​«Бір-бірімізді алдап жүрміз»: түркістандық келіншек күйеуінен көңілі қалғанын айтты

0
1 375

«Отбасылық өміріміз аяқталуға жақын сияқты»


​«Бір-бірімізді алдап жүрміз»: түркістандық келіншек күйеуінен көңілі қалғанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жан баласына тіс жарып айта алмайтын құпиям бар. Кейде ішім толып, біреумен бөліскім келеді. Бірақ дұрыс түсінбей, ел-жұртқа жайып жібере ме деп қорқамын. Қазіргі адамдарға сенім жоқ, тіпті қасымдағы күйеуіме де сенім қалмады. Сондықтан анонимді түрде сырымды сіздермен бөлісіп, ақыл-кеңес сұрағым келеді», - депті аты-жөнін атамауымызды өтінген келіншек.


Күйеуінен опасыздық көрген оқырманымыз онымен ерегісем деп қателікке бой алдырыпты. Басынан өткен жәйттіERNUR.KZ тілшімізге әңгімелеп берді.


«Жақсы көрген жігітіме тұрмысқа шықтым. Мектептен бері жүргенбіз. Бірақ екеуміз екі қалада оқыдық. Тек мерекелік демалыстарда, жазғы каникулда ғана көрісетінбіз. Мен университетті бітірген соң магистратураға оқуға түстім. Ал ол аудан орталығына жұмысқа тұрды. Тойымыз өткен соң бір аптадан кейін мен оқуға кеттім де, тағы екі бөлек өмір сүрдік. Аптасына бір мәрте кездесетінбіз. Білмеймін, от пен шоқ болып, жұбайлық өмірдің ең қызық шағын бастан кешіретін уақытта бөлек жүргеніміз де арамыздың алыстауына әсер етті-ау.


Бір жылдан соң оқуымды бітіріп, мен де ауданға жұмысқа тұрдым. Ата-енеміз еншімізді беріп, бізді бөлек шығарып жіберді. Бірақ бізде бұрынғыдай сезім жоқ, бөлек тұрсақ та ағалы-қарындастардай, бір-бірімізден ұялғанымыздан міндетімізді орындайтынбыз. Менің көңілім суып кетті.


Көңілім қалғаны, бір жолы телефоным өшіп қалып, мамама күйеуімнің телефонымен қоңырау шалмақ болдым. Тура сол кезде ватсабына біреуден хабарлама келді. Дереу нөмірін өзіме жіберіп алдым. Бұрын-соңды күйеуімнің телефонын ақтармағам, осы жағдайдан кейін түн жарымында оянып алып телефонын тексеретін ауруға шалдықтым. Екеуінің жазған хаттарын өзіме скриндеп сақтап, қолыма нақты дәлелдерді жинап болған соң ұрыс шығардым. Басында мойындағысы келмей әрдеңені бір айтты. Ақырында өлердегі сөзін айтып, менен кешірім сұрады. Бірге өмір сүре бердік.


Одан кейін қыз түгілі, талай өзінен жасы үлкен әйелдермен ұстап алдым. Жанжалдасып, ажырасуға шақ қалған сәттерімді санасам саусағым жетпейді. Екеуміз бір ауылдан болғасын ата-аналарымыздың біз үшін бет көріспей кеткенін қаламадым. Сөйтіп кешіріммен күн кеше бердік. Арамыздағы реніштен бе, бала көтере алмай үш жыл жүрдім.


Бір күні мені мектептен екі аптаға оқуға жіберді. «Бір аптадан соң келемін, бөлемнің үйінде жүре тұрам» деп күйеуіме айтып, қалаға кеттім. Ауданымыз қаладан ұзақ, жетем дегенше күн кешкіріп, автобустар тоқтап қалған екен. Жолай қол көтеріп, такси тоқтаттым. Сол таксист жігіт менің өмірімді түбегейлі өзгертіп жіберді.


Әңгімешіл адам екен, барғанша танысып, келгендегі мақсатымды сұрап алды. Бірақ одан тұрмыстағы әйел екенімді жасырып қалдым. Білмеймін, ішімнен бірдеңе түртіп өткендей болды. Бөлемнің үйіне жеткенде ақша ұсынып едім, алмады. «Телефон нөміріңізді қалдырсаңыз жеткілікті» деді. Өмірде бірінші рет мен бейтаныс жігітке нөмерімді қалай бергенімді білмей қалдым...


Бөлем бала-шағасымен бір аптаға Астанаға, тойға кеткелі жатыр екен. «Кілтті қалдырып кетейін, емін-еркін жата бер» деп ертеңіне жолға шығып кетті. Күні бойы сабақтамыз, кешкісін әлгі жігіт күтіп алады, үш күн қатарынан қаланы аралап қыдырдық. Төртінші күні оны бөлемнің үйіне қонаққа шақырдым. Ары қарай не болғаны белгілі шығар, сезімге ерік беріп қойдым.


Сол жағдайдан кейін күйеуімді сүймегенімді түсіндім. Есіл-дертім әлгі жігітте болды. Бойы ұзын, көздері күлімдеген, қасына жақындасаң бүкіл әлемді ұмытасың. Ол да мені сүйіп қалғанын айтып, күн сайын телефонға хат жазатын болды. Оқуымның бір аптасы бітіп, ауылға барып қайттым. Ол кезде телефонды өшіріп қоям, келесі апта жігітпен тағы кездесу... Не керек, екі апталық іссапар екі күндей зыр етіп өте шықты.


Ауылға келгенде телефон нөмірімді алмастырып, басқасын салып алдым. Күйеуіме дымымды білдірмей жүргенде аяғымның ауырлағанын сездім. Жүрегім айнып, мазам болмай, дәрігерге көрінсем жүкті екем. Оны естігелі маза кетті, «іштегі баланың әкесі әлгі жігіт болса ше» деп қатты уайымдадым. «Үш жыл болмаған бала қалай демде пайда болды?» деген күдік ұялады. 9 ай, 9 күн өткенше жанымды қоярға жер таппай қиналғаным рас.


Ал күйеуімнің езуі екі құлағына жеткен, менің асты-үстіме түсіп, босанатын күнімді тағытсыздана күтті. Босанарда да қасымда болды, қосыла толғатты. Шекесі торсықтай ұл таптым. Балам күйеуімнен аумайды, аузынан түсіп қалғандай, қап-қара, «картошка мұрын». Қуанып кеттім. Күйеуім содан кейін өзгергендей болған, жұмысынан уақтылы келеді, бос уақытын баласына арнап, бізді қыдыртып... Бірақ оның бәрі уақытша нәрсе екен.


Міне, қазір бір жыл болды, баяғы қалпына қайта түскен. Телефонын тастамайды, үйге түннің жарымында келеді. Басқа біреулермен кездесетінін ішім сезеді. Кейде сонымен ерегіскенде баяғы таксист жігітпен кездесіп, мен де жүріп кетсем бе деп ойлаймын. Бірақ балам үшін өзімді тежеп жүрмін. Бір жолы шыдай алмай жігітке телефон соққам. Әлі бойдақ екен. «Күйеуге тимесең кездесейікші» деп жазып қояды. «Астанадамын» деп алдадым. Бірақ анда-санда жалғыздықтан жабырқағанда сөйлесіп тұрам. Көңілім көтеріліп сала береді.


Білмеймін, отбасылық өміріміздің ғұмыры қанша жылға жетерін. Күйеуімнен жылулық көрмеймін, оның ойы далада, ал менің ойым балада. Балам үшін жақсы ана болуға тырысып жүрмін. Бірақ шыдамым тауысылып келе жатқандай...»