«Сыбаға да, кәде де жоқ»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Айналамдағы әйелдерге, өзіме, әпке-жеңгелерімнің өмірлеріне қарап жүріп, мен әйелдің әулеттегі алатын орны күйеуінің туыстары арасындағы абыройы мен беделіне байланысты екен деген ойға келдім. Шынымды айтсам, мұны бірінші рет мен ойлап тауып отырғаным жоқ,өмір көрген әйелдердің айтып жүрген сөздері ғой. Ал оны менің жазуымның себебі, күйеуімнің туыстарына жиналып қалған реніші еді», - дейді Гүлнар есімді түркістандық әйел.
Қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған келіншектің енесіне, күйеуінің туыстарына өкпесі қара қазандай екен. Ішіндегі жан сырын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
«Бір күні жеңгем ағама қатты ашуланды. Ол кезде мен енді бойжетіп келе жатқан қызбын. Әлі күйеуге шығу туралы ойымда да жоқ. Жеңгемнің неге ашуланғанын біле алмадым. Бірақ маған сол кезде «Ертең күйеуге шығатын болсаң, басын көтеріп жүре алатын, әке-шешесіне сөзі өтетін жігіттің етегінен ұста! Ешкімге сөзін өткізе алмайтын еркекке тисең, өзің де өмір бойы еңсең төмен болып өтесің» дегені бар еді. Бұл сөзді жеңгем не үшін айтқанына ол кезде мен мән бере қоймадым.
Уақыт шіркін бір орында тұрмай, зымырап өтті. Менің де күйеуге шығатын сәтім келіп, өз теңіммен бас құрадым. Былайша күйеуім жаман адам емес, адал, ақкөңіл, менімен санасады, өктемсімейді. Ең бастысы, мінезі өте жұмсақ, кешірімшіл. Ешкімді ренжітпейді. Сол көңіл жықпастығының арқасында кейде арақты да артығырақ сілтеп қоятыны бар. Ондайда оның бар жақсы мінезін ұмытып, ішкеніне бола бәріміз жек көріп кетеміз. Бәріміз дегенім – күйеуімнің ата-анасы, бауырлары, өзім, бала-шағам.
Екі қайынағам бар. Мінездері өте дөрекі, қит етсе ашуланып шыға келеді. Әйелдері тұрмақ, олардың алдында ата-анасы да құрдай жорғалап кеткенін білмей қалады. Ал екі абысынымды қып-қызыл әртіс десем, артық айтқаным емес. Күйеуінің алдында сыған, ата-енеміздің алдында мүләйімсіген момақан, ал маған келгенде әбжылан бола салады. Өтірік пен өсекке кегенде алдына жан салмайтын, екі адамды ұрыстырмаса жүре алмайтын сол екі абысынымды ата-енеміз де, күйеуімнің өзге туыстары да қатты құрметтейді. Тіпті той-жиындардан қалдырмайды. Абысындарым ағайындарымыздың қыздары қашып кетсе қуып барады. Келіннің төркін жағы шақырса, жеңгесі болып еріп барады. Құдалық шақырғанда күтісетін де сол екеуі.
Алыстағы ағайын-туыс той жасап, шақырар болса, енеміз «Әулетімізбен көшіп барғанымыз ұят шығар. Пәленше мен Түгенше біздің шаңырақтың атынан барып қайтады» деп екеуінің тойға апаратын сөмкесін жасап, конвертке ақшаларын салып, жолкіресіне дейін беріп, шығарып салады. Олардың төркін жақтары той жасаса, қомақты ақша, мал апарады. Ал бар жағдайын жасап, қара шаңырақта отырған мен сол үйдің қара құлпы сияқтымын. Кейде тойға ата-енем, екі қайынағам, абысындарым бірге баратын кездер де болады. Ондайда олардың балаларына қарап, үйде қаламыз.
Енді жас болғасын біздің де тойға барғымыз келеді ғой, күйеуімнің сыныптастарының, менің төркін жағымның дегендей. Ондай кезде ақша да жоқ болып қалады. Үйдегі шаруалар да көбейіп кетеді. Бір күйетінім, күйеуім «ұят болады, баруымыз керек» деп бір ауыз сөз айта алмайды. Өзі тапқан табыстан тойанаға ақша сұрап ала алмайтынына жыным ұстайды. Енем бармайсыңдар десе, біз тойға бармай қала саламыз. Енемнің «құдалардан ұят» дейтін сөзі менің төркініме келгенде ұмытылып кетеді.
Жақында жалғыз ағам ұлдарына сүндет той жасады. Туған бауырымның қуанышына баратынымды ойлап, күн санап күттім. Күйеуімді де қайта-қайта пысықтап, «туған бауырым ғой, тойананы жақсылап апарайықшы» деп айтып қойдым. Апта бұрын көйлек алып, шашымды бояп, алып-ұшқанымды қайтейін, екі күн қалғанда кішкетайым ысытпалап, ауруханаға жатып қалдық. Құрығыр тұмауы кетпей қойды. Тойды ойлап бір, баламды ойлап екі уайымға салындым. Арғы күні той, менен басқа бауырларым ертерек барып, көмек қолын созып жатыр.
Сосын шыдай алмай енеме хабарластым. «Апа, ағамның тойына бару керек. Абысындарымның біреуі Бекошқа қарауға келсінші» деп өтіндім. Сондағы енем не деді десеңізші. «Саған осы той керек пе, бала ма? Не үшін абысындарың сенің балаңа барып қарау керек?! Құдай бұйыртса алда қуаныш көп қой, ағаңның бір қызығына барарсың. Өзің қара, тойға біз барып келе береміз» деп тұтқаны тастай салды. Ішімнің өртенгені-ай... Қатты ауырып жатса өзім-ақ балама қарап қалам ғой. Әшейін тұмау еді, бір абысыным келіп, екі-үш сағатқа қарап берсе несі кетеді?!
Кейде күйеуіме «Жұртқа сыйлы болу үшін сен ағаларың сияқты ашуы мұрнының ұшында тұратын жынды, мен абысындарым сияқты өтірікші, өсекші болуымыз керек еді» деймін. Шынында солай. Бірақ айтуын айтқанмен, олардай бола алмаймыз.
Жалпы, келін болып түскен елімнің мұндай кемшіліктерін айту ойымда жоқ еді. Бірақ алалағандары жаныма батып кетті. Келін болып түскеніме он жылдан асқан. Төрт баланың анасымын. Әулетімізге менен кейін түсіп жатқан келіндердің бүгінде туыстардың арасында алған орны бар. Той-жиындарда «Пәленше келіннің сыбағасы, тамағы ісіп қалмасын» деп ас-ауқат беріп жібереді. Беташарда келіндердің қолтығынан сүйейді. Құдалықта келіннің артынан келген төснкті жинап кәде алады. Ал маған сыбаға да берілмейді, кәделерге де қоспайды.
Осыған қарап күйеуімнің туыстары арасында беделі болмаған соң мені де ешкім елеп-ескермейді деген ойға келдім. Иә, алтын басты әйел болсаң да, бағың бақа басты еркекке матаулы екен. Соны ұқтым...»