Сурет: ifvremya.ru
"Сәлеметсіздер ме!
Сіздерге сырымды айтып, жеңілдеп алайыншы деп отырмын. Тұрмыстамын, бір ұл, бір қыз өсіріп отырған анамын. Менің басты мәселем – күйеуім болып тұр."
Осылай деп ERNUR.KZ порталы редакциясының кеңсесіне имене кіріп келген әйелдің мұңын тілшіміз тыңдаған еді.
"Аты өшкір арақты кім ойлап тапты екен? Осы арақтың кесірінен берекеміз әбден қашты. Оған қанша айтсам да, жалынып та, жылап та, алдап та осы арағын қойғызуға тырысқаныммен, еш нәтиже шығар емес.
Жұмыс істейді, бірақ, демалыс болса болды, міндетті түрде ішіп алады. Қолына ақша түссе болды қаңғып кетіп, өзі секілді үй бетін көрмейтін достарына барып, желге шашқандай бар ақшасын сол ішімдікке жұмсап келеді. Ештеңені ойламайды, не маған, не балаларына киім, тамақ алмайды. Не ішіп, не киіп жүрміз – жұмысы да жоқ.
Ата-енемізбен бірге тұратын болғандықтан, әйтеуір аш қалып жүрген жоқпыз. Бірақ қалағанымызды ішіп-жеп, әдемі киім киіп, бір жаққа қыдырып, шыққымыз келіп тұрады ғой адам болған соң. Тым болмаса мейрамдарда балаларымызды қыдыртып, олардың көңіл-күйін көтергім келеді, бірақ күйеуім ол туралы қайдан ойласын?!
Шаршап кеттім сөйлеп-сөйлеп. Екі баламды алып кетіп қалайын десем, ата-анамды аяймын, мен үшін қарабет болмасыншы деп. Үйде отырған әке-шешесі бірдеңе деп сөйлесе болды, тыңдамайды, орнынан тұрып кетеді. Өз әке-шешешсін тыңдамай отырған адам мені қалай тыңдасын?!
Достарынан айырайын деген ойым жоқ, адамға дос та керек. Бірақ анда-санда сағынысып көрісетін достар болса мейлі ғой. Адамды айналасындағы достары да бұзады немесе жақсы жаққа қарай әсер етеді. Кімдермен араласып жүргеніңе байланысты ғой.
Мен де әйел адам болғасын жолдасыммен демалыста бірге болып, бір жаққа шыққым келеді, бірақ оған еш мүмкіндігіміз жоқ. Мүмкіндікті қолдан болдырмай отырған күйеуіме осыйлай ренішім артып, ашушаң болып барамын. Мен тек қана сол үйдің үй қызметшісі, балаларын бағып отырған бала күтушісі сияқтымын. Өзімді солай сезінуге итермелеп отырған күйеуім.
Кейде ойланып отырып, осының барлығына мен не үшін шыдап жүрмін деп қолымды бір сілтеп кетіп қалғым да келеді. Бірақ артын ойлап сабыр сақтаумен келем. Ажырасу туралы ойлағым келмейді, бір адамға сүйіп қосылған соң, өмір бойы бірге болу керек деген ұстаныммен жүремін өзім. «Бір кетсең, қайтып келу қиынға соғады» деп айтып отыратын еді анам. Сондықтан, араны ашып алмауға барынша тырысып, төзіп келемін.
Қыз бен жігіт болып жүргенде мен оған, ол маған ғашық болып, бір-бірімізсіз өмір сүре алмайтындай болып қосылған едік. Бірақ жағдай осылай тез өзгеріп кетеді деп ойламаған едім.
Жолдасым арақтың кесірінен ауырып жатып қалған кезінде «енді ішпеймін» деп сөз береді де, жазылған соң, берген уәдесінен тайқып, сөзінде тұрмайтын болды. Мен оған сенетінмін басында, қазір сенімнен шығып қалды. Үнемі өтірік айтатын болып барады.
«Бөлек шығып кетіп, өз отбасыңды асыра» десе, үйінен кеткісі келмейді, бізді асырай алмайалам деп қорқатын сияқты. Өйткені үйде әке-шешесі тамақты өздері тасып, бүкіл шығындарды өздері төлегенге үйреніп алған."
Осылай деп сыры мен мұңын бөліскен келіншек өмірден көргені мен түйгені мол оқырмандардан ақыл-кеңес сұрайды:
"Енді не істесем болады? Айтқанға түсінбейтін адамға қандай шара қолдануға болады? Арақты мүлдем ішпей қалса екен деймін. Осылай үндемей жүре берсем, арақтың түбімізге жетіп, отбасымызды ортасына түсіретінін ойлап шаршап кетем. Қандай кеңестер бересіздер?"