"Күйеуді қолындағы ақшасымен қоса басқарудың маманы дерсің. Оның әдістерін барлық әйел үйреніп алса болады екен."
Сурет: st3.depositphotos.com
"Келінім жап-жақсы қайнымды шық бермес Шығайбай қылды. Бұрын қолы ашық, жомарт еді. Қазір неге сұрасаң да "ақша жоқ" дейтін болған" - осылай деген оқырман ERNUR.KZ редакциясының желідегі парақшасына ашуы мен өкпесін, шағымын жеткізіп жазба қалдырған.
"Келінім деп отырғаным – қайнымның келіншегі. Бойдақ жүргенде айлығының көп бөлігін енеме әкеп беретін. Сұрауы жоқ, өзіміз керек-жарағымызға жұмсай береміз. Өйткені оның отбасы жоқ, бекерге ақшасын қыз-қырқынға жұмсайды, қыдырып құртады. Мен бірінен соң бірін туып үйде отырмын. Ал күйеуімнің тапқаны үлкен бір отбасыға жетпейді.
Обалы не керек, қайным сұрағанымызды беретін. Үйге жаңа теледидар, жаңа тоңазытқыш әперген. Оның табысына енем екеуміз ақылдаса жүріп, ыдыс, кілемнің бәрін жаңалап алғанбыз. Үйге келген сайын балаларыма ойыншық пен тәттілерді пакет-пакет етіп әкелетін.
Үлкен қызым оқуға түскенде сол қайнымның жалдамалы пәтерінде жатты. Стипендия алғанымен, қыз болған соң киінетіні, кафеге баратыны, боянатын заттары бар, шығыны көп қой. Бойдақ қайнымнан ақша сұрауды үйреттім. Әйтпесе әкесінің тапқаны ас-суымызға әрең жетеді.
Қолы ашық қайным ешқашан «жоқ» демеген. Бірақ үйленген соң өзгерді. Бастапқыда суретін көргенде-ақ ұнамаған еді. Келе салып қайнымды өзгертті.
Қазір не сұрасақ та, қайным «ақша жоқ» дейтін болған. Келін телефонынан ақшасы қайда кетіп жатқанын тексеріп, қайынәпкелерге шағымданыпты. Сөйтіп қайынәпкелерім «Нұржанның енді отбасы бар. Қашанғы пәтерде жүреді, үй алуға ақша жинау керек. Ақша сұрама» деп маған қарсы шықты. Ашуым келді. "Мен сияқты шұбырып жатқан бес баласы жоқ, екеуіне не ақша кетер дейсің? Мен бергенін төркініме тау асырып жатқан жоқпын, осы үйге жаратылып жатыр. Шешесі, ағасы, бауырларына бергені болады да" деп айтып тастадым.
Намысыма тиіп, енді сұрамаспын деп ем. Бірақ қу дүние жетпейді. Күйеуім қысымен жұмыссыз жатты. Енемнің зейнетақысы өзінің той-томалағы мен дәрісінен артылмайды. Сосын өзі «Басқаларының өз бала-шағасы бар. Нұржандарда қазірше бала жоқ қой, сұрай бер» деп рұқсат берген.
Жақында келін студент қыздарыма смс жазып жіберіпті. «Ағаңнан ақша сұрай берме. Қара жұмыс істеп, денсаулығын құртып, күн астында жүріп тапқан ақшасын өзіне жұмсасын. Жұмыс істе немесе әкеңнен сұра» деп жазыпты. Естігенде ашуымның келгені-ай. Өзімді әрең ұстадым. Бірақ сонда да сәл жеңілдеу қылып келіннің өзіне "Сұраса, ағасынан сұрап жатыр, сенен емес. қарындасына бере ме, бермей ме өзі біледі, бауырлардың арасына түспе" деп жазып жібердім. Ол да сөзден қалыспай «Қыздарыңыз жұмыс істесін. Өзіміз студент кезде сабақтан кейін кафелерде ыдыс жуғанбыз» депті. Екі қызым да мемлекеттік грантпен оқиды, жұмыс істеймін деп оқу үлгерімі нашарлап кетсе ше?
Өткен аптада қайным "Қыздарды жатақханаға жатқызасыздар ма, басқа пәтер жалдайсыздар ма, бір амалын қылыңыздар" депті күйеуіме. "Жұмыстан шаршап келіп демалайын десек, түнімен телефонмен сөйлесіп, кино көріп, ұйқы бермейді. Жуынайын десем, ванна осы екеуінен босамайды. Үй өзімдікі болса мейлі, жалдамалы пәтер. Үй егесі адам көбейіпті, пәтерақыны көбейтем дейді" деп, айта берсе желеуі көп. Екі қызымды сыйдырмаудың сылтауы ғой. Бұрын қайным бұлай сөйлемейтін. Оны өзгерткен, аузына сөз салып беріп отырған – келін екені айдан анық.
Келін жап-жас болса да, күйеуді қолындағы ақшасымен қоса басқарудың маманы дерсің. Оның әдістерін барлық әйел үйреніп алса болады екен. Енем екеуміз не айтсақ та, қайныма сөзіміз өтпей отыр."