"Қартайғанда бала-шағаға сүйкімсіз болғым келмейді"

0
186


Сурет: i.pinimg.com

"Жастарды аяқтан тартып, жолдарын жабуды, кедергі жасауды қою керек. Өйткені, заман жастардікі. Біздің дәуіріміз өткен."

Осылай деп ой түйіндеген оқырманмен ERNUR.KZ порталының тілшісі әңгіме-дүкен құрған еді.


"Мен жеті ба­ла­ны өмірге әкелген бақытты ана­мын. «Алтын алқа» иегерімін. Жеті баламды бүгінгі күнде аяқтандырып, төрт қызымды тұрмысқа беріп, үш ұлымды үйлендірдім. Аллаға шүкір, барлығы да өз алдарына шаңырақ көтеріп, бір-бір үйдің түтініні түзу ұшырып, отбасын дөңгелентіп отырған жандар.

Кенже ұлымды осыдан бір жыл бұрын ғана үйлендірдім. Енді сол ұлымнан немере көрсем арманым болмас еді. Жолдасым кейінгі балаларымның үйлі болғанын көре алмай кеткені өкініш болмаса, қалғанының барлығы жақсы.

Үлкен қызымның өзі немере сүйіп үлгерді, екі шөберем бар. Шөберенің қолынан май жалап, бұл дүниедегі нағыз бақыттың дәмін сезінген анамын, әжемін.

Ұрпағымның алдындағы сый-құрметімді жоғалтып алмай, соларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, өмірлік сабақтарды үйрете алсам, бұл өмірге келгендегі міндетімді дұрыс атқарғандығым деп есептеймін.

Аты-жөні жоқ ақыл айтып, балаларым мен келіндерімнің мазасын алмаймын. Онсыз да олар өмірге деген көзқарастары қалыптасқан, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін жақсы біледі деп ойлаймын.

Олар менің ақылымды керек етсе, өздері сұрайды. Сондай кездері ғана ақыл қосып, «осылай еткендерің жөн» деп айтып отырамын, ал басқа кездерде өз өмірлері. Жеке өмірлеріне қол сұғып, «менің айтқанымдай болуы керек» демеймін. Себебі, қазір заман басқа. Менің жастық шағымдағы ұстанған, қалыптасқан нәрселер қазіргі жастарға жүрмеуі мүмкін.

Шынымды айтайын, өз балаларымды қайдам, немерелерімнің жан-жақтылығына риза боламын. Мен білмеген нәрселерді солар біледі. Бірнеше тілді үйреніп, болашақтарына деген қадамдарын нық басқандары, өздерінің тұлға екендіктерін естен шығармай, өз пікірі мен өз ойы бар екендігін жасырып, тұмшалап қалмай, ашық айтатындықтары ұнайды.

Ал біздің заманымызда мұндай болған жоқ. Үлкен кісілердің айтқаны заң болатын, барлығы соған бағынуы керек. Қазір жастар бағынбайды дей алмаймын, олар өздерінің де талап-тілектерін іске асырып, өздері үшін ыңғайлы жағдайды таңдайды.

«Біз жас күнімізде былай істейтінбіз», «біздің заманымызда бұндай болмаған» деп жастарды аяқтан тартып, жолдарын жабуды, кедергі жасауды қою керек. Өйткені, заман жастардікі. Біздің дәуіріміз өткен. Біздің дәуірімізде болмаған екен деп жастарға сол ойымызды тықпалай беру де жөн емес.

Олар дамысын, оқысын, тоқысын. Оның несі жаман? Керісінше, ұрпағымызды көзі ашық, көкірегі ояу, әр нәрсеге дұрыс баға бере алатын болып қалыптасқаны жақсы емес пе? Енді заманауи екенбіз деп, ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық болмысымызға қарсы шықпаса болғаны. Ондай да жоқ емес. Сондай кездері мен ақырын ғана, баланың көңіліне келмейтіндей, жанын жараламайтындай әдемі етіп жеткізуге тырысамын. Қартайғанда бала-шағаға сүйкімсіз болғанның несі жақсы?