"Ал күйеуім бір айдан соң-ақ жас қызға үйленіп алыпты"
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
ТМД елдерінің арасында 2019 жылы ажырасуға арыз жазатындардың ең көбі Қазақстанда тіркелген көрінеді. Дегенмен ол көрсеткіш биылға төмендеп, өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге азайыпты.
Ажырасудың себебі көп. Күйеуі сырт сымбатына бола тастап кеткен қазақ келіншек ERNUR.KZ тілшісіне өзінің оқиғасын баяндап беріп, бойжеткендерді тұрмысқа шығарда болашақ күйеуін жіті танып алуға шақырды.
"Екі ұл, бір қыз сыйладым. Ата-енеме мүлтіксіз қызмет еттім, ешкім менің шаруамнан мін тапқан емес. Тек күйеуім ғана... Үш баламен тастап басқаға үйленіп кетті", - деп көзіне жас алған Оразкүл есімді келіншек себебін де жасырған жоқ.
- Бар таққан айыбы – менің толысып кетуім. Тұрмысқа шыққанда 59 келі болатынмын. Әл баланы туған сайын салмақ қостым. «Емізулі әйел жақсылап тамақтану керек» дегенді ұстанып, балаларыма сүтім құнарлы болсын деп өзімді астан тежеген жоқпын. «Ойбой, жайылып кеттің ғой» деген күйеуімнің сөзіне аса мән бермеппін. Бірінен соң бірін үш перзентімді дүниеге әкелгенде 103 келі болдым.
Рас, салмағым үшін қынжылып, қысылдым. Тіпті төсекке жатуға да ұялатынмын. Бірақ қайта қалпыма келуге менде мұрша болмады. Кәрі ата-енемнің күтімі, аралары бір жарым жастан үш балаға қарау, үйге келімді-кетімді қонақ күту, үйдің шаруасынан өзіме қарауға уақыт таба алмадым.
Сенесіз бе, ұйқым қанбаған күндер қаншама?! Балалар бірі суықтаса бәрі ауырып шығады. Ондай кездері түнімен ұйықтамай соларға қарап шығамын. Күйеуім жұмыстан шаршап келді ғой деп мүлде мазалаған емеспін. Ол да маған жаны ашып «мен қарайын, сен демал» демепті. Содан кейін де шығар, жүйкем жұқарды. Бірақ ешкіммен ұрыспадым, бар ашуымды тек тәтті тамақ істеп жеуден алыппын.
Иә, таңғалмаңыз. Біреуге қатты ренжісем, ашулансам дәмді, тәтті ас жегім келеді. Өзім де ас пісіргенді ұнатамын. Сөйтемін де тез арада торт немесе пирог, бәліштер пісіріп ыстық шаймен ішіп алатынмын. Мен толыспағанда кім енді?
Сөйтіп жүргенде ата-енем кәрілік жеңіп бірінен соң бірі қайтыс болды. Қара шаңырақта болған соң жылы өткенше тек қонақ күту, Құран оқытумен-ақ уақытым өтіп, күйеуімнің өзгеріп жүргеніне аса мән бермеппін. Соңғы уақытта қонақ бөлмеде ұйықтауды әдетке айналдырған еді. Бір рет сұрағанымда «ауырып жүрмін, суықтап қаппын, саған жолауға болмайды» деп емделіп жүргенін айтты. Тіпті, күдіктенбедім де. Оның үстіне арамызда тұрақты жақындықтың болмағанына да біраз болған, өзім шаршап жүріп асаіздей де қоймадым. Бәлкім, қатем де сол болған шығар...
Атам мен апамның жылдық асын бірге бердік. Содан кейін бір аптадан соң күйеуім маған ажырасатынын айтты. Алдында «сөйлесу керек, әңгіме бар» деп жүрген. Атамның баққан малына енді қарайтын ешкім болмаған соң бәрін сатып қаладан үш бөлмелі пәтер аламыз деп жоспарлап жүргенбіз. Соны айтайын деген екен ғой деп бір күні балалардан оңаша қалдық. «Ажырасқым келеді» деп қойып қалғанда әзілі шығар дегенмін.
Жоқ, әзілі емес екен. Біраздан дайындалыпты. Маған екі бөлмелі пәтер алыпты, атыма жазыпты. Ол туралы бауырларымен де сөйлесіпті.
«Шынымды айтсам, сенімен төсекте жатқым келмейді. Тым толысып кеттің... Менің қасымда өзіне де, балаларына да әдемі қарайтын, жоғары білімді әйелімнің болғанын қалаймын. Өзіңе сүйіп үйленбегенімді білесің ғой...»
Рас, мені енем тауып құда түсіп алған еді.
Үлкен қайнағама, әпкемізге жылап хабарластым, екеуі де «отбасылық мәселелеріңе араластырмаңдар, өздерің шешіңдер, ақылымызды тыңдамады» деді. Төркінім де аспаннан жай түскендей қабылдап, жылап барғанымда түкке түсінбеді. Бұған дейін бір рет те жылап не шағым айтып барған емес едім. Күйеу баласымен сөйлесуге кеткен әкем мен ағам түңіліп келді.
Қысқасы, ол арыз жазды. Біз ажырастық заңды түрде. Балалары үшін екі бөлмелі пәтерді берді, кешірім сұрады. Онсыз да балаларына суық еді, оның енді өз перзенттерін де іздемейтінін жақсы түсіндім. Жылап қалдым солай.
Осылай да ажырасып кеткен адамдарды білесіз бе? Мен әлі естімеппін. Қайта маған қолдау көрсетіп, «фитнеске бар, өзіңе қара, неге толысып кеттің?» деп қамшылап отырса мен де өзімді жинар едім ғой?! Меніңше, оныкі тек сылтау. Бәрі де сүймегендіктің кесірі. Бәрі сол құда түсіп, жақсы келін алу деген енемнің қателігі сияқты...
Міне, осылай балаларым тірі жетім қалды. Алды 12 жасқа келді. Әкелері ажырасып кеткенін біледі, бірақ не үшін екенін қалай айтам?! «Мен семіріп кеттім, сол үшін тастап кетті» деймін бе? Қатты күйзеліп, бірден салмақ тастадым. Ауырып басымды әзер көтергенде қасымда тек әке-шешем мен бауырларым ғана болды. Балаларыма бір ауыз қатты сөз айтпай, әкенің орнын жоқтатпай тәрбиелеуге көмектесіп жатыр.
Қазір баяғы 103 келі салмағым жоқ, 74-ке бірден түстім. Ал күйеуім бір айдан соң-ақ жас қызға үйленіп алыпты. Қарғамаймын, бақытты болсын. Бірақ құдайдың алдында парызынан қалай құтылар екен?!
Ең болмаса басқамен жүріп кетсе, ұрып-соқса, содан ажырассақ та мейлі екен. Мен салақ әйел боп немесе жақсы ана бола алмасам да өзімнен көрер едім. Өзімнен еш кінә таппаған соң да қиын екен. Тек толысып кеткеніме бола ажырасуды әлі қабылдай алмай жүрмін, - дейді Оразкүл.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Көңілдестен тусам да әкемді тапқым келеді»: Алматылық жігіт өзінің әкесін іздеп жүр
"Жаназа күні ақша беру ҮЛКЕН ҰЯТ!": Түркістандық келіншек ыңғайсыз жағдайға қалғанын айтып берді