"Көрші палатадағы әйелді көргенде қатты ұялдым": жас ана асылық айтқанына өкінеді

0
353


Сурет: optim1stka.ru

Тағдырын білмейтін жанды талқылау, "Неге өйттің? неге бүйтпедің?" деп сұрақтың астына алу - қателік қана емес, қатыгездік. Әсіресе, баласыз әйелге "Қашан туасың?", көпбалалы анаға "Неге көп тудың?" деу үшін ақымақ болу керек шығар. Ақыл айтамын деп, асылық айтпайық. Біреудің жанды жерін тырнаудан аулақ болайық.

ERNUR.KZ оқырмандарымен ой бөліскісі келген әйелдің де айтпағы осыған саяды.


"Декреттік демалыста күйзеліске түстім бе, күні бойы ұйқым келіп, ал түнімен әртүрлі ойлармен алысып шығатын болдым. Өмірімнің мәні жоғалғандай көрінді.

Күн сайын қайталана беретін бір сарынды тіршілік: таңертең баламның жөргегін ауыстырам, тамақтандырам, ұйықтатам. Қайтадан жөргегін ауыстырып, шомылдырып, тағы тамақтандырам. Күнім осылай өтеді. Осыған жиі шағымданатын болдым. Бәлкім, құдай менің бұл ренішімді естіп: "Тыныш өмір жақпаса, мә, саған!" деді ме екен, бір күні балам аяқ астынан ауырып қалды.

Алдымен, іші тоқтамай өтті. Емсе де, су ішсе де, іші сарылдап, күніне 7-8 рет жөргегін ауыстыратын болдым. Тісі шығып жатқан шығар деп ойладым. Диареяны сап тыятын дәрі бердім, көмектеспеді. Екінші күні құса бастады. Қайта-қайта құсады, іші өтеді. Температурасы көтерілді. Екі-ақ күнде баламның ауырмай жүргені үлкен бақыт екенін түсініп жыладым. Үшінші күні шыдай алмай, жедел-жәрдем шақырдым.

Бізді жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызды. Балам тамақтан да, судан да бас тартып, әбден әлсіреді. Оны құшақтап отырып, "Е, Құдай, енді асылық етпеймін. Тек балама шипа берші!" деп қайталай бердім.

Кешке дәрігерлер тамыры арқылы дәрумендер мен антибиотиктер берді. Келесі күні баламның жағдайы жақсара бастады. Мен де өзіме келе бастадым. Дәлізде ары-бері жүріп, басқа палаталардағы аналармен сөйлесіп, ойым бөлінді.

Палатада бірге жатқан келіншектердің бірі "9-палатада бір әйел үш баласымен жатыр. Балаларының арасы небәрі алты-ақ ай екен! Бір жарым жастағы және бір жастағы екі қызы, 6 айлық баласы бар. Балалары жылағанда жаным ашып кетті" деді.

Оның сөзін естіп "Қазір дамыған заман ғой, жүктіліктен сақтанудың түрлі жолдары бар. Неғып сақтанбай, сонша туа берген? Еркектің ешнәрсесі кетпейді, қиналатын – әйелдің өзі" деді екінші келіншек. Мен де "Жүктілікті жоспарлау керек. Мен ендігі баламды екі жылдан кейін ғана жоспарлаймын. Оған дейін өзіме қараймын. Балаларыма сау ана керек" деп өз ойымды қостым.Бір сағаттай осы тақырыпты талқылап, көрші палатадағы әйелді сырттай әжептәуір сынап тастадық.

Келесі күні балама система салдырып отырып, сол үш баласымен жатқан келіншекпен таныстым. Ол да баласына система салдырып отыр екен. Әңгімелесе келе, оны ана ретінде түсіндім.

Тұрмысқа 19 жасында шыққан. Үш жылдан кейін бедеулік диагнозы қойылып, екі жатыр түтігінің бітеліп қалғанын анықтаған. Операция жасатып, түтіктерін аштырғанымен, көп жылдар бойы жүкті бола алмай жүріпті. Дәрігерлер «Бала асырап алыңдар» деп кеңес бергенімен, үмітін үзбеген. Тіпті ата-енесі баламның басын босат деп те айтыпты. Ажыраспақшы боп жүргенде, он үш жыл күткен сәбиі құрсағына бітіпті. Бірақ тоғыз ай көтеріп, дүниеге әкелем дегенде, 40-аптада сәбиі шетінеп кетіпті.

"Қан кетіп, жедел жәрдем шақырттым. Операция жасалды. Есімді жиғанда баламды сұрадым. Дәрігерлер "ол шетінеп кетті" дегенде, талып қалдым" - деп көзіне жас алды. Бұл оқиғаны естігенде мен де көз жасымды тыя алмадым.

Арада екі жыл өткенде тағы жүкті болған. Бірақ бұл жолы "Сақтансам, тағы туа алмай қалам ба деп қорықтым. Алладан күнде "бала берші, қанша берсең де, бәрін өмірге әкелемін" деп тілеген едім. Алла тілегімді қабыл алды, енді мен де уәдемде тұруым керек" деп, ешқандай сақтану жолдарын пайдаланбағанын айтты.

Осылайша, үш баласының арасы өте жақын болып туылған. Бірақ ол ешқашан өкінбейтінін, тіпті тағы да туғысы келетінін жеткізді. "Он балам болғанын қалаймын!" деді ол көзі жалт-жұлт жайнап. Оған қарағанда тұла бойы мейірім мен махаббатқа тола екенін көрдім. Сондай-ақ кеше ғана оны сыртынан сынағаным үшін қатты ұялып, көзімді тайдырдым.

Осы оқиғадан кейін енді ешқашан ешкімді сынамаймын және жеке шекарасынан асып "Балаң қаншау?", "Неге сақтанбайсың?", "Неге тағы тумайсың?" деген сұрақтар қоймаймын деп шештім."