​«Бұлардың тұқымы осындай»: алматылық әйел күйеуінің орынсыз қылығынан шаршаған

0
2 066

«Оны жақсы көрем, сол үшін таяғына шыдап жүрмін»


​«Бұлардың тұқымы осындай»: алматылық әйел күйеуінің орынсыз қылығынан шаршаған
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әйел – гүл, еркек – бағбан» деп бекер айтылмаған. Әйел бақыттыболса әлем бақытты, отбасыңда береке, тыныштық бар. Ал әйелдің бақыты тікелей еркекке байланысты. Көздері күлімдеп, ойнақшып, күйеулерінің алдында емін-еркін сөйлеп, еркелеп отыратын әйелдерді көрсем қызығам. Өйткені өзім олай істей алмаймын. Рахаттана күлмегеніме көп жыл бопты», - дейді Алтыншаш есімді алматылық әйел.


Төрт баланың анасы күйеуінен көрген қорлығын, азапқа толы өмірін ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Күйеудің қызғанғаны – сүйгені» деп баяғыда әпкелеріміз айтса, соған имандай сеніп, жігітіммен жүріп жүргенде орынды-орынсыз қызғанғанына күле қарайтынмын. Сөйтсем қызғаныштың да екі түрі бар екен, орынды қызғанса – сүйгені, ал қасындағы көлеңкесінен қызғанып, ұрыс шығару – жазылмайтын ауру. Мен соны дер кезінде ажырата білмеппін.


Күйеуге тиген алғашқы күннен-ақ күйеуім өзінің шартын қойды. «Бұдан былай ешқашан боянбайсың, шашыңды қысқартпайсың, қасыңды термейсің! Төркініңе тек өзім апарамын немесе мен рұқсат берген уақытта ғана барасың» деді. Онсыз да боянуға әуесім жоқ, табиғи сұлулығым жеткілікті болғасын ол шартын үнсіз қабылдадым.


Содан бір күні достарымен кездесуге бірге бардық. Бір досы үйіне дастархан жайып, бәрімізді қонақ етті. Мен араларына енді қосылғам, бәрінің екі көзі менде. «Қайда оқыдың, руың кім, не жұмыс істейсің, Русланмен қалай таныстыңдар» деп сұрақ қойып, арасында әзілдеп, жап-жақсы отырғанбыз. Бір кезде күйеуімнің сыныптас досы мандаринның қабығын аршып, соның бір-екі тілімін «жеп отырыңыз» деп қолыма ұстатты. Күйеуім дастарханның арғы жағында отырған, әлгі жігіттің мандарин бергенін, менің жымиып «рахмет» дегенімді аңдып, қарап отырыпты. Бір кезде «кеттік, қайтамыз, азанда жұмыс» деп мені ертіп, үйге қайттық.


Жол бойы үйге жеткенше таяқ жеп келдім. Шынтағымен көкірек тұсымды соққылап, алақанымен басымды машинаның есігіне ұрғылап, сөзімен «қадап» тастады. «Бұдан былай біреудің қолынан бірдеңе жейтін болсаң, кеңірдегіңді суырып алам» деді. «Біреудің бетіне қарап күлсең, біткен жерің сол болады» деп тағы ескертті.


Содан бері иненің үстінде отырғандаймын. «Бала туып берсем басылатын шығар, мен қызғануға жол бермеймін ғой, бекерге не деп тиісе береді» деп ойлайтынмын. Сөйтсем ұрғысы келген адам, бәле іздеген адам әйтеуір бірдеңеден себеп тауып алады екен ғой. Телефоным күні-түні бақылауда. Кіммен сөйлестім, кімге не жаздым, тіпті «Инстаграмда» қай туысыма лайк бастым, соның бәрін тексеріп, ақырын ұрысқа айналдырып, сілемді қатырады.


Үйленген он бір жылдың ішінде төркініме қыдырып, екі-үш күн жатқан күнім болмапты. Өзі машинасымен апарады, кешке қарай алып қайтады. Онда да бауырларыммен енді әңгімелесіп, күліп, әзілдесе бастасам «Тұр, маған су әкеліп бер, анау қызың қыңқылдап жатыр, қара» деп әйтеуір бірдеңемен ойымды бөліп қояды.


Былайша, жақсы әке, табысты жақсы табады. Жұмысынан уақытында қайтады. Бауырларына қамқор, үйге мен айтпасам да азық-түлікті үйіп-төгіп әкеп тастайды. Кейде ашуланбай жақсы болып жүреді де, кейде көзіне бірдеңе көрінгендей , өзінен-өзі жынданып шығады. Құлағым тыныш болсыншы деп үйге түнгі 2-3 те келсе де үндемеймін, сыртта жүрсе тіпті звондамаймын, достарынан ұят болар деп. Ата енемді өзімнің əке шешемдей сыйлап, жақсы көріп қалағандарын істеймін. Олар өте жақсы адамдар. Бірақ күйеуімнің маған істейтіндері жүрегімді ауыртады.


Жақында туған інім үйленді. Үйдің жалғыз баласы ғой, қыздар боп қуанып, тойының жақсы өтуі үшін ерекше бірдеңе ойлап табайықшы дедік. Содан бәрі «Бауыр керек» деген әнді айтып, ініміз бен келінімізді ортаға алып шығайық деп келісті. Олардың ұсынысын күйеуіме айтып едім, «Жарайды, айтсаң айт» деп қуантып қойды.


Әнді жаздырып, бәріміздей бірдей түсте көйлек таңдап, той күні көңіліміз алып-ұшып әлгі әнді айттық. Тойхананың қақ ортасында төрт қыз ән айтып жатқанбыз, бір кезде әкемнің қарындасының күйеуі, жездеміз ғой енді, төрден тұрып келді де, сіңлім екеумізге мың теңгелік ақшадан қыстырып кетті. Сол ақшаны менің көйлегімнің белдігіне қыстырып кеткені үшін той басталмай жатып үйге кеттім. Ата-енем де барған. Олар түк түсінбеген күйі тойханада қалып кетті. Ал мені үйге жеткенде күйеуім тепкінің астына алды. «Анау неге төрт қыздың ішінен Айсұлу екеуіңе ғана ақша қыстырады. Демек араларыңда бірдеңе бар, жезде мен балдызсыңдар, тегін емес, айт деймін, мойында!» деп шашымнан сүйреп, допша тепкіледі. Тағы бетімнен, білегімнен ұрмайды, ел көріп қойса өзіне сөз келетінін біледі, ішімнен, аяғымнан, арқамнан тебеді.


Іштегі күйігімді ешкімге айта алмаймын, өз ата-анама айтсам, күйеу балаларын жек көріп кетер деп ойлаймын. Ал ата-енем бәрін біледі, қызғаншақ екенінен хабардар, баласына ақыл айта-айта шаршаған. «Қартайғанда қояр, қайтейін» деп енем мен жыласам қосыла жылайды. Енем өте жақсы адам. Келінім морт сынбасыншы дейтін секілді, ұлынан тығып жақсы нәрсесін, тәттілерін маған тықпалап әкеліп береді. Өзі де қайын атамыздан кезінде осылай қорлық көрген екен. «Бұлардың тұқымы осындай» деп мені жұбатып қояды.


Кейбіреулер «бұған неге шыдап жүрсің, ажырасып кетпейсің бе» деп ақыл айтқан болады. Алайда мен оны жақсы көремін, сондықтан болар, оны үнемі кешіремін. Бірақ қазір төзімім тауысылып, жүйкем жұқарып, әлім құрып барады. Ешқандай айыбым мен қылмысым болмаса да күйеуім қызғанып қалады ма деген үрей мен қорқынышқа толы жалтақ өмірден шаршай бастадым. Қайтсем екен енді?..