"Келімді-кетімді кісілерден шынымды айтсам, ығырым шықты"
Сурет: i.pinimg.com
Қазақ үшін қарашаңырақ - қасиетті ұғым. Әке-шешенің еңбегі сіңген, балалық шағының естелігі толған бұл мекенді ұзап кетсең, сағынасың, аңсайсың. Ал күнделікті сонда тұрып жүрсең, әсері басқаша. Бұл сөзіміздің дәлелі - ERNUR.KZ редакциясына мұңын шағып хат жолдаған Мұрат атты оқырман.
"Әке-шешемнің ортаншы ұлымын. Алдымда ағам, өзімнен кейін інім бар. Екеуі де үйлі-баранды. Ағам – Алматыда, інім – Астанада тұрады.
Ол екеуі де менен бұрын үйленіп, бірден еншілерін алып бөлек кеткен. Мен отыздан асқанша жүріп қалдым. Кеш үйлендім. Қазір әке-шешемнің қолында тұрып жатырмын.
Бұрын аңғармаппын, негізі қарашаңырақта тұрудың жауапкершілігі, жүгі әжептәуір екен. Шығынын тіпті айта алмаймын. Күндіз жұмыстамын, әжептәуір айлығым бар. Кешкісін қосымша табыс болсын деп такси қызметіне шығамын. Соның өзінде тапқаным көзге көрінбейді, артылып жиналмайды. Өйткені шығыным шаш-етектен.
Ақша таба алмайтын, жалқау не жұмыстың көзін таппайтын жігіт емеспін. Бір отбасыны ел қатарлы асырай алатын қауқарым бар. Бірақ, үлкен кісілердің қонағы үзілмейтіні, той-жиындарының бітпейтіні шаршатып жіберді.
Мұздатқышта ет жартысынан аз болса «Аяқ асты қонақ кеп қалса, немізді береміз, ет ал» деп әке-шешемнің мазасы кетеді. Үнемі жілік-жілік жылқы, сиыр, қой еті үзілмеуі керек. Арасында үнем болсын деп тауық етін араластырыңдар десем, оны мүлде місе тұтпайды.
Жұмыста отырсам «Үйге пәленше көкелер, түгенше апалар кеп қалды, дастарханға кәмпит керек, жеміс ала кел, шайға тәттіні түгелде. Балаларға печенье таусылды, жөргек бітті, анау керек, мынау керек» деп келіншегім тыныштық бермейді.
Одан қалды әке-шешем ағайын-туыс, құда-жекжаттың өлген-жіткен, ас-жиыны бар, той-томалағы бар, бірінен қалмай барулары керек. Оған мен апарып-әкелуім керек. Алыс жақтағыларға барып-келу үшін бір күнің кетеді. Ыңғайсыз болса да, бастықтан сөз естісең де, жұмыстан қайта-қайта сұрануға тура келеді. Тойға шашу, өлім-жітімге бата жасаудың өзі аз ақша емес. Әке-шешемнің пенсиялары бар, бірақ ол ақша өздерінің дәрі-дәрмектерінен артылмайды. Мейлі, соған жетіп тұрғаны да жақсы ғой. Әйтеуір, ауырмай-сырқамай, көз алдымызда аман жүрсінші деп жағдайларын барынша жасап жатырмыз.
Бірақ одан бөлек той-жиынның шығыны, барыс-келісі, «қарашаңыраққа кіріп кетейік деп келдік, қолыңызды алып, сәлем берейік дедік» дейтін келімді-кетімді кісілерден шынымды айтсам, ығырым шықты.
Ағам мен інім өздерімен-өздері. «Қазаны бөлектің – қайғысы бөлек» деп бекер айтпаған екен ғой. Еншісі бөлек болғасын әке-шешемді тасымайды, той-жиынды біз сияқты түгендемейді. Өз уақыттары, қаражат жағдайына қарай ыңғайластырып, біріне келсе, біріне келмейді. Ал біз қарашаңырақта тұрғасын міндетті түрде баруымыз керек. Бармасақ – ұят.
Кейде ағам мен інім осындай боларын біліп, бірден үйленіп-үйленіп, жөндерімен кеткен екен ғой деп ойлаймын. Кезінде олар «Мен мұнда тұрмаймын, Астанаға кетем, Алматыға барам» дегенде мен «Кете беріңдер, әке-шешемде өзім-ақ қараймын. Өзім-ақ бағамын» деп ерегісуші едім.
Қарашаңырақта, кемпір-шалдың қолында тұрудың қиын екенін енді түсініп жатырмын. Қайтадан таңдауға болатын болса, "қарашаңырақта тұрғым келмейді" деп бірден айтатын едім..."