Көршілерім "Келіндер қу болады, сәл күнде өзгеріп кетеді" дейді

0
230

"Бізге бұндай келін бұйырмады-ау" деп қызғанды


Көршілерім

"Келін түсіргенімізге үш ай болды. Дәмді иістен оянамыз. Таңғы асқа келін бір күні ыстық бәліш пісірсе, бір күні ішіне сүзбе салынған құймақ пісіреді. Кей күндері жұмыртқа мен шұжық, пирог, сұлы ботқасы дайын тұрады. Тіс жуа салып асүйге асығатын болғанбыз. Күлімдеп қарсы алып, ыстық шайын ұсынады. Шайға бір күні лимон салып, бір күні сүт қатып, тағы бір күні жалбыз салып демдеп, бабын келтіріп жүр" деген оқырман ERNUR.KZ тілшісіне қуанышы мен күдігі қатар жүргенін жеткізді.


"Балалар "Жеңеше, рақмет" десе, атасы екеуміз "Өс, өн. Бақытты бол!" деп күнде батамызды береміз.

Қазан айында "гәп" өткіздім. Ауылда өзім қатарлы он шақты әйел айына бір рет жиналып, әңгіме-дүкен құрып тұрайық деп бас қосамыз. Бұл төрт-бес жылдан бері жалғасып келе жатқан дәстүріміз.

Барлығының келіндері бар. Менің үлкендерім қыз бала болғандықтан, келінге енді қол жетті.

Келінім дастарханды жайнатып қойды. Барлығын өз қолымен пісірді. Бұрын бәрін сатып алып, сосын бір тамақ пісіріп күте салатынмын. Өзім шай тасып жүгіріп жүретінмін. Ал бұл жолы орнымнан қозғалмадым. Келін шайды демдеп әкеп береді. Кеселерді жаңалап кетеді.

"Ене болған рақат екен ғой" дедім дауыстап. Келінімнің қызметі мен иіліп тұрған құрметіне баға беріп, мақтасын деген ойым ғой. Осылай өзім бастамасам, ешқайсысы "Дастарханың керемет, дәмді бопты. Келініңе көз тимесін" демеді.

Үш келіні бар Насиба "Бәріміздің келініміз басында осындай болған. Кейін өзгерді, сондықтын таң қалмаймын, тамсанбаймын да" деді ернін сылп еткізіп. Жалғыз келіні бар көршім Айназ болса "Келіндер қу болады, сіңіп алғанша жүгіріп жүреді" деді. Басқалары "Уақыт көрсетер" дегендей маған қарап езу тартты да қойды. Ойпырмай, тым болмаса біреуі "Келініңнің қолы гүл екен. Қосағымен қоса ағарсын" демеді-ау.

Меніңше, олар іштей "Бізге бұндай келін бұйырмады-ау" деп қызғанды немесе расында келіндері бастапқысынан өзгерген-ау?! Бірақ бес саусақ бірдей емес қой. Менің келінім өзгермесе екен."