, шамаң жеткенше көмектес»


​«Бес қойын сатып, көмектескен еді»: түркістандық әйел қиналғанда қол ұшын созған әпкесіне машина сыйлады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Пәленше Түгеншеге үй әперіпті, мынанша адамға қаржылай сыйлық үлестіріпті» деген жаңалықтарды жиі естиміз ғой. Ондайларға «Атымтай жомарт» деп ат қойып, мақтап жатады. Меніңше, олар жомарт емес. Олар өзіне тиесілі дүниесінен жоқ-жітікке садақа ретінде үлестіріп жатыр. Ал нағыз жомарт адам - өзінде артық-ауыс дүниесі болмаса да, көмек сұрап келген адамның қолын қайтармай, барымен бөлісе білетін адам. Ондай адамды мен өмірімде кездестіргем», - дейді Ақпейіл есімді әйел.


Көпбалалы ана, кәсіпкер әйел бұрынырақта болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Күн құрғатпай ішетін күйеуімді адам етем, үйімізді жөндеймін деп үш балапаныммен шыр-пыр болып жүрген кезімді еске алайын. Тұрақты жұмыс жоқ, үйге жақын жердегі мектепке түскі уақытта бәліш, басқа да майда-шүйде заттарды апарып, сатып келем. Сонымен өлме-талма күн кешіп отырған кезіміз еді. Бір күні күйеуіме «ақыл кіріп» «Мына үйде айрап-жайрап отыра бермейміз, сыртын сылатайық, жанына тағы екі бөлме қостырайық» деп белсеніп шықты. «Сорлы-ау, қай ақшаңа істейсің» деп күлгем. Ол енді арақты татып алмайтынын, жұмыс істеп ақша табатынын айтып, қуантып қойды.


Не керек, үйіміздің жанында бос жатқан жерді саттық. Сөйтіп құрылыс материалдарын алып алдық. Ал күйеуім алыс бір ағайындарымызға ілесіп вахтаға кетті. «Ай сайын ақша салып тұрам, сен ұста тауып, үйдің құрылысын бастай бер» деп тапсырған. Оның адам қатарына қосылғанына қуанып, үш ұстаны тауып, үйдің құрылысын бастап жібердім. Бар сенгенім күйеуімнің ай соңында салатын ақшасы. Соны салып жіберсе ұсталардың еңбекақысымен есептесем деп бәрін кесіп-пішіп қойғам.


Бірақ мен ойлағандай болмады. Күйеуім ол жақта да ішіп, сеніп апарған адамдарды ұятқа қалдырып, жұмыстан шығып қалыпты. Ағайын інілері ортадан ақша шығарып, мұның жолкіресін төлеп, үйге қайтарып жіберіпті. Адам сияқты кеткен күйеуімнің дымсыз оралғанын көргенде қаным басыма шапты. Бұл уақта ұсталар да тірліктерін аяқтауға жақын қалған. Күйеуімнің ішкенін, менің оған ашуланып ұрысқанымды есітіп-көріп жүрген соң олар да қорқайын деді ме, «Әпке, жақындап қалдық, ақымызды реттестіре бересіз ғой» деп күнде айтады.


Осы кезде шындап тығырыққа тірелдім. «Бере алады-ау» деп бірталай адамнан қарызға ақша сұрап шықтым. Ең жақын, жанашыр дегендердің өзі сол кезде бізге сенбеді. «Қалай қайтарасың, күйеуіңнің түрі анау, қайдам...» деді біреуі. Адам кімнің алыс, кімнің жақын екенін осындайда біледі екен ғой. Мұндайда жақын деп жүргенің жақын емес боп шығады. Ақшалы туыс, дос-жарандарымның бәрі түрлі сылтаулар айтып «жоқ» деп бастарын алып қашты.


Бір апта алдын осы проблемамды ағайын боп келетін бір әпкемді қаладан көріп қалғанда айтқам ғой. Бір күні сол кісі телефон соқты. «Ақпейіл, ақша таптың ба, ұсталарыңды қайттің?» деп сұрады. Мен оған таппағанымды, енді банктен несие алудан басқа амал қалмағанын айттым. «Ойбой, банк дегенді атама, оның пайызы деген алған ақшаңнан қымбат қой, құрысын» деп туысқан әпкем азар да безер болды. «Мен сенің проблемаңды шешетін сияқтымын, ертең біздің үйге келші» деді сосын.


Ертеңіне кішкентай қызымды ертіп алып 80 шақырым қашықта тұратын әлгі әпкемнің үйіне бардым. Барсам бір жаққа кетіп қалыпты. Кішкентай қызы қақпасын ашып, үйіне кіргізді. «Мені шақырып алып кетіп қалғаны несі, қызық па деймін» деп біртүрлі боп отырғам. Бір сағатта әпкем үйге кіріп келді. Күннің астында тұрып, әбден күйіп кеткен бе, екі беті алмадай боп қызарып кетіпті. Келген бойда «Әй, бауырым-ай, талқың бар екен, жолым болып, саған қажет ақшаны тауып келдім, бір тиын артық-кемі жоқ» деп күлді.


Сөйтсем әпкем есігінің алдындағы бес қойын базарға апарып пұлдап келіпті. «Бауырым шырылдап ақша іздеп жүргенде қорада қойым бола тұра қалай қарап жатам. Мал біте берер, сен тамыңды бітіріп ал. Тапқаныңда берерсің, бермесең үйіңе қосқаным болсын» деп күлімсірей қарағанда жылап жібердім. Өзімнің туған ағам мен әпкем «Бізде ондай ақша жоқ» деп қора-қора қойы бола тұра қолымды құр қайтарып еді...


Әпкемнен ақша сұраймын деген ой мүлдем болмаған. Өзі жесір, бес баласын мектептің еденін жуып бағып отырған кісі ғой. Үлкені енді қатарға қосылып, құрылыста істеп, анасына жәрдемші боп отырған екен. Менің жағдайымды баласына айтса, «Сіздің малыңыз ғой, кімге бересіз, өзіңіз білесіз» депті. Мұндайды істеу адамның адамының ғана қолынан келсе керек. Алғысымды айта-айта ақшасын алып, үйіме қайттым.


Арада жылдар өтті, күйеуім ақыры адам болмады, ажырасып тындық. Әлгі жер үйді сатып, үш баламмен қалаға көшіп келдім. Оларды мектепке орналастырып, жұмысқа кірдім. Жағдайымыз түзелді. Аллаға шүкір, үш перзентім саналы, білімді, тірліктің көзін тапқан жақсы адам боп өсті. Өз күштерімен оқуға түсті. Қазір екеуі кәсіпкер, біреуі мемлекеттік қызметте. Даңғарадай үйде, ішкенім алдымда, ішпегенім артымда боп отырмын.


Өткен жолы балаларыма «Баяғыда Сапаркүл әпкем маған осылай көмектесіп еді, сол кісі жетпіс жасқа толып жатыр екен, жақсы бір сыйлық жасап қуантқым келеді» деп айтып едім. Үшеуі «Онда ол кісіге машина сыйлайық» деп ұсыныс білдірді. Мына ұсыныстарына қуанып кеттім. Сөйтіп салоннан су жаңа көлік алып, әпкемнің ауылына айдап апардық. Той үстінде баяғы көмегін айтып, әпкемнің үстіне шапанымды жауып, алғысымды білдірдім. «Енді сізді балаларыңыз осы машинамен аяғыңызды жерге тигізбей алып жүрсін» деп кілтін табыстағанда кезінде көмек көрсете алмаған басқа бауырларымның іштері жарылып кете жаздады. Көздерінен бәрін байқап қойдым.


«Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі аузымнан кетпейді» демекші, қиналған кезде қорасындағы малын сатып көмектескен сол әпкеме алғысым шексіз. Әлемді менің әпкемдей жомарт жүректі адамдар ұстап тұрған шығар. Сондықтан алдыңызға біреу жәрдем сұрап келсе, онда шамаңыз келгенше қолын құр қайтармай, жәрдемдескен жөн. Мұны мен қазір балаларыма да айтып отырамын».