"Енеме қарау - он бала баққаннан да ауыр боп барады"

0
489

Отырған жерінде "бүлдіріп" отырады. Таза ыдысқа дәрет сындыратын әдеті бар...


Сурет: n1s2.hsmedia.ru

"Жас келін болып түскен кезімде ата-енем біраз жасқа кеп қалған қарттар болды. Атамның мінезі тым шатақ болатын. Оны мен түзете алмайтыным анық. Сондықтан, барынша шыдауға тырыстым, бейімделдім. "Қанша өмірі қалды дейсің, үндемей-ақ қой, шыда" деп ақыл айтты бәрі. Тіпті күйеуім де солай деді. Сол сөздердің арқасында өзімді қайрап, тістеніп, қандай мінезін көрсетсе де, қарсы тіл қатпай жүрдім. Дәм-тұзы таусылар шағында маған риза екенін айтып, батасын беріп кетті" - ERNUR.KZ редакциясына хат жазған әйел қазіргі мәселесінің бұдан да ауыр боп тұрғанын айтты.

"Ал енем әлі де қолымда. Марқұм атамның құбылмалы мінезін өмір бойы көтеріп келген оның да оңай өмір сүрмегенін түсінемін. Жүйкесіне әсер еткен шығар, жасы сексенге келгенде есі кіресілі-шығасылы болып жүр. Яғни, турасын айтқанда, алжып барады. Жағдайы күннен күнге нашарлап жатқандай. Соңғы кездерде жасайтын әрекеттері тіпті миға қонымсыз.

Үйге келген қонақтарға «Мына қатын маған түк бермеді. Он күннен бері ашпын. Бір үзім нан жемедім, бір жұтым су ішпедім» деп көзімді бақырайтып қойып жамандауды енді бастаған кезінде шырылдап кететінмін «Апа, қазір ғана тамақ іштіңіз ғой» деп. Қайдан білейін, алжасқан адам барлығын ұмытып қалатынын. Туыстар да түсіне бастады кейін. Енеміздің жас бала секілді бұртиып отырғанын көріп, маған ұрысқан болады. Сосын енем оған мәз болып, шашып-төгіп тамағын жейді.

Отырған жерінде бүлдіріп отырады. Көзден таса етсең бітті, шаруаң көбейеді. Ашығын айтсам, оның несін жасырам, кейде ұятты тірліктері де бар. Киімін шешіп тастап дастархан басына келе салу немесе таза ыдысты дәрет сындыратын горшок ретінде пайдалану секілді қылықтары көп.

Әрине, ашуыңды туғызады мұндай жағдайлар. Дегенмен, сүйген жарымның анасы, оның үстіне қарт кісі, өз ісіне есеп бере алмайтын жағдайда. Оған тек қана күтім қажет, бақылау қажет. Жолдасыма рақмет, мені мұндай мәселемен жалғыз қалдырмай көмектесіп жүреді. «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген сөз бар ғой қазақта. Тап солай. Байлап отырмасақ та, көзден таса етпеуге тырысып отырмыз.

Мұндай енені бағу он бала қарағаннан да ауыр. Оған үлкен төзім мен шыдам керек. «Адам үш күннен соң көрге де үйренеді» демекші, мен де бұл жағдайға үйрендім. Оған қарап, күйеуімнің туыстарының маған деген көзқарасы өзгерген жоқ, керісінше құрметі артты.

Ақылы бар адам түсінеді ғой, қайынәпкелерім аналарының жағдайын білуге келіп, үнемі маған рақмет айтып кетеді. Өздерінің қарай алмайтындарын мойындайды. «Анамыз болса да, шыдай алмай кеттім. Дүние тұрғанша тұр, саған ризамыз, балаларыңның қызығын көр» деп баталарын беріп кетеді. Сол батаның арқасында мен өзіме қайтадан күш жинап аламын шынымды айтсам..."