«Бұрынғы жігітім баламмен қосып аламын деп жүр»: тұрмыстағы келіншек күйеуге тигеніне өкінеді

0
3 164

"Ажырасып кете салайын десем, әкемнен қорқам"


«Бұрынғы жігітім баламмен қосып аламын деп жүр»: тұрмыстағы келіншек күйеуге тигеніне өкінеді

Халықта «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Бірақ кейде кешігіп тұрып, бірер сағатқа асығыстық жасап, бармақ тістеп қалатын сәттер де болады.

Жамбылдық Нұрзипа есімді келіншек 40-қа келіп тұрмысқа шықса да «Бір ай ерте қадам жасап қойыппын, өкінем» дейді.

Оң жақта ұзақ отырып, тұрмысқа шыққанына бірер ай ғана болған. «Соңғы мүмкіндік пойызына мініп үлгердің» деп әпке-жеңгелері қуанып жүргенімен, өзі өкініп жүр.



Өкінішін Нұрзипа ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Мен тек махаббатпен тұрмысқа шығамын деуші едім. Есеппен, сезімсіз отбасы құратындарды түсіне алмайтынмын. Сондай-ақ «Жасым 30-ға келгеннен соң, бірінші ұсыныс жасаған жігітке еріп кете бердім. Есесіне қазір балам бар» дейтіндерге таң қалатынмын. Алайда өзім де дәл солай «уақыт өтіп барады» деген түсінікпен сүймеген адамға тұрмысқа шыға салам деп еш ойламаған едім.

Негізі өмірімнің жартысына дейін нағыз махаббатты күтіп жүрдім. Бес жыл бұрын фейсбук арқылы өзімнен алты жас үлкен бір жігітпен таныстым. Кездестік. Бір-бірімізді ұнаттық.

Мен оны қатты сүйдім. Бірақ ол алдымен жағдайын жасап алғысы келетінін айтып, отбасылық өмірді «келесі жылы» деп, кейінге ысыра берді.

«Сен еркексің, кез келген жаста әке атана алатын шығарсың, мен ше? Мен әйелмін ғой, 40 жасқа дейін туып үлгеруім керек» деп, әр кездескен сайын айтатынмын. Оның жұмысы басқа қалада болғандықтан, айына бір рет, кейде үш айда бір кездесетінбіз.

Сөйтіп жүргенде бес жыл зырлап өте шыққанын аңғармай да қалдым. Биыл көктемде 40 жасқа толған туған күнімді тойлағанда ғана жастық шағымның босқа өтіп кеткеніне мұңайдым. Бітірген түгім жоқ, не балам жоқ. Туған күнімде мас боп қалып, ешнәрсемнің жоқ екенін, өмірімнің көктемін «гөлайттап өткізіп» алғаныма «Бәрі де кеш» деп жыладым. Құрбыларым «Әлі де кеш емес. Бірақ биыл бала көтермесең, расында да кеш болады» деді.

Ертеңіне гинекологқа бардым. Ол да биылдан кейін бала көтеруім қиын болатынын айтып түсіндірді. Ауылға барғанымда анам «Тұрмысқа шықсайшы, кейін неге айтпадыңдар деп жылайсың» деді. Ауылда жасы 50-ге келсе де мүлде тұрмысқа шықпаған қыздардың өмірін мысал етіп айтып бергенде, мен жігітімді асықтыруға кірістім.

Бірақ ол сол баяғыша «Құдай қаласа» дегеннен ары асып, нақты ешнәрсе айтпады. Әпке-жеңгелерім «Үйленетін адам үш жыл, бес жыл созып жүрмейді. Нақты ойы бар адам бір жылдың ішінде үйленуі керек» деп, өмірден көрген-түйгендерін айтып жатты. «Ол биыл да үйленбейді. Ұмытшы соны» деген құрбыларым мен жеңгелерім айналасынан бойдақ жігіт іздестіруге кірісіп кетті.

Несін жасырайын, олар таныстырған жігіттердің көбісі жасымды естіп шошыды. Алғашқы кездесуден соң хабарласпады да. Біреуі-ақ танысқан күні «Үйленейік» деп ұсыныс жасады. Мен оған «Туа алмасам ше?» деп едім, «Ол бір Алланың қалауындағы іс қой. Анам да, басқалар да, тіпті мен де кімнің туа алатынын, кімнің туа алмайтынын білмейміз. Мүмкін бала асырап алармыз» деді. Оның осы сөзі маған ұнады. Сондықтан да ешкімді, ешнәрсені ойламастан, сол күні қол ұстасып кете бардым.

Жігіт жақсы. Қалада ата-анасымен бірге тұрады. Тұрмысқа шықпаған үш қарындасы, мектеп жасындағы бір інісі бар. Келіндік, жұбайлық өмірдің қарбаласымен бір айдың қалай өткенін білмей қалдым.

Босаға аттағаныма дәл бір ай толғанда, бұрынғы сүйіктім хабарласты. «Қалаға келдім, қайдасың?» деді. Біраз уақыт не айтарымды білмей абдырап тұрып қалдым. «Мен тұрмысқа шығып кеттім» дегеніме сенбеді. «Қалай? Қашан? Кім?» деп сұрақтарын жаудырып жатты. Соңында көзі анық жеткен соң ренжіді.

«Мен күзде үйленем деп жоспарлап қойған едім. Неге күтпедің? Үйлену жайлы сөйлесейік деп келдім» дейді. Өзегім өртенді, жыладым.

Мүмкін мен тұрмысқа шығып кетпегенде ол әлі де жүре берер ме еді, кім білсін?! Бірақ дәл қазір ол менен айырылып қалғанына шын өкініп жатыр. Мен де сол күні күйеуіме тұрмысқа шығып кете салмай, «бір-екі ай кездесейік, бір-бірімізді жақынырақ танып-білейік» демегеніме өкінем. Сонда өзімнің сүйген жігітіме тұрмысқа шығар едім ғой.

Ажырасып кете салайын десем, әкемнен қорқам. Себебін сұраса, жауабым жоқ. Бірақ мен мейлі он жыл, мейлі жиырма жыл өмір сүрсем де, сүйгеніммен бірге болғым келеді. Бұрынғы жігітім хабарласқан сайын «Ажырас, мен саған үйленем» деп жүр. Әлі жүкті емеспін, сондықтан ажырасып кетсем бе екен?

Бұрынғы жігітімнің сезімін тексеріп көрмек боп, әдейі «Екіқабатпын» деп айттым. Ал ол «Құрсағыңдағы балаңмен қосып алам. Өз баламдай көрем» дейді. Не істерімді білмей жүрмін. Бір ай неге күте тұрмадым, өкінем. Бір ай асығыстық жасадым. Ойлана беріп басым қатып кетті. Менің орнымда болсаңыз, не істер едіңіз?..», - дейді Нұрзипа.


Ұқсас оқиғалар:


«Үш әйелімнің үшеуі де алдап кетті»: Шымкенттік жігіт енді үйленбейтінін айтты

«Семіріп кеттің деп үш баламен тастап кетті»: Қазақстандық келіншек жанын ауыртқан жан сырын жайып салды