​«Күйеуім бірінші әйелімен кездесіп жүр»: екі баланың анасы шарасыз күйге түскенін айтты

0
3 188

«Онысы ауылдан қуылған әйел еді...»


​«Күйеуім бірінші әйелімен кездесіп жүр»: екі баланың анасы шарасыз күйге түскенін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды

«Қазіргі әйелдердің көбі күйеулерінің екіжүзділігінен жапа шегіп отыр. Сеніп қосылған адамың сыртыңнан опасыздық жасап, топырлатып бала таптырып алғасын артын бір қағып кетіп қалса, өміріңнің тас-топалаңы шығады екен. Мен қазір күйзелістен жүйкем жұқарып, зарымды кімге айтарымды білмей жүрмін», - дейді Гүлайна (есімі өзгертілді) есімді келіншек.


Оқырманымыздың күйеуі қазір бірінші әйелімен көңілдес боп жүр екен. Жағдайды Гүлайнаның өзі ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Мен күйеуімнің екінші әйелімін. Біріншісімен ел-жұртқа масқара боп ажырасып кеткен. Суреттен көргенім, өте сұлу болатын. Сол сұлулығы өзіне сор боп тиген. Нәпсісіне ие бола алмай, бірнеше еркекпен көңілдес болған деген атаққа қалыпты. Күйеулерін қызғанған көрші әйелдер алдымен ата-енеме келіп, бірнеше мәрте арызданыпты. Енем марқұм жақсы кісі еді, «келініме жала жаппай, күйеулеріңе еге болыңдар, менің келінімнен ондай иттік шықпайды» деп келгендердің бәріне қарсы тұрған екен.


Бір күні күйеуім үйге айтпай, ертерек келіп қалып, әйелінің көрші еркекпен аймаласып отырған жерінен ұстап алған. Осыдан кейін ауылды шулатып, көрші кісіні әйелімен қоса сабап, көшеге тыр-жалаңаш айдап шыққан. Мұның бәрін мен келін боп түскенде ауылдағылардан естідім.

Мұндай сұмдыққа қайсы бір еркек шыдасын?! Араларына бала бітпеген соң ойланбастан әлгі келіншекті үйінен қуып шығып, ажырасуға арыз берген.


Менімен танысқанда ажырасқанына бір жылдай уақыт болған екен. Екеумізді жеңгем жолықтырды. Мен де оқуды бітіріп, оң босағада отырып қалған қыз едім. Күйеуімді аса қатты ұнатпасам да «қашан күйеуге тиесің» деген сөзден қашып келісімімді бердім. «Жақсы жігіт сияқты ғой, сүйіп кетермін» деген ой болды. Үйдегілер де «бірінші әйелінде бала жоқ, енді онымен ештеңе байланыстырмайды ғой» деді.


Уақыт өте келе күйеуімді сүйіп қалдым. Ол да мені ұнатты. Екеуіміз ол жұмыстан келгенде сағыныса, құшақтасып көрісетін болдық. Ерлі-зайыптылар арасындағы міндетімізді де атқара алып жүрдік. Мен расымен де «махаббат деген осы болар» деп оның жанында өзімді бақытты сезіндім.


Қазір біздің екі баламыз бар. Өзім декреттік демалыста отырмын. Ол таңнан кешке дейін жұмыста. Соңғы бір жылдан бері бірінші әйелімен жасырын кездесіп жүргенін білмей, енді сорлап отырмын. Жағдайдың бәрін бірінші әйелі хабарласып, айтып бергенде шалқамнан түсе жаздадым.


«Елдің бәрі мені жаманатты етіп көрсетуге асыққан шығар. Бірақ бәрі олай емес, мені енем жақтырмай, ақырында ажырастырып жіберген. Қазір ол кісі жоқ, біздің махаббатымызға кедергі болатын кім бар, сондықтан қайта қосыламыз деп шештік, менің аяғым ауыр, жақында бөпелі боламыз» деді.

Сол күні есімнен адаса жаздадым. Әшейінде зу етіп өте шығатын жұмыс күні созылып кеткендей, күйеуімді есік алдынан сұрақтың астына алдым.


«Мен онымен бір-ақ рет кездестім, оллаһи» деп бет бақтырмады. Бірақ бір рет кездескенінің өзі опасыздық емес пе? Осыдан кейін онымен бір шаңырақ астында тұру мүмкін бе? Осы оймен екі баламды алып, төркініме кетіп қалдым. Ол жақтағыларға күйеумінің жүріс жасағанын айтпай, жасырып қалдым. Сөйтіп жүргенде күйеуім кешірім сұрап келіп, екі баласын сағынғанын айтып, өзімен бірге алып кетті.


Арамыз кішкене дұрысталып, баяғы қалыпқа түсе бастаған кезде күйеуім баяғы әдетіне қайта басты. Бұл жолы білдірмеуге тырысқан жоқ, телефоны шырылдаса көзімді бақырайтып қойып жігітпен сөйлескендей отыра береді. Арасында тырқылдап күліп алатынын қайтерсің... Осы үшін қанша ұрыстық, төбелестік. «Ол менің өткен өмірім, мен оны есімнен шығарып, өшіріп тастай алмаймын» деп отырып алды.


Ажырасып кете салайын десем екі баламнан обал, әкелері десе ішкен асын жерге қояды. Ол да екі баласы үшін өте керемет әке боп отыр. Ақылын айтып, баласын жөнге салатын енем де жоқ. Екі қайынәпкеме айтып ем, «отбасыңды ойла, сол қатын сені бүкіл елге масқаралап кетті ғой, қайтадан басыңа бәле боп жабысады» деп айтып, ұрысып кеткен. Бірақ оны тыңдай қоятын күйеу жоқ-ау. Үйге кеш келеді, сол әйелмен жүргенін ішім сезеді. Айта беріп мен де шаршадым.


Жағдайды мамама айтып ем, «шыда, әйел қырық шырақты, түбінде жеңесің, білсең де білмегендей боп жүре бер» деп басу айтып отыр. Ал менің шыдап, бәріне көніп жүре беруге намысым жібермей жатыр. Осының бәрін айтып отыруға ұялып та тұрмын, бірақ халықтан асқан ақылшы жоқ қой, мына жағдайда не істегенім дұрыс деп ақыл сұрағалы отырмын».