​«Бірі енесінен, екіншісі атасынан...»: түркістандық әйел қартайғанда келін-баламен жағаласпауға шақырды

0
800

«Жайған қамырымның қалың болған жерін пакетке жинап, тыға бердім»


​«Бірі енесінен, екіншісі атасынан...»: түркістандық әйел қартайғанда келін-баламен жағаласпауға шақырды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қазір жастардың арасында ажырасу ұлғайып барады. Негізінде бұл мемлекетке үлкен проблема болуы тиіс. Бірақ оған мән беріп, астарына үңіліп, себебімен күресіп жатқан ешкім жоқ. Соңғы екі айдың ішінде өзім жақсы танитын төрт әйелден «Қызым ажырасып, қайтып келді» деген әңгімені естідім. Құдайынан безген біреу болмаса, жаңа түскен келіннен жаман қылық бірден шықпайтын шығар. Бұл жерде гәп – енеде», - дейді Махаббат есімді әйел.


Бүгінде бес баланың анасы, қара шаңырақтағы абыройлы келін атанып отырған оқырманымыз ене мен келін тақырыбында естігенін, басынан өткізген оқиғасын ERNUR.KZ арқылы бөлісуді жөн көріпті.


«Астанада тұратын қайынсіңліміз үй салып, жақында қоныс тойын тойлаған. Шаруалармен дер кезінде туыстарға ілесіп бара алмай, кешегі апта соның сәті түсті. Еңбек демалысыма шықтым да, екі қызымды ертіп Астанаға бардым. Пойызға билет алғанбыз, барғанша бір тәулік уақыт бар. Ондайда қасыңдағы адамдармен әңгіме-дүкен құрып уақыт өткізесің ғой.


Қуанышыма орай жаныма өзіммен шамалас екі әйел жайғасыпты. Ашық-жарқын, жатырқауды білмейтін кісілер екен. Лезде танысып, терлеп-тепшіп шай ішіп, әңгіменің тиегін ағыттық. Кезек ене мен келін тақырыбына келді. Лаура дегені ене дегеннің е әріпін естігеннен шоршып түсті. «Ойбой, жанды жеріме тидіңдер, қыздар» деп өз басынан өткен оқиғаны әңгімелеп берді.


«Жас келін болып, жаңа түскен кезім еді, - деп әңгімесін бастады Лаура. – Ауылдың қарапайым қызымын, бірақ түк істемеген, жеңгелеріме арқа сүйеп өскен ерке қыз едім. Келін боп түскенде сол нәрсе басыма таяқ боп тиді. Не істесем де енеме жақпай қойдым. Жай ғана ескертсе мейлі ғой, қарғыс пен былапыт сөздің түр-түрін жаудырып, жеті атамнан сыбайтын. Кейде сол кісіні мектепте қарғыс пәнінен сабақ берер ме екен деп ойлап қалатынмын. Айтқан сөзін қайталамай-ақ қояйын, сай-сүйегіңді сырқыратып жіберетін. Тілі удан ащы.


Үш жыл дегенде менің де тілім шықты. Нақақтан күйе жағып, ата-анаға нәлет айтып отырса қалай шыдайсың? Бір күні шыдамым шегіне жетті. Жап-жақсы боп шай ішіп отырған жерімізде келіспей қалдық. Әлгіндей сөздер қарша жаудырып, дастарханның берекесі кетті. «Қойсайшы енді» деген атамды да тыңдаған жоқ.


Сол сәтте орнымнан тұрдым да, екі баламды киіндіріп, киім-кешегімді жинап үйден шығып кеттім. «Қайда барасың?» деп сөйлеп-сөйлеп күйеуім қалып кетті. Шешесінің адуынды мінезінен аса алмады-ау. Артынып-тартынып ауылдың аялдамасына келсем, ауданға қатынайтын автобус біздің алдымызда кеткен екен. Екіншісін күтуге жарты сағаттай уақыт бар. «Үйдегілерге не айтам, осы тірлігім дұрыс болды ма?» деп өз-өзіммен ойланып отырғанда шырттай боп киініп атам келді қасыма. «Келін, ештеңе айтпа, құдалардың ауылына мен де барам» деп кішкентайымды көтеріп, қасыма жайғасты. Аң-таң болсам да тәтпіштеп ештеңе сұрамадым.


Атамда үн жоқ. Менде де үнсіз. Бір немересін көтеріп, біреуін жетектеп артымнан еріп келе жатыр. Біздің үйге де жеттік. «Құдам келді» деп әкем қой сойып, құшақ жая қарсы алды. Екі құданың айтатын әңгімесі таусылмайды, таң атқанша сөйлесті. Ыдыстарды жинастырған боп әңгімелерін тыңдаймын, атам үйде болған жағдайды айтар емес. «Қызың менің әйеліммен ұрысып қалды, соны әкеп тастадым» деген сөзді көп күттім. Сол күйі айтпады. Екі күн әкеммен әңгіме-дүкен құрып, ағайындардың үйін аралап, үшінші күні «Келін, енді үйімізге қайтайық» деп мені өзімен ертіп кетті. «Мен ұрысып қалғам, бармаймын» деп айтуға ұялып, келген ізіммен кері қайттым. Менің жанұямды сақтап қалған айналайын, иманды болғыр атам еді».


Лаураның сөзін Малика деген екінші келіншек жалғады. Ол керісінше, атасынан зәбір көрген екен.


«Сенің атаң болса, мен енемнің арқасында үй болдым. Атамыз тамақты талғап ішетін, әр тірлігімнен мін іздеп отыратын кірпияз кісі еді. Аптана екі мәрте ет астырады. Қаланың қызымын, қамыр жаюға икемім жоқ. Жайған қамырымды «мынау не бәле, тулақтай» деп жемей, алдыма итеріп жіберетін. Оны енем «жап-жақсы, ештеңесі жоқ» деп жеп алушы еді.


Қамыр жаям, ортасы жұп-жұқа боп кетеді, шеті қалың. Баламын ғой, жұқа жерін кесіп алып қайнатам да, қалың жерін қайтадан пакетке салып тыға бердім. Бірер күнде бірнеше боп жиналып қалды. Ата-енем қонаққа кеткен кезде әлгілерді бір пакетке салдым да, есік алдында тұрған үлкен «бортовойға» лақтырып жібердім.Ол көлікке күл-қоқыс салып, көктемде бір-ақ шығарушы едік. Білмей қалады деп ойласам керек қой. Қайдағы... атам әлгі пакетті ерінбей ашып көріпті. Сөйтіп енем екеумізді оңдырмай ұрысты. «Берекені қашырып, тамақты ысырап ететін бұндай келін керек емес маған!» деп айқайлағанда кірерге тесік таппай кеткем. Сонда мың болғыр енем «Келін кетсе мен де кетем. Бұл әлі бала ғой, осылай адам болады, үйренеді» деп сөзімді сөйлеп, үлкен проблемадан құтқарып қалып еді» деп Малика марқұм енесін еске алды.


Екі жолсеріктің әңгімесінен келіннің жақсы болмағы енесінен екен-ау деп топшыладым. Баласындай қызбен бақталасып, екі жасты шағыстырған ана басындағы бағын тайдырады. Мейірім көрсетпесең, өзің де мейірім көрмейсің. Жаңа түскен жас келінге, жылы емеурін танытып, аталы сөзбен ақылыңды айтып отырсаң, онда ата-енелік парызыңды адал атқарғаның деп білемін. Жақсы ене болайық».