""Мас кезінде қыздарыма тиісе ме деп қорқам"
«Бала ашықса, кім кінәлі?» деп сұрапты біреу қарттан. «Бала ашықса, анасына қарайды, ал ана ашықса, күйеуіне қарайды. Демек, бала ашықса – әкесі кінәлі. Отбасының жағдайына отағасы жауапты», - деген екен қарт. Өкінішке орай, бүгінде баланың қарны ашса да, күйеуі ішіп кетсе немесе басқа келіншекпен әуейі болса да, тіпті жұмыссыз үйінде жатса да бәрі әйелді кінәлайды" деп басталыпты ERNUR.KZ порталының әлеуметтік желідегі парақшасына келген оқырман хаты.
"Қайынбикелерім «Ініміз жұмыстан шығып қалыпты, басқа жұмыс тауып берсей» дейді әр келгенінде. Ал енем «Саған үйленгенше ішпеген, темекі тартпаған, пысық бала еді» деп мені айыптап отыр. Абысындарым «Еркекті алдап жұмсау керек. Наздануды үйренсей» дегенді айтады.
Әркім жан-жақтан кінә арта берген соң менде өз-өзімді жазғыратын әдет пайда болды. Содан барлығын өз иығыма артып, білек сыбандым. Кішкентайым бір жаста, одан үлкен екі қызым - бастауыш сынып оқушысы. Оларды екі жылдан бері жұмыссыз жүрген күйеуіме тапсырып, жұмыс іздестірдім.
Дипломым жоқ болған соң, қолымнан келетін іс бойынша әр тойханада жұмыс істеп жүрдім. Аспаз болып. Бірақ жап-жақсы жұмысымнан шығуыма тура келді.
Өйткені күйеуім үйге достарын шақырып, уайымымды көбейтті. «Қазір неше түрлі жағдайлар болып жатыр. Қыздарымды ойлап алаңдап жұмыс істей алмай жүрмін, достарыңды үйге кіргізбеші» деп түсіндіріп айттым. «Жаман жаңалықтарды оқи бермесейші» деп тыңдамады. «Карта ойнап, сыра ішкеннен басқа ешнәрсе білмейсің. Тым болмаса қоқысты төгіп, балалардың қарнын тойғызып қойсаң қайтеді?» деп ұрысып та айттым. Нәтиже жоқ.
Таң азанымен тұрып, кешке дейін жейтін тамақтарын пісіріп кетем. Суыған соң дайын асты тоңазытқышқа салуға ерінетін адамнан не қайыр, не үміт? Ал үзілген нандарды қайтадан пакетке салуды үйрете алмай-ақ қойдым. Мен келгенше нан қатып, сары май еріп, үстел үсті жиналмай жатады. Тіпті бір жасар балам бүлдірген жөргегімен жүре береді. Айта-айта шаршадым. Ол адам болмайды. Бұған көзім әбден жетті.
Бір күні мазам болмай жұмыстан ертерек сұранып кеттім. Үйге келсем, сыртқы есік ашық жатыр. Балам есік алдында жерде ұйықтап жатыр. Екі қыз жоқ. Ал күйеуім балаларға пісіріп кеткен тамақты ортаға қойып, екі досымен сыра ішіп отыр. Үй көк түтін, темекі тартып, карта ойнап, арасында боқауыз сөздерімен бір-бірін балағаттап күледі. Өзімді ұстай алмадым. «Саған сеніп жүрген ақымақ екенмін» деп айқайлап үйге кірдім. «Аузыңды жап» деп ұмтыла берген күйеуіме қарай бөтелке лақтырдым. Қашып үлгерді, терезе сынды. «Кетіңдер. Сен де кет» деп айқайладым бәріне.
Күйеуім сенімнен шықты. Ал мен амал жоқ, жұмыстан шықтым. Қазір екеуміз де үйдеміз. Ол күні бойы ұйықтайды, кино көреді, әлеуметтік желілерде отырады. Әйел үшін он екі мүшесі сау азаматының жұмыс іздемей, тірлік істемей үйде жатқаны бір күйік екен ғой. Балалардың жәрдемақысын азық-түлікке әрең жеткізіп отырмын. Оның әр сөзі, жай жатысының өзі жүйкемді жұқартып, ашуымды келтіреді."