"КОУЧ пен ПСИХОЛОГТАРға сеніп отбасымнан айырыла жаздадым"

0
1 283

Пайдалы ақпарат беретіндері бар. Тек ол үшін шын білікті маманды тани алу керек.


фото: tenfourmagazine.com

Қазір әлеуметтік желілерді ашып қалсаң, екінің бірі психолог, коуч болып кеткен ба дерсің. Өмір сүруді, отбасын қалай бақытты етуді, қандай әйел, келін немесе ана болуды, өзіңді дамытуды, тағы басқаны үйретеді. Алайда, осындай сабақтар өткізіп, ақыл кеңес берушілердің көпшілігінің өз отбасылық өмірі, жағдайы, керемет деуге келе қоймас. Бірақ ондайларды тыңдап, өмірін тіптен қиындатып алатындар жетерлік.

Абзал мен Самалдың отау құрғандарына 20 жылға жуықтап қалды. Асып-тасып кетпесе де, жеткілікті деңгейде өмір сүріп келеді, бір-бірін жақсы көреді. Әрине, отбасы болған соң кейде ыдыс-аяқ сылдырап тұрады. Бірақ, мәселе бірігіп шешіледі. Жалпы алғанда берік, бақытты отбасы. Ұл мен қызының бірі - 19-да, бірі - 17-де. Абзалдың да, Самалдың да жалақысы жақсы төленетін жұмыстары бар. Баспана өздерінікі, тіпті екеуінде екі көлік те бар. Сырттай «мен де осылардай болсам» деп көптеген жандар қызығатындай-ақ отбасы.

Әйелдер деген өте әуесқой халық қой. Самал да әлеуметтік желіден бақытты отбасы, жанұядағы жылулық жайындағы кеңестер туралы жиі қарайтын. Соған әуестенгені сонша, осы тақырыптарда өтетін тренингке қатысып көруге асықты. Ол тренингке қатысу құны да аз емес. Бірақ Самал үшін бұл қолжетімді еді. Отбасы тақырыбында болған соң тренингке қатысуға Абзалды да үгіттеп көрді. Бірақ, жолдасы үзілді-кесілді бас тартты. Бұл ақшаға одан да саяхаттап, шетелге барып келуге болатынын айтты. Көндіре алмаған соң Самал тренингке жалғыз жазылды.

Тренинг күнделікті лекциялар мен жаттығулар жасаудан басталды. Күнара 3 сағаттан өмірді қалай сүру керектігі жайлы әдемі әңгіме, қиялға сыймайтын ойлар айтылады. Тек сол қиялдың бәрі өзің қаласаң орындалады дейді тренинг жүргізуші. Тренингтен қатысушылар күшті көңіл-күймен, «Өмірімді өзгертем» деген оймен қайтады.

Алғашқы кезде Самал тренингтен алған әсерімен, ақпараттарымен бөлісіп, жолдасына бәрін айтып келетін. Қанша рет өзімен бірге қатысуға үгіттеп көрді. Бір айлық тренингтің екінші аптасы өткен кезде Самал өзгере бастады. Өзіне ол жақсы, керемет жаққа бет бұра бастағандай көрінді. Ол тренинг арқасында отбасындағы бұрын өзі байқай бермейтін мәселелерді көре бастады. Тек бұл Самалдың ғана ойы еді.

Ол бұрын өзі мүлде мән бермейтін ұсақ-түйек тірліктер үшін жолдасын жиі қажайтын болды. Әр жаңа сабақ сайын бұрынғыдан бетер қазымырлана түсті. Самалдың мінезіндегі өзгеріс әсері балаларға да тиіп кетіп жатты. «Есейіп қалдыңдар, әр адам өз мәселесін өзі шеше білу керек» дейді.

Тренинг біткен соң да баяғы Самалды қайтару қиын болды. Сондай тренингтің келесісіне жазылып алады. Үй де, күйеу де, балалар да жайына қалды, «Енді тек өзім үшін өмір сүрем, мен құл емеспін» дегенді басты қағида етіп ұстап алған. Самалдың сөзінше, тренингке қатыспаған Абзалдың ой-өрісі тоқырап, дамымай қалған екен. Жайлы жерден шыққысы келмей, күнделікті күйбең тіршіліктен аса алмайтынға ұқсайды.

Абзал әйеліне ұрсып та, жай да, қорқытып та айтып көрді. Ұрысса «тиран, абьюзер» немесе «манипулятор» болды. Ақырында жалғыз өзі нәтижеге жете алмаған соң ата-анасын, құрбыларын, достарды араға салды.

Енді қазір барлығы жабылып Самалды шамалы райынан қайтарғандай болды. Тек тағы бір тренингке кіріп, маман емес психологтарды тыңдап ойы өзгеріп қалмаса, әзірге басылып, бұрынғы Самалға айналып келе жатқандай.

***

Тып-тыныш, бірсарынды өмірінің астаң-кестеңін шығарғандардың тағы бірі – Назира. Жолдасы, 3 баласы бар. Жолдасының тәп-тәуір жұмысы, ал өзінің дөңгелетіп отырған жеке кішігірім бизнесі бар. Осы әдемі дүниенің барлығын Назираның «өзімді дамытамын» деп қатысқан тренингі бұзып жіберді.

Кішігірім сұлулық салоны Назираға аздық етті. Табысын көбейту, кәсібін ұлғайту үшін әлеуметтік желіде жарнамасы жер жарған тегін бизнес-тренингке қатысып көрді.

Ондағы коуч сол жердегі қатысушылардың барлығын сөзбен, алдарына сызып-жазған кестелермен әп-сәтте миллионерге айналдырып жіберді. Бірақ, тек жалпылама түсіндіріп өтті. Назираны қатты қызықтырғаны соншалық, ақылы тренингке қатысуды дұрыс санады.

Ақылы тренингтің соңы фирманың түрлі косметикалық заттарын сатуға алып келді. Оқу ақысы бар, косметиканың қаражаты бар, Назира ақшасына ақша қосудың орнына, артқа кете бастады. Бағасы удай косметиканы көп адам ала бермейді. Әйтеуір сөзі өтетіндерге қарызға болса да тықпалап өткізді. Ал өтпегендерін сыйлыққа беріп тастады. Сонда да тренинг дегеннен бас тартпады. Олар адамды өзіне күшті тартқаны соншалық, Назира қарызданса да тренингке қатысуын қоймады. «Бір жолым болмады деп тауыңыз шағылмасын, бастысы, тәжірибеңіз бар. Келесіде міндетті түрде байлыққа батасыз» деп сендіре айтқанда, торына қалай түсіп қалғаныңды сезбей қаласың.

Сөйтіп Назира нәтижесі жоқ нәрсеге қыруар қаржы салды, несие алды, қарызға батты, ағайын-туыс мұны көрсе, косметикасын тықпалайды деп алыстан араласуға тырысты. Ақыр соңында несие мен қарыздарын жабу үшін салонды сатып тынды. Жолдасы «Қоймасаң, ажырасамыз, балалар менімен қалады» деп қорқытып жүріп есін жиғызды. Бай болам деп жүріп, барынан айрылып, бар ісін басынан бастады.

Әрине тренинг, коуч дегеннің бәрі бірдей кесірін тигізе бермейді. Пайдалы ақпарат беретіндері бар. Тек ол үшін шын білікті маманды тани алу керек. Қазіргі қаптаған коуч, психологтардың бәрі бірдей нағыз маман емес екенін ескеріңіз. Олардың сөзіне ерем деп, отбасыңыздан айрылып қалмаңыз.

Сапарай Ж.

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

"Күйеуімнің иісі ұнамайды": жас келіншек кімге шағарын білмей жүр