"Балаларға мен қараймын, сен жұмыс істей берші" дейді"
Сурет: noticiasaominuto.com.br
"Жасым – отыз бірде. Отбасылы келіншекпін. Үш баланың анасымын. Шешімін таба алмай жүрген бір мәселем бар. Жолдасыммен көп ұрысамын. Үйленгенде оны жақсы көретін сияқты едім. Қазір әрбір ісі шаршатады, жүйкеме тиіп тұрады. Неге екенін білмеймін, ашуымды баса алмаймын" деп келіншек ERNUR.KZ порталы тілшісіне мұның шақты.
"Бәлкім мәселе менің өзімде шығар деп өз-өзімді қолға алуға тырысып бағамын. Алайда мен үшін оңай болмай тұр. Арамыз суып та кетті.
Күйеуім қазір жұмыссыз, үйде. Декреттік демалыста десе де болады. Тоғыз айлық қызымызға қарап отыр. Мен босанған соң екі айдан кейін жұмысқа шығып кеткем. Өйткені мәжбүр болдым. Күйеуім "Сенің айлығың менің табатынымнан көптеу ғой, жұмыс істей берші. балаларға мен қараймын" деді.
Жұмысқа шықпайын десем, қаражаттан қысылып барамыз. Еш жерден көмек жоқ. Ата-енем де, ата-анам да бізге көмектеспейді. Бәлкім мен сұрасам, әке-шешем азын-аулақ болсын берер. Бірақ ата-енемнің тарапынан мыңқ етіп қимылдамайтындарын жақсы білемін. Күйеуіме өтініш жасап, ата-енемізден көмек сұрағанымызда олардан қайран болмады. «Жоқ қой» деп ауыздарын қу шөппен сүртіп отыра берді. Ренжісем де сыр білдірмедім, келін болғандықтан.
Содан бері отбасымды бір өзім сүйреп келе жатырмын. Кейде шаршап кетемін. Қанша айтпайын десем де, ренішімді айтып қоямын. Жолдасым мені асырайды деп тұрмысқа шығып едім, бәрі керісінше боп кетті. Міндеті – қызыма қарағаны.
Үлкен екі баламды балабақшаға бердім. «Ақыры үйде отырсың ғой, ақшаны үнемдейік, екі балаға да қосып қара» дегеніме көнбеді. Егер өзі жұмыс істеп, табыс тауып тұрса, маған дәл сондай талап қойып, «Үш балаға да қарап отыр үйде» десе, келісер едім.
Білмеймін, әйтеуір берекем кетіп қалды. Қазір өзім де байқаймын жақсы көрмей кеткенімді. Ажырасайын десем, ел-жұрттан ұят.
Жолдасымды сипаттайтын болсам, өте сабырлы, тұйық жан. Ашылып ештеңе айта бермейді. Содан оның қасында ішім пысады. Басында ер-азаматтың осындай мінезі болғаны жақсы деп қызығып едім. Мен жұмыс істеп, отбасының жалғыз асыраушысы болғандықтан ба екен, тіпті ынжық болып кеткен сияқты.
Үйленбей тұрып та негізі солай болатын. Егер оның пікірі менің пікіріммен қайшы болса, өзімдікін дәлелдеумен әлек болатынмын. Сонда ол менің айтқаныммен келісіп, ығыма оңай жығылатын. «Айтқанымды екі етпейді» деп, мінсіз күйеу болады деп ойладым. Бірақ кейін үйленген соң «Жұмыс істе, ақша тап!» деп айтқанымды істете алмай жүрмін."