​«Қайныма тұрмысқа шығудан бас тарттым»: жамбылдық келіншек әмеңгерлікке келіспегенін айтты

0
8 916

«Ол да, менің шешіміме қуанып кетті...»


​«Қайныма тұрмысқа шығудан бас тарттым»: жамбылдық келіншек әмеңгерлікке келіспегенін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әмеңгерлік деген салт бар ғой қазақта. Бұрын әмеңгерлікпен өшкен отын қайта тұтатқандар көп болған екен. Маған да сол дәстүрмен қайныма тұрмысқа шығуды ұсынды. Бірақ мен одан бас тарттым», - дейді Алуа есімді әйел.


Жастай жесірліктің ащы дәмін татқан оқырманымыз не себепті әмеңгерліктен бас тартқанын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Күйеуіммен бөлемнің құдалығында таныстық. Тұрмысқа шыққан бөлемнің күйеуінің нағашысы екен. Әдемі көлігі болғасын құдалардың мәртебесін асырайын деп шопыр бала боп келген екен. Сол құдалықта қызмет жасап жүріп танысып, телефон алмасып, араласып кеттік. Ол менен 10 жасқа үлкен еді. Әуел баста оның үлкендігінен аздап секемдендім. «Үйленіп ажырасқан шығар, менен жасырып айтпаған болар» деп ойлап, күмәндандым. Бірақ таныса келе, әңгімелесе келе арамызда сезім пайда болып, махаббатқа бөлендік.


«Айгүлдің күйеуінің бөлесі сөз салып жатыр» дегенде анам үзілді-кесілді қарсы болды. «Үй ішінен үй тікпейміз, қой, сен әлі жассың, оқуыңды бітіріп ал» деп рұқсат бермеді. Сондықтан мен өз келісімімді беріп, Сағдат мені алып қашты. Сағдаттың інісі үйленгенше ата-ененің қолында тұратын боп келісіп, той-томалағымызды өткізіп, отбасылық өмірді бастап кеттік.


Адамның бақытты шағы тым қысқа болады екен. Күйеуіммен отасқан азғантай уақыт ішінде ата-ененің де, қайынәпке, қайынағалардың да ықыласына, мейіріміне бөленіп үлгердім. Олар менің оқуымды оқып, дипломымды алуыма бар жағдайды жасады.

«Оқуыңді бітірсең мектепке мұғалім етіп кіргізіп қоям, декретке сол жақтан шығасың» деп енем шын көңілмен менің балалы болуымды тіледі. Бірақ екі жылға дейін құрсақ көтере алмай, дәрігерлерге қаралдық. Үшінші жыл дегенде аяғым ауырлады. Үйдегілердің қуанышында шек жоқ, бар жағдайымды жасап, жерік асымды тауып беріп, асты-үстіме түсті.

«Бақыт деген осы шығар» деп басым айналып, күйеуімнің ерекше көңіліне масайып жүрдім.


Дүниеге ұлымыз келді. Әкесінен аумайтын бала үйімізді одан сайын жарыққа бөлеп, ата-енемді жасартып жіберді. Дүркіретіп бесік тойын жасадық. «Енді баламның тұсау кесер тойын жасаймын» деп Сағдат күн санап күтті. «Бір жылда екі той ұят қой» дегеніме қарамады. «Ештеңесі жоқ, баламның алғашқы туған күнін атап өтеміз» деп бой бермей, тойхана іздеп, шақыру билетін жасап, ерекше дайындалды.


Не керек, жоспарлаған тойымызды аман-есен атқарып алдық. Келген қонақтар ақ тілегін жаудырып, мақтау сөзге көміліп, бір марқайып қалдық. Ұлымыз үлкендердің батасын алды. «Ойпырмай, тіл-көзден сақтасын» деп енем қайта-қайта айта берген. Арада тұп-тура бір ай өткенде қалаға қатынап істейтін күйеуім көлігімен аударылып кетіп, ауруханада бір апта жатып қайтыс болды.


Ол кездегі қиналғанымды айтпай-ақ қояйын, сүйген адамыңнан айырылу оңай емес. Келін екенімді де, ана екенімді де ұмыттым. Бір нүктеге қадалып, бақытты күндерді көз алдымнан өткізіп үш айды артқа тастадым. Ата-енем де мазамды алмады. Өзім небәрі 23 жастамын, бірақ қырыққа келген адамдай қартайып кеттім. Жалғыз жұбанышым балам болды.


Жастайынан жесір қалған адамға қиын екен, бірден мінезім өзгеріп, ата-енемнің әр сөзінен мін іздеп, қит етсе жылай салатын әдет пайда болды. Бір риза болатыным, соның бәрін ата-енем, қайын жұртым көтере білді. Ләм-мим демеді.

Тек үлкен әжеміз ғана шақырып алып, «мыналардың ешқайсысы сенің көңіліңе қарап, әңгімені бастай алмай жүр, үйдің үлкені болғасын саған өзім айтайын, сен мынау қайныңа қосыл. Сағдаттан қалған тұяқ жетімсіремесін. Қайтейін, пешенеңде бар екен, өлімнен қашып құтыла алмаймыз. Медетке қосылсаң қор болмайсың, қарағым. Сенен кіші емес, жасы үлкен, теңесіп кетесіңдер. Медетжанға өзім айтып қойғам, ол менің сөзімнен асып ешқайда бармайды» деді.

Соңғы шешімді өзіме қалдырды.


Медет менен үш жас үлкен қайным. Қара шаңырақтың иесі еді, соның үйленгенін күтіп, қалаға көше алмай жүргенбіз. Мінезі жақсы, шаруаға икемді бала. Бірақ оған болашақ күйеуім ретінде қарай алмадым. Әке-шешеммен ақылдасып едім, «үлкен құдағи дұрыс айтып отыр, әлде де ойлан» деп шығарып салды.


Бірақ мен әмеңгерліктен бас тарттым. «Мен бөлек кетейін, баталарыңызды беріңіздер» деп алдарынан өттім. Басында қимағанымен, тағдырға мойынсұнды. Бәрі менің шешіміме құрметпен қарады. Бәрінен де Медет қуанды, оның сүйген қызы бар екен. Әжесінің сөзінен аса алмай, амалсыз келіскенін мойындап, алғысын айтты.


Қазір қалада, пәтер жалдап тұрамын. Пәтердің ақысы, айран-сүт, ет-майды, баланың киім-кешегін ата-енем әперіп, жәрдемдесіп тұрады. Өзім жұмыс істеп жүрмін. Демалыс сайын қайным келіп, баланы ауылға алып кеттеді. Осы уақыт ішінде сөз салып, ұсыныс білдіргендер көп болды. Бірақ күйеуіме деген махаббатым бәрінен биік екен. Сағдаттың орнын баса алатын адам кездеспейтін сияқты. Содан қалған тұяқты жақсылап тәрбиелеп, адам қатарына қоссам, арымның алдында адал болар едім...»