"Үйленіп, отау құруға, отағасы болуға дайындалып жүрген жігітіміз қоштаспастан кетіп қалды..."
көрнекілік үшін фото: pinterest.com
"Жігіттің болашақ жарына қатысты сезімі, көзқарасы, жарастығы ескерілмей, ата-анасының таңдауы – дұрыс па?" деген сауалын жолдапты Аруназ атты бойжеткен. Осы сұрағы арқылы ERNUR.KZ порталы оқырмандарынан ақыл алғысы келді ме әлде ой салғысы келді ме, ол жағы белгісіз.
"Жақында ғана өмірімдегі ең бір «трэш» кездесу болды. Оны өмір бойы ұмытпайтын шығармын.
Инстаграмда бір жігіт жаза бастады. Бойшаң, түр-сипаты келісті. Кең иықты, сақалы мен шашы тап-тұйнақтай, киімі "стильный" – бір көргеннен көз түсетін жігіт. Тұрақты жұмысы да бар сыңайлы. Мен жауап жазып, жаймен таныстық басталып кетті.
Бірнеше күннен кейін кездесуге шықтық. Тамақтанып, әңгіме айтып отырғанбыз. Бір кезде жігіт телефонын маған қарата көтеріп, «сырт» еткізіп суретке түсіріп алды. Дереу біреуге жібергенін байқадым да, сұрақтың астына алдым.
«Кімге жібердің?» десем, «Анашыма» дейді күліп. Өзі мәз. «Жайша ма?» дегендегі жауабы: «Келінді өзім таңдаймын деген. Анашым мықты психолог боп қалған ғой. Суретке қарап-ақ адамды бірден танып қояды. Маған сәйкес келетін, бізге келін болатын қыз ба, жоқ па – бірден айтып береді» деген болды.
«Әзілдеп тұрған шығар» деп ойлағам басында. Жоқ, шыны сол екен. Таң қалған әрі ызалы, истерикалық күлкімді ұстай алмадым. Бірер минуттан соң анасы жауап жазыпты. Менің түр-әлпетім мен көзқарасым бір көргеннен ұнамай қалыпты! Жалпы біз жайлы «жараспайсыңдар» деген қысқа-нұсқа пікірін білдірген.
Осыны оқығасын ер жеткен, үйленіп, отау құруға, отағасы болуға дайындалып жүрген жігітіміз қоштаспастан кетіп қалды. "Жаңа Қазақстанның «Заманауи Тайлағы» болды ғой бұл" дедім ішімнен.
Құрбыларыма айтып, «кездесуге анасымен келмегеніне шүкір» деп, біраз күліп алдық. Шын мәнінде жылайтын жағдай сияқты бірақ. Жалпы, жігіттің болашақ жарына қатысты сезімі, көзқарасы, жарастығы ескерілмей, ата-анасының таңдауы – дұрыс па?"