«Бойымдағы сырқатты емдейтін жан болса, барымды берер едім»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
Жақында біз әлеуметтік желілерді ақтарып отырып «Ерекше жаратылғандар» және «Ғажайып жігіттер» деп аталатын түсініксіз топқа тап болдық. Кіл қазақтың жігіттері әлгі топта отырып өздеріне жұп іздейді екен. Яғни мұндағылардың бәрі «көгілдірлер». Біз мың жерден жасырғымыз келсе де, айтуға ауыз бармайтын құбылыс біздің елді де дендеп барады. Тіпті біз ойлағаннан да көп екен...
Топтың бір мүшесі – алматылық Сәкен. Ол ERNUR.KZ тілшісіне өз өмірі жайлы сыр шертуге келісім берді.
«Бала күнімізде гейлердің кім екенін де білмей өстік қой. Мені осындайлардың қатарына қосқан көршімнің баласына әлі күнге дейін лағнет айтамын. Ол кезде мен 9-10 жасар бала едім. Үйдегілердің бәрі туыс әпкеміздің тойына кеткен. Мені көршінің үйіне табыстап кетті. Сол үйдің мектеп бітіргелі отырған баласы «Сәкен, саған өмірдегі ең рахат нәрсені көрсетейін бе?» деді. Бастапқыда оның оғаш қылығы маған мүлдем ұнаған жоқ. Тіпті ауырып, жатып қалдым. Бірақ көрші бала «Егер өткендегі нәрсені қайталамасақ, онда сені бүкіл елге қызтеке деп өсек таратамын» деп қорқытып отырды. Ол кезде баламын ғой, сыныптастарыма мазақ болудан қаштым. Сосын оның қорлығына шыдадым.
Бірте-бірте оның бұл әрекеті маған да ұнай бастады. Осылайша мен бозбала шаққа жеттім. Сыныптас жігіттердің бәрі қыздарға хат жазып, отырыс ұйымдастырып жүргенде мен жігіт аңсап, есім шығатын. Бұл уақта көріші жігіт мектеп бітіріп, қалаға кетіп қалған. Ішімдегі дүлейді қалай басарымды білмей, аласұрып шығатынмын. Сыныптағы жігіттермен реті келсе құшақтасып, сабақты сылтауратып солардың үйіне қонғым келіп тұратын. Бірақ олар менің әрекетімнен ешқашан күдіктенбепті. Әлі күнге дейін менің көгілдір екенімді сыныптастарым білмейді.
Мектеп бітіріп, қалаға оқуға түстім де, өзім сияқты жігітті оп-оңай тауып алдым. Менің шынайы махаббатым, әрі ұзақ уақыт қарым-қатынас жасаған жігітімнің аты Арман еді. Ол менен екі курс жоғары оқитын. Ол мені өзі іздеп, тауып алды. Тәжірибесі бар жігіттер біз сияқтыларды алыстан таниды екен ғой. Екеуміз пәтер жалдап, екі жарым жыл бірге тұрдық. Арман Солтүстік Қазақстанның тумасы еді, шешесі қатты науқастанып қалды да, оқуын бітірген соң ауылына қайтуға мәжбүр болды.
Бұл гейлердің нашақорлардан еш айырмашылығы жоқ. Еркек аңсағанда өзіңді қоярға жер таппай кетесің. Арманмен айырылысқан соң өзіме әлеуметтік желі арқылы жұп іздей бастадым. Қазір екі топтың белсенді мүшесімін. Бұл топта қазақтың жас жігіттері бір-бірімен танысып, пікір алмасады. Өздерін мазалап жүрген сауалдарға жауап іздеп, мұндай жолға қалай түскенін ортаға салады.
Бұл топта 100 мыңға жуық көгілдір бар. Олар үш түрге бөлінеді - актив, пассив, уни. Мен Арманмен тұрғанда пассив болғанмын, яғни қыздың рөлін атқардым. Кейін униға көштім. Қазір жігіттің де, қыздың да рөліне кіре беремін.
Әкем мен анамды ойласам, өмірден түңіліп кетемін. Менің және өзге де жігіттердің істеп жүргендерінің өте ауыр күнә екенін білемін. Бірақ нәпсіні тежеу мүмкін емес екен. Бойымдағы жиіркенішті әрекеттен арылу үшін сексолог, психологтардың талайына бардым. Бірақ олардан еш қайран болмады. Бойымдағы сырқатты емдейтін жан табылса, барымды беруге дайынмын.
Осы күні әке-шешем «Үйлен, қашанғы жалғыз жүресің?» деп ауылға барған сайын миымды ашытады. Олардың бұл сөзін есіту, әрі бойымдағы ерекше құбылысты туғандарымнан жасыру мен үшін өте қиын. Кезінде мені зорлап, осы жолға түсуіме себепші болған көршінің баласына күн сайын лағынет айтамын.
Қазір мен Алматыдағы банктердің бірінде менеджер болып істеймін. Табысым жаман емес. Пәтерім де, көлігім де бар. Жұмыстағы қыздардың біразы мені ұнатып, үйленуге ұсыныс білдірген. Өзгермек ниетпен бірнеше қызбен кездесіп көрдім, бірақ ешқандай сезім болмады. Олармен әңгімем жараспайды екен.
Мен мұның бәрін сіздерге не үшін айтып отырмын? Қазір педофильдер көбейген заман. Психологиялық ауытқушылығы бар адамдар қазір жас балаларды зорлап, қорлап кетіп жатыр. Жастайынан жәбір көрген балалар өсе келе біз секілді ауытқушылықтарға тап болып, өмір бойы өкініп өтуі мүмкін. Сондықтан балаларыңыздың кіммен араласатынына, әлеуметтік желілерден не көретініне, бос уақытын қайда, кіммен өткізетінініне ата-аналар жіті мән берсе екен. «Балам далада ойнап жүр» деп қараусыз қалдырмаңыздар.
Менің әкем өте қатал адам еді. Мені өзіне тартып, сыр шертісіп, шын көңілден әңгімелескен емес. Менің осы жолға түсуіме де әкемнің шектен тыс қаталдығы себеп болды ма деп те ойлаймын. Ер адамның қамқорлығын аңсаған шығармын? Білмеймін... Алдағы өмірім бұлыңғыр... Мұндайды ешкімнің басына бермесін. Сақ болыңыздар!"
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Әйелім қызына қарамай кетіп қалды»: шымкенттік азамат басынан өткен оқиғаны бүкпесіз жайып салды
«Күйеуім "семізсің" деп мазақтайды»: тараздық келіншек салмақ тастаудың амалын таппай жүргенін айтты