​«Құдыққа құлапты, құтқара алмадық...»: алматылық әйел күйеуінің қазасына өзін кінәлі санайтынын айтты

0
1 830

«Ол мені қыздарыммен қоса қабылдауға дайын еді»


​«Құдыққа құлапты, құтқара алмадық...»: алматылық әйел күйеуінің қазасына өзін кінәлі санайтынын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әр адамның ішінде бір өкініш бар. Ешкімге айта алмайтын дерті болады. Ондай менің де ішімде бар. Сыртқа дымымды білдірмейтін адаммын. Бірақ түн баласы көз іле алмай, дөңбекшіп, әрең ұйықтаймын. Күнде түс көрем, бірінші күйеуім күлімсіреп қарап тұрады... Соған қарағанда аруағы риза шығар. Бірақ менің жаным жай табар емес, өліміне өзім себепші болғандай уайымдай берем», - дейді Дамира есімді әйел.


Оқырманымыз басынан өткен жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Бірінші күйеуім екеуміз махаббатпен қосылдық. Қыз-жігіт боп жүріп, ата-енем құда түсіп, барлық кәде-жоралғысын жасап, мені алып кетті. Обалы не керек, барған жерім өте жақсы кісілер боп шықты. Мені бар кемшілігіммен, еркелігіммен қабылдап, сіңісіп кетуіме әсіресе енем бар жағдайды жасады. Десе де біз олармен көп тұрмадық. Күйеуімнің жұмысы қалаға ауысып, еншімізді алып кеттік.


Махаббат, сезім, алып-ұшқан көңілдің бәрі балалы бола алмаудың уайымына ауысып, күні-түні Құдайдан тілеуге ұласты. Күйеуімнің бір ғана кемшілігі бар, мені көрінгеннен қызғанатын. Құлын мүсінім бұзылмаған, кисе киім жараса кететін сымбатым бар, сол менің басыма сор болды. Құрдастармен, әріптестермен отырысқа барсақ, келгесін міндетті түрде ұрыс шығаратын. «Сен неге олай қарады, анау неге бұлай деді» деп болмайтынды шығарып, таң атқанша тыныштық бермейтін. Сол себепті көп жерге бармай қоя салушы едім. Оның үстіне кездесе кеткен адамның бәрі «қашан балалы боласыңдар, жүре бермей емделсейші, дәрігерлер не деп жатыр» деп ақыл айтып, жеке шекарама қол сұғып, жанымды жаралап тастайтын. Бірақ үйде, төрт қабырғаға қамалып отырған адамның да жүйкесі сыр бере бастайды екен. Қашанғы елдің сөзінен қашып, күйеуіңнің айқайынан қорқып отырасың. Бір мезгіл құрбылармен араласып, көңіл көтергің келеді.


Бір жолы қалада тұратын группалас құрым туған күніне шақырды. «Күйеуіңмен кел, бәріміз жұп-жұбымызбен боламыз» деп ескерткен. Күйеуіме айтып ем, «бірге барамыз» деп көніп отырған. Дәл баратын күні жоқ жерден ұрыс шығарып, «ешқайда бармайсың, үйде отыр» деп жұмысына кетіп қалды. Сол күні не түлен түрткенін білмеймін, бойыма бар күшімді жинадым да, күйеуіме айтпай, қалаға кетіп қалдым.


Туған күнде «аттың басын жіберіп» ішімдік іштім. Емін-еркін билеп, кішкене масайып қалыппын. Сол кеште құрбымның бір бөлесі отырған. Бізден жасы кіші, бірақ гитарамен ән айтып, асабалық қызмет атқарып, мені бір-екі мәрте биге шақырғаны есімде. Азанда соның пәтерінде ояндым ғой. Болары болып, бояуы сіңіп қойғасын не дерсің, дереу киініп, үйіме келдім. Бірақ күйеуімнің бетіне қарауға дәтім шыдамай, біраз жүрдім. Ол да өз кінәсін түсінді ме, туған күнге рұқсатсыз кетіп қағаныма үндемеді.


Арада бір жарым айдай уақыт өткенде жүкті екенімді білдім. Түн баласы көз ілмей, күйеуіме айтар-айтпасымды білмей ұзақ ойландым. Бірақ өмірімнің өтіріктен өрілгенін қаламадым. Күйеуімді отырғызып қойып болған жағдайды айттым. «Біткен жерім осы шығар, ол мені қазір өлтіріп тастаса керек» деп сақтанып, күтіп отырғам. Бірақ ол бәрін байыппен тыңдап, «енді екі бөлек кеткеніміз жөн болады» деп үйден шығып кетті. Күйеуімді сол кезде бұрынғыдан да ерекше жақсы көріп кеттім. Бірақ енді бәрі кеш, киім-кешегімді жинап, әпкемнің үйіне бардым.


Әпкем «баланың әкесіне айт, ең соңғы шешімді сол айтсын» деді. Бір түндік жас жігітке жағдайды айтып ем, «мен әлі үйленуге дайын емеспін» деп басын ала қашты. Сол кезде күйеуімнің көзіне шөп салғаныма шындап өкіндім. Өзімді ешкімге керексіз, далада қалған адамдай күйзеліп, құсадан өліп кете жаздадым. Бірақ бойдағы бала үшін жинақталып, тіршілікті жалғастыру керек. Солай пәтер жалдап, жұмысқа шықтым. Ай-күнім жетіп дүниеге егіз қыз әкелдім. Он жыл күткен қуанышымды Құдай қос қолдап бере салғанына шүкір. Менен асқан бақытты жан болмады. Екі қызымның дені сау, тәрбиесі жақсы болуы үшін жанымды сала еңбек еттім. Сөйтіп жүргенде жеке өмір дегенді шетке ысырып қоя салдым.


Қыздарым төрт жасқа толғанда бірінші күйеуім іздеп келді. Өзі кішкене қызулау екен, бұрын ішпеуші еді. «Дамикош, мені кешірші. Сені кезінде түсінбей, бекерге ажырасып кетіппін. Бірақ қандай жағдай болса да мен саған ризамын. Мені өтірік алдамай, шыныңды айтқаныңа басымды ием. Кінә менен екен, менен бала болмайды» деп жылап қалды.

Менімен ажырасқасын бір келіншекке үйленген екен. Бірақ мұның белсіздігін білгесін кетіп қалыпты. «Қосылайықшы, екі қызыңа өзім әке болам» деп жалынды ол. Тап сол жерде кесіп-пішіп шеше салатындай мәселе емес қой, «Үйіңе қайт, кейін сөйлесеміз. Мен саған қайта қосылуға дайын емеспін» деп әңгімемді айтып, шығарып салғам. Үйіне қайтып бара жатқанда ашық тұрған су құбырының құдығына құлап, мерт бопты. Денесін екі күннен соң адамдар тауып алыпты...


Сол күні кешкісін мас күйінде үйден шығарып жібергеніме өкінем. Нендей күйде кетті екен, соңғы сәтінде не ойлады? Қиналып жатқанда құдықтан шыға алмай, арманда кетті-ау. Осыларды ойласам жүрегім ауырып кетеді. Ана болам деген арманым орындалды, бірақ әйел бақытын қолымда ұстай алмадым. Бірі кем дүние...»