"Блогерге бекер рұқсат беріппін": көпбалалы ана балаларын әлеуметтік желіге шығарғанына өкінеді

0
531

"Балаларымның болашағына бұның кері әсер ететінін ойламаппын"


көрнекілік сурет: png.pngtree.com

"Үлкен қызым оныншы сыныпта оқып жатыр. Оқуда озат, үлгілі оқушы болғасын, сыныптастарының арасында абыройлы еді" деген ана жасөспірім шақтағы қызының жағдайына алаңдаулы.

Блогерге өздерін видеоға түсіруге рұқсат бергеніне өкініп отырған анамен ERNUR.KZ тілшісі сөйлесті. Әңгіме барысында қызын сыныптастары мазақ етуіне байқаусызда өздері себепкер болғаны анықталды.


"Көп балалы анамын. Жолдасым ІІ-топтағы мүгедектігі бар жан. Бұрын денсаулығы бар кезінде жұмыс істеп, отбасын асырады. Өте еңбекқор. Қазір де қарап отырмайды, шамасы келетін, денсаулығына ауырлық түсірмейтін жұмыстармен айналысып, бала-шағасының қамы үшін әрекеттеніп жүр.

Жолдасыма ешқандай өкпем жоқ. Мен оның адамгершілігін сыйлаймын. Отбасына берілген жан екеніне көзім жеткендіктен, онымен қандай қиындықтардан өтсек те, мәңгі бірге болуды шештім.

Ол балаларын қатты жақсы көреді. Ұл-қыздарым да әкелері десе, ішкен асын жерге қойып, жүгіріп кетеді. Олардың бір-біріне деген әкелік-балалық сүйіспеншіліктерін, қамқорлықтарын көріп, жүрегім тыныштық табады. Тек қана біздің жағдайымыз басқалардай емес.

Көпбалалы ана әрі аз қамтылған отбасы ретінде мемлекеттен көмек те алып тұрамыз. Олай етпесек, қымбатшылық қысып, қу жетіспеушілік жағадан алған кезде басыңды қай тесікке сұғарыңды білмей дал боласың. Әйел басыммен қара жұмыс істеп, балаларымның қамы үшін тынбай жүгіріп жүргеніме қарап күйеуімнің де жаны ашитынын түсінемін.

Бірақ, бізде басқа амал жоқ. Тек балаларымның болашағы жарқын болып, өз қолдары өз ауыздарын жетіп, адам қатарына қосылып кетсе, біздің ата-ана ретіндегі бір парызымыздың орындалғаны деп білемін.

Менің айтпағым, балаларым жайлы. Жеті перзентім бар. «Алтын алқа» иегері ретінде алатын жәрдемақыммен балаларымды киіндіріп, тамақтандырудамын. Әлбетте, аш-жалаңаш емес қой, бірақ, қазіргі балалардың қалауы да үлкен. Оның үстіне басымызда баспанамыз да жоқ. Қуықтай ғана үш бөлмелі пәтерді жалға алып тұрып жатырмыз.

Бұл пәтерді табудың өзі оңайға соқпады. Пәтер иелері балаларымның санын естігенде бірден бас тартатын. Әйтеуір, иманы бар бір кісі жолығып, сол кісінің пәтерінде тұрып жатырмыз.

Жақында қайырымдылықпен айналысатын блогерлер үйімізге келді. Баспана алып береміз деген ниеттері бар екен. Әлбетте қатты қуандым. Бірақ, үлкен қызыма психологиялық соққы болатынын ойламаппын.

Бізге қайырымдылық көрсеткен блогерлер тұрып жатқан жалдамалы пәтерімізді, бала-шағамды және отағасымды түсіріп алған. Соны әлеуметтік желіге жариялапты.

Үлкен қызым оныншы сыныпта оқып жатыр. Оқуда озат. Бір күні мектептен жылап келді. Сыныптастары естияр болып қалды ғой десек те, буллинг әлі де бар көрінеді. Қызымды мазақ етіп, «сен мұқтажсың ғой, сен ашсың ғой» деп мектеп асханасынан самса, бәліш сатып алып, әкеліп берген екен. Қызым алмаймын деп намыстанып, үйге жылап келгені сондықтан.

Біздің тұрмысымыздан ұялатынын, қатары секілді қымбат телефон ұстап, жарқырап киінгісі келетінін айтқанда қызымды қалай жұбатарымды білмедім. Бойжетіп келе жатқан қыз емес пе? Қанша дегенмен, жан-жағына көз тастап, бой түзеп келе жатқандықтан, ұялады да.

Ал мен блогерлерге отбасымды, балаларымды түсіруге рұқсат бергенім үшін өкініп отырмын. Өзімді қойшы, мен барлығына көнген адаммын. Ең бастысы, баспаналы болсам деген арманыма жету үшін тәуекел етіп едім. Балаларымның болашағына бұның кері әсер ететінін ойламаппын."