​«Күйеуге алданып қалмаңдар»: алматылық әйел қыз-келіншектерге ақыл айтты

0
1 561

«Ажырасқым жоқ, бірақ кешіруге де көкірегім жіберер емес»


​«Күйеуге алданып қалмаңдар»: алматылық әйел қыз-келіншектерге ақыл айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Мына өмірде бір көзім жеткен нәрсе - ешқашан еркектерге сенудің қажеті жоқ! Әйелдердің әдеті сол, тұрмысқа шықса өзін ұмытып кетеді. Күйеуі бар, қала берді ата-ене, одан кейін бала-шаға деп шапұылап, қабақтары кіржиіп қалса көңілін табуға тырысып, қатты сөз айтса кешіре салып, өздерін құрбан етуге дайын тұрады. Бұл тұрмысқа шыққан әйелдің үлкен қателігі, осыны біліп, ұғып алыңыздар!», - дейді Айгерім есімді әйел.


Екі баланың анасы қыз-келіншектерді пысық болуға шақырып отыр. Ол өз басынан өткен, көрген-білген оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Біздің қоғам о бастан еркектердің абырой-дәрежесін жөн-жосықсыз көтере берген. «Еркек – пірің», «Бақа басты еркек артық», «Еркегін төрге сүйреу керек» деген сөздерден кейін лайықты-лайықсызы бар, ерекек атаулының бәрі мұрнын аспанға шүйіріп әкетті. «Біз еркекпіз, не істесек те кешірімді, жүрсек – жарасымды» деп сырттан жүріс жасайтындар өте көп қазір.


Әйелі ашуланып, екеуі ұрысып қалса қиналатын еректі көргенсіз бе? Жоқ, олар біз сияқты қиналмайды. «Қатын жолда» деп артын бір қағып кете барады. Сондықтан өз қадірін білетін кез келген әйел алдымен өзін бірінші орынға қоюы керек. Мен сияты «лох» боп қалмаңдар!


Жігітіммен студент кезден таныспыз. Қыз бен жігіт боп жүріп жүрген кезіміз, бір күні оған нағашысы хабарласты. «Мен пәлен жердемін, келіп, көлігіңмен алып кетші, ауылдың такси тұрағына дейін жеткізіп таста» деп өтінді. Әлгі жерге екеуміз бірге бардық. Есікті қағып едік, нағашысы бір әйелді қимай-қимай, қайта-қайта сүйіп қоштасып, көлікке мінді. Бастапқыда әйелі шығар деп ойладым. Сол себепті жігітімнен ештеңе сұрамадым.


Арада алты айдай уақыт өткенде жігітім екеуміз отау құрдық. Беташар өтті, бір күні жаңағы нағашысы бізді үйіне тамаққа шақырды. Барған кезде оның әйелінің басқа адам екенін білдім. Мен көрген қыз бұның көңілдесі боп шықты. Ал күйеуімнің нағашысы сол тірлігінен дым ұялған жоқ. «Жас келін біліп қойды-ау» деген ой қыртына да кіріп шықпайды. Кердең-кердең етіп жүр, әйелін еркелетіп қояды. Онысы да ештеңеден хабарсыз, күйеуінің асты-үстіне түсіп, зыр жүгіріп жүр. Ана жерде өзімнен өзім ыңғайсызданып, кеткенше асықтым. Бұл мен көрген алғашқы опасыздық еді...


Бір күні туған ағамның мен оқып жатқан университетте хатшы боп істейтін бір желөкпемен байланысқанын біліп қалдым. Екеуі дәл университеттің алдында қол ұстасып, үзіле-үздіге бір-біріне қарап тұр екен. Ағам мені көріп ыңғайсызданып қалды. Үйдегі бауырларымның ішіндегі ең жуасы осы-тұғын. Жеңгем екеуі де жарасымды жанұя боп отырған. Араларында төрт бала бар. Мұндайды ойламақ түгілі, түсіме де кірмеген. «Мынауыңыз не?!» деп берірек шығарып сөзге тарттым. «Уақытша тірлік қой, көңіліңе алма, бәрі жақсы болады» деп міңгірледі.


Ертеңіне әлгі хатшы қызға барып «Сенің мынау жүрісіңді ректорға кіріп айтам» деп қорқыттым. «Айта бер! Білгеніңді қыл! Менің жеке өміріме бастығым араласа алмайды» деп өзіме қарай атылды. Шағын кәсібі бар, қалтасы қалың ағамды осылайша пайдаланып жүрген екен. «Мықты болсаң ағаңды тоқтатып көр, маған келмейтіндей қыл» деп сөзге қонақ бермеген соң, ол қызға екінші рет жоламадым. Бірақ ағама «енді соның жанынан көрер болсам жеңгеме бәрін өзім-ақ айтып берем» деп ескерттім. Басылған шығар, қазір бесбаласын асырап отыр әйтеуір.


Жеңгем өте сыпайы, туған-туыстың барлығының көңілін табады. Ауылдағы салпыетек әйел де емес, қызметі бар, арнайы мамандығы бар, бала тәрбиесіне де, үйдің жұмысына да, қызметіне де қатар үлгеріп жүрген керемет келіншек. Сонда бұл еркек дегенге не жетпейді?! Еркектерге таң қалам. Анандай аяулы әйелі тұрғанда, көзі өтірік күлімдеген, пайдалану үшін жүрген шөпжелке бойдақ қызды қайтеді? Әлде еркектерге алданған ұнай ма? Қыз қарайтындай боп мұнтаздай болып жүрсе сол жеңгемнің арқасы шығар бәрі...


Күйеуім аяғын сындырып алды да, бір айдай үйде отырып жұмыс істеді. Үйдегі жалғыз ноутбук соның еншісінде. Таңертеңнен кешке дейін соған шұқшиып, қағаздарын жазып отырады. Бір күні кешкі тамақты істеп, бәріне жігізіп, ыдыс-аяқты жуып болғанда балам «Сабағымды түсінбей жатырмын, көмектесіңізші» деп келді. Содан дереу залда тұрған ноутбукке бардым, білмегенімді интернеттен қарап, балама түсіндірейін деген ой болға ғой.


Күйеуімнің компьютердегі ватсабы ашық қалған екен. Күні бойы біреулермен сөйлесіпті. Әшейінде тексермейтін едім, бір кезде «Жаным, қайырлы түн!» деген хат келіп тұсті. Қаным басыма шапты, ашуымды сабырға жеңдіріп күйеуімнің ұйықтап қалған сәтін пайдаланып, барлық достарымен жазысқан хаттарын ақтарып шықтым. Әріптес бір-екі қызды 8-наурызбен құттықтапты. «Не сыйлайын, бір күні шай ішейік» деген.


Бұл оңбаған үйленген 9 жылымызда бірде-бір рет маған гүл сыйламапты. Мен де «қоя берші, айлығын түгел әкеліп беріп жүр ғой» деп ондайға мән бермеппін. Кейде әйелдік еркелікке басып «маған 8-мартта не сыйлайсың» деп сұраймын ғой. Ондайда «Ақшаның бәрін саған бердім ғой, қалағаныңды ала берсейші, бір жерге барғың келсе, айт, апарып келем» деп селқос жауап беретін. Былайша айтқанда мені таңғалдыру үшін, қуанту үшін ештеңеге тырыспаған. Ал мына қыздарға бірінші боп ұсыныс білдіріп, шайға шақырғанын қайтерсің?!


Жаңағы «Жаным...» деп хат жазған қызға бұл шырағым ұятсыз видеолар салыпты. Соны екеуі отырып талқылаған, арты интимдік әңгімеге дейін жетіпті. Мынандай әңгіме айтысып жүрген қыздармен кездесуге бармады дегенге өзім сенбедім. Отырып алып балаларыма көрсетпей, тығылып жылап алдым. Түнімен ұйқы көрмедім. Азанда біреуін мектепке, екіншісі бақшаға апарып тастап, үйге қайтып келдім. Мені жұмысқа кетті деп ойласа керек, ноутбуктің алдына ыңғайланып, жайғасып алыпты. Кіріп келгенде аң-таң болды. Мен одан бәрін түсіндіруін талап еттім. Қызарақтап, сасқалақтап қалды. Бұрын ондай әдетім жоқ болған соң компьютерді олай ақтарады деп те ойламаған сияқты. Жарытып ештеңе деп ақтала алмады. Бар болғаны «әшейін еріккен қәңгімелер ғой, қол боста жаза салғам. Олар сенің көз жасыңа да тұрмайды, кешірші» деді.


Әлгіндей сөздерді оқыған адамның оңайлықпен кешіруі мүмкін бе? Міне, екі айдай уақыт өтті, менде өлі тыныштық. Күйеуімнен қатты суынып кеттім. Бөлек бөлмеде ұйықтаймын. «Кешірші» деп түніне төрт рет келеді. Жіби алар емеспін. Әп әдемі бір ұл, бір қызымыз бар. Ыстық-суығымыз басылып қалардай уақытқа да жетпедік. Жөнсіз ұрыс шығаратын әдетім де жоқ. Бірақ мына әрекетін еш түсіне алмадым.


Мәселемді бір құрбыма айтып едім, «Бұлай өкпелеп жүре берсең күйеуің мүлдем суып, басқа біреуге кетіп қалады. Ажырас, ажыраспайтын болсаң кешіріп, баяғы өміріңе орал» деп кеңес берді. Менің ажырасқым жоқ, бірақ кешіруге де көкірегім жібермей жатыр. Не істеуге болады?!»