"Дәрі ішіп өзің түсік жасаған шығарсың": жас келіншек өзін енесі қалай айыптағанын айтты

0
362

"Жүкті әйел секілді өзімді күтіп, жағдайымды жасай алмадым"


"Тұрмыстамын. Жолдасым екеуміздің арамыз айтарлықтай жақсы емес. Бұл жағдайға енемнің тікелей қатысы бар. Сол кісі екеуміздің арамызға түсуге тырыспағанда бәлкім, біз бір-бірімізді жақсы түсініп кете алар ма едік" деп хат жазды ERNUR.KZ оқырманы.


"Енем жолдасыма «ана қатын» деп мен туралы ылғи солай жағымсыз нәрселер айтып, ватсабына жазып отырады. Күйеуім анасының жазған жазбаларын өшіріп тастайды үйге келерде. Онысына да рақмет, көңіліме қарағаны шығар. Мені жақсы көргендіктен анасының қанша жаман сөздерін маған жеткізбей, отбасындағы тыныштықты барынша сақтап қалуға тырысып келді. Бірақ екеуміз бір-бірімізді қанша жақсы көріп тұрсақ та, бірге болуымызды қаламаған адамдардың арқасында арамыз суып бара жатыр.

Бір рет ұрыс болғанда енем «сені келін етіп алғаныма өкініп отырмын өзі» деген, сол кезде қатты ренжіген едім. Бірақ бір рет ұрысып, бетің ашылып кетсе қиын екен. Енем содан кейін шынында да ұрысқа ілік іздеп тұратындай болып көрінетін еді маған.

Екінші рет тағы да қатты ұрыс болғанда ол маған көкейінде жүрген бар шындығын жайып салды. Өзінің жақсы араласатын құрбысының қызы бар екен, сол қызды келін қыламын деп айтып жүрген көрінеді. Екі құрбы бір-бірімен құдағи боламыз деп армандаған ғой. Бірақ олар ұл-қыздарының қалауларын, жүрек үнін естімеген секілді. Ең бастысы ұл да, қыз да бір-бірін қалап тұрған жоқ, олардың өз сүйгендері бар. Ал бұл жағдай аналарын қызықтырмаған секілді. Ұлына әрдайым «Мен саған айттым Зағираның қызын ал деп. Тыңдамадың» деп ұрсып отырғанын естісем де, көңіліме келсе де, жолдасым өзі жауап береді деп үндемеуші едім. Жолдасым «Зағираңыздың қызы маған күйеуге шығайын деген ойы да болмаған ғой, ол бірінші күйеуге тиіп кетті емес пе?» деп анасына қарсы уәж айтса да, оны тыңдамайтын.

«Сен оған үйленем деп ертерек қамданғанда, ол да күйеуге шықпас еді. Сен ғой мынауыңның артынан қалмай, оған қарамаған» дейді. Қыздың көңілі кімде екенімен шаруасы да жоқ. Өзі де кезінде қыз болды, сезімдері болды. Оны неге түсінбейді, таң қаламын.

Енем маған қанша ауыр сөздерді айтып жатса да, үндемедім. Кейіннен жолдасым екеуміздің арамыз дұрыс болмай кетті. Ол да отбасындағы осындай берекесіздіктен шаршаған шығар, ырың-жырыңы көп шаңырақтан қаша бастады. Содан бойдақ кезінде аузына татып алмаған ол үйге ішіп келетін болды. Қаншама рет ұрды да, көзім көгеріп жұмысқа баратынмын. Әріптестерімнен де қатты ұялатынмын осылай көзім көгеріп барғаным үшін.

Кетіп қалуға бірдеңе ұстап тұратындай еді. Бәлкім күйеуіме деген қимастық шығар. Ортамызда дәнекер болып тұрған бала да жоқ. Әйтпесе, бала ортамыздағы жылулықты сақтап қалуға үлес қосар ма еді деген жалған дәме ғой.

Негізі мен тұрмысқа шыққаннан кейін бір жылдың ішінде құрсақ көтергенмін. Бірақ түсік тастадым. Жүкті әйел секілді өзімді күтіп, жағдайымды жасай алмадым. Оның үстіне отбасындағы жағдайдың сиқы да мәз емес болды. Енем үнемі туғандарыма тіл тигізіп, «кедейсің сен, әпкелерің бұзылған» деп неше түрліні айтатын. Әпкелерің деп жаман атты телуі де орынсыз. Өйткені, үлкен әпкемнің күйеуі қайтыс болған соң, балаларымен бірге әке-шешемнің үйіне келген болатын. Ал екінші әпкем әлі тұрмыс құрмаған. Сол әпкемді тілге тиек етіп «Қырыққа келгенше ай қарап, жұлдыз санап жүрмеген шығар? Дені сау болса осы уақытқа дейін тұрмысқа шығып, бала сүйіп отырар еді» дейді. Үлкен әпкемнің күйеуі жоқ, не істеп жүргенін құдай білсін деп тағы да кірді жаға салады. Осының барлығы менің шымбайыма батса да, отбасымды сақтап қалайын деп үндемей көніп жүрдім барлығына.

Сол сәттердің барлығы әсер еткен шығар, өзімнің жүкті болғанымды да байқамай, түсік тастаған кезімде барып бір-ақ білдім. Ол кезде кеш болды, баланы сақтап қала алмағаныма өкініп, жылаумен күндерім өтіп жатты.

Осы бір-екі күнде ұрыс болған, сол кезде күйеуім маған айтады «Екеуміздің баламыз болмағаны жақсы болды, әйтпесе сен мал болып кететін едің» деп. Күйеуімнен мұндай сөзді күтпеген едім. Ал енем болса әдеттегідей барлығына мені кінәлады. «Сол баланы секеңдеп, дәрі ішіп әдейі өзің өлтірген шығарсың» дегенде айтарға сөз таппадым. Қаншама жыл күткен қуанышым еді, сол бала бұйырмады. Сөздері қатты батты жаныма. Сондықтан «сенімен тұрмаймын» деп киімдерімді жинап кетіп қалдым. Енді не істеймін? Қайтадан ол үйге барғым келмейді."