​«Енем шашымнан жұлып қуып шықты»: астаналық келіншек қиындықтан шығатын жол таппай жүргенін айтты

0
565

«Күйеуім құмар ойындарына кіріп кеткен екен»


​«Енем шашымнан жұлып қуып шықты»: астаналық келіншек қиындықтан шығатын жол таппай жүргенін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ұра берсең, Құдай да өледі» демекші, сен басыңды бұққан сайын жұдырығын ала жүгіретіндер бар екен. Бұрын мен онша-мұншаға дес бермейтін, мінезді қыз едім. Күйеуге тигеді басқа адамға айналып кеттім. Енем мен күйеуім төмпештеп жатса да мыңқ етпей жата беретін сорлы болдым», - депті ERNUR.KZ редакциясына хат жолдаған Гүлфари есімді келіншек.


Астана қаласының маңындағы ауылдардың бірінде тұратын оқырманымыз отбасылық өмірден шаршағанын айтып шығынып отыр.


«Тұрмыс құрғаныма төрт жыл болды. Бір ұлымыз бар. Ата-енеден бөлек тұрамыз. Бөлек дегенім болмаса, енем үнемі бізбен бірге. Келіспеушіліктің бәрі сол кісіден басталып отыр.


Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Енем екі баласымен жұмыс істеп байып кетеміз деген оймен оңтүстік жақтан көшіп келген. Мен де сол жақтың қызымын, енеммен бірге мектептің асханасында жұмыс істеп жүріп танысып, өзі ұлына әперген. Қазір оның іс-әрекеттеріне қарасам мені не үшін келін еткенін түсінбеймін...

Күйеуімнің түр-басы әдемі, сөзі де тап-тұйнақтай. Көрген адамның әуесі келеді. Бірақ құмар ойынға кіріп кеткен екен. Оны мен кеш білдім. Шешесі «үйленсе адам боп кетер» деп ойлапты. Қарызға белшеден батып қалған. Жалдап тұрып жатқан пәтерімізге қарызын сұрап келе бергесін түн жарымында көшіп кеттік. Таба салатын дайын үй жоқ, мешітке түнеген кездеріміз болды.


Азаннан кешке дейін асханада тік тұрып жұмыс істегенім бар, үйдегі жетіспеушілік, күйеуімнің бітпейтін қарызы, пәтерден пәтерге көшу, осының бәрі ішімдегі балаға әсер етті ме, жүрегінде ақауы бар боп туылды. Өзім соны ойлап қиналып, жылап-сықтап жүрсем енем келіп «өзіміз сенен зор қиындықты көрсек те балаларымызды аман-сау туып едік, бір баланы жарытып туып бермедің ғой сен қатын» деп бетіме сөйлеп, ұрысып кетті.


Оны емдететін ақша жоқ. Тапқанымыз тамақ пен пәтердің ақшасынан артылмайды. Бір күні енеме «мама, сіз мына балаға қарап отырыңыз, мен екі жерде жұмыс істеп, Ерланның қарызынан құтылуға тырысайық. Күндіз мектепте, түнде ауруханада еден жуам» дедім. Енем басында келісіп, балама өзі қарап отыратын болған.


Үш айдай екі жерде істеп жүрген едім, ауруханадан қысқартуға ұшырап, жұмыстан босап қалдым. Бірақ қарап отырсақ аш қалатынымыз анық, дереу «жұмыс іздеймін» деген чатқа кіріп, бір кафенің ыдысын жууға жалдандым. Жұмысы оңай емес, бірақ амал жоқ, таңға дейін тікеңнен тік тұрып тау-тау ыдысты жуасың.


Бақытыма орай бастығым жақсы кісі боп шықты. Мерекелерде, банкет болған күндері күндік табысыма тағы 5-10 мың теңге қосып береді. Басында ол кісінің мұндай мәрттігінен секем алып, бас тартып жүргем. Бірақ ол кісі «Гүлфари, сенімен жасты менің де қызым бар. Ол мұндай тірлікке шыдамайды. Ал сенің мықтылығың, еңбекқорлығың маған ұнайды. Тірлікті тап-тұйнақтай етіп орындайсың. Сондықтан саған көрсеткен әкелік қамқорлығым деп біл мұны» деп ашып айтты. Сол күннен бастап берген қосымша ақысынан бас тартпайтын болдым.


Бастығым берген қосымша ақшаларды жинап жүргем. Туған күнімнің қарсаңында өзімді қуантпақ болып әдемі көйлек сатып алдым. Жұмыстағы қыздар «туған күніңді атап өтейік» деп қоймағасын күндіз әлгі көйлекті киіп, өзіміздің кафеде отырдық. Сол күні үйге кештеу қайттым. Барсам екі жасқа толған балам жалғыз қалған. Енем үйде жоқ. Тастаған да кете салған ғой. Алдын «келе жатсың ба» деп хабарласқан. «Шықтым, қазір барып қалам» деп айтқам. Мені күтпей құрбысына кетіп қалған.


Түнде келгенде «Мама, сәл күте тұрсаңыз болар еді ғой, Аянат жылап, қорқып, бір өзі бүрісіп отыр екен. Қалай ғана тастап кете салдыңыз» деп ренжіп едім. Бәленің бәрі содан басталды. Құрбысының отырысынан қызып келген енем мені шапалақпен салып қалды. «Сен албасы, тілің шығып, маған қарап сөйлейтін дәрежеге жеттің бе? Асхананың полын жуып жүрген жеріңнен менің балама тиіп, бала туып адам боп қалыпсың ғой» деп шашымнан сүйреп түнде үйден қуып шықты.


Бұл кезде күйеуім үйге келмеген. Бар үміт сонда болды, келсе өзі ертіп кірер деп сыртта жаурап-жасынап күтіп тұрдым. Бір уақта келді-ау, «мамаң ұрып қуып шықты» деп жағдайды түсіндіріп едім, «жетісіп кафелеткен өзің кінәлісің, азанда кешірім сұрайсың, оған дейін ақылың кірер» деп далаға тастап кетті.


Шынымды айтсам, таңға дейін басыма неше түрлі ой келді. Баламды алып Шымкентке қайтып кетуді де ойладым. Бірақ барғанда не айтам, баламмен кім жақтырады. Ақымақпен ақымақ болмай, енемнен кешірім сұрай салайын деп ойлап, азанда есікті қағып, енемнің алдына жығылдым.


Сол күннен бастап менің басымнан тоқпақ кетпейді. Енем ішімдікке құмарта бастады. Мен жұмыстан келсем бітті құрбыларына кеттім деп шығып кетеді. Түн жарымда келеді де әй-шайға қарамай мені тоқпақтап ұра береді. Ал баласына айтсам «өзіңнен бәле бар, бірдеңе деп тілін шығарғансың» деп бет бақтырмайды.


Көрген күнім – осы. Күйеуіммен көршілер сияқты өмір сүріп жатырмыз. Ештеңемен ісі жоқ, кіріп-шығып жүргені болмаса бізге дым пайдасы жоқ. Әкеп қойған тамақты, балама деп сатып алған жеміс-жидекті жеп, нервіме тиіп жүр. Төркініме «енем ішеді, күйеуім құмарға кіріп кеткен» деп айтуға аузым бармайды. Ажырасып кете салайын десем баратын жерім жоқ. Мамамның денсаулығы жоқ, мені ойлап уайымдайды. Не істеймін, мына азап өмірден құтылудың жолы бар ма?»