«Енем мені өз қызындай бағып-қақты»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Құрметті ERNUR.KZ ұжымы! Сіздердің «Оқиға» айдарымен шығарып жатқан мақалаларыңызды күн құрғатпай оқып тұрамын. Әлеуметтік желіде талай адамға ақыл-кеңес айтылғанын көріп, өз басымдағы жағдайды баяндағалы отырмын. Маған да көпшіліктің кеңесі, жөн сілтегені керек боп тұр», - депті Нұргүл есімді оқырман.
Күйеуінен ажырасқан келіншектің алдында тағдырлы таңдау тұр екен. Оқиғасын тілшімізге баяндап берді.
«Мен алғашқы күйеуіммен Шымкентте университетте оқып жүргенде таныстым. Өзі қаланың жігіті еді. Ал мен ауылдың қарапайым қызымын. Бірақ бұл біздің шаңырақ көтеруімізге кедергі келтірген жоқ. Үш жыл жүріп, сырымызға қанық болып, жақсы отбасы боп кететінімізге көзіміз жеткен соң бас құрадық.
Күйеуім бір үйдің жалғыз баласы еді, анасы ертеректе ажырасып, бар өмірін баласына арнаған екен. Ол кісімен алғаш күннен-ақ құрбыдай болып кеттік. Қайын атам жайлы айтпағанымен, басқа сырын менен жасырмайтын. «Менің келінім емес, қызым боласың. Өмір бойы қызым болса деп армандап едім» деп мені барынша еркелетті. Алақанына салып аялады. Мен де сыйлағанның құлы болуды жақсы түсініп, енемнің көңілін аулауға барымды салдым.
Алғашқы төрт жылда күйеуіммен өте жақсы өмір сүрдік. Тек екінші баламыз өмірге келген кезден бастап арамызда салқындық пайда болды. Бұрын жұмыстан үйге асығып, баласын көргенше жаны жай таппайтын еді, енді «кешірек келем, жігіттермен жолығамыз» дегенді көбейтті. Алғашқыда оның мұндай қыдырыстарына мән бермедім. Бірақ енемнің көңілі әлденеге алаңдаулы болды. «Соңғы кездері күйеуің қыдыруын жиілетіп кетпеді ме? Байқа, жолдан адасып жүрмесін, тізгінін кішкене тартып қойсайшы» деп маған ескертіп қойды.
Енемнің осы сөзінен кейін кәдімгідей ойланып қалдым. Расымен де соңғы кезде ол түн ортасында, мен ұйықтап қалғанда келеді. Бұрынғыдай, келгенде мені еркелетіп, бетімнен де сүймейтін болған. Бірге ерлі-зайыптыларша жеке қыдырмағанымызды айтпағанның өзінде, екеуміздің ерлі-зайыпты болып жақындаспағанымызға да біраз уақыт болып қалыпты. Бір сәтте күйеуге емес, енеме тигендей сезініп кеттім. Себебі базарға да, той-томалаққа да енеммен бірге барады екенмін. «Бұлай жүргеніміз жарамас» деп күйеуімді ашық әңгімеге тарттым. «Асығып тұрмын, кейін сөйлесеміз» деп екі күн әңгімеден қашқақтап жүрді. Оның бұлай сытылып кете беруі көкейімдегі күмәнді күшейтіп жіберген еді.
«Мама, балаңыз менімен әңгімелесуден қашқақтап жүр, өзіңіз сөйлесіп көріңізші» деп енеме өтініш айттым. Кешкісін күйеуім жұмыстан келгенде ашық әңгіме бастадым. Күдігімді де жасырмай, жайып салдым. Енем де менің сөзімді сөйлеп, баласын сұраққа алды. Мәселемізге мамамыздың араласып кеткені ашуына тиді ме, күйеуім «Мен еркекпін, жүрем бе, тұрам ба, өзім білем. Сендерге бұл жүрісім ұнамаса кете салайын» деп айқай салды. Мұндай жауапты енем де, мен де күтпегенбіз, тосылып қалдық. «Балам, есіңді жи, ақымақ болма! Осынша жыл өмірімді, жастық шағымды саған арнағанда істеген ісің осы ма?» деп көзіне жас алды.
Бірақ күйеуім менің көңіліме де, анасының көз-жасына да қараған жоқ, арада бір ай өтер-өтпес киім-кешегін жинап үйден кетіп қалды. Күйеуінен ажырасқан, бір баласы бар келіншекке арбалып қалған екен. Соның қолына кіріп алды. «Бұл бала қанына тартпай қоймады ғой, қайтейін» деп енем қайғырып жатып қалды. Сол кезде ғана қайынатамның енемді тастап кеткенін түсіндім.
Мен шарасыз күйге түстім. «Ажырасамын, төркініме кетем» деп енемнен бата сұрағам. «Сабыр еті, «ат айналып қазығын табар» деген бар, балам ақымақ емес, уақыт өте келе қателігін түсінеді» деп сабырға шақырды. Үйде енем екеуміз екі баламен қалдық. Кішкентайым жасына толған соң енем жұмысқа кіруімді қалады. Екі жылдан соң сол бақшаның меңгерушісі лауазымына көтерілдім. Күндіз күйеуімнің бар-жоғы білінбейді, жұмыспен алданасың. Ал кешке жар құшағын аңсап, елегізіп, таңды жылаумен атыра бастадым.
Үш жыл дегенде енеме «мен енді бұл үйде артық қала алмаймын» деп жылап, босатуын сұрадым. Енеме де оңай емес, түсінемін. «Мына үй-жайды екі баланың атына жаздырып берем. Мен сенің енең емес, анаңмын ғой. Кетпей, қасымда тұра берші» деп жылады. Бірақ ол кісімен өмір бойы қала алмас едім. Ақыры күйеуіммен заңды түрде ажырасып, екі баламмен төркініме қайтып бардым.
Қазір де енем кіргізген бақшада меңгеуші болып істеймін. Жұмысым жақсы, екі баламмен пәтер жалдап, бөлек шығып кеткенмін. Көп ұзамай жеке өмірім де реттеле басталғандай болған. Студенттік шақта бірге оқыған курстас жігітті кездестіріп қалғанмын. Әлі күнге дейін үйленбеген, бойдақ екен. Мені жұмысыма іздеп келіп, балаларыммен танысып, олармен тез тіл табысып кетті. «Саған бұрыннан ғашық едім, енді мұндай шансты қолдан жіберіп қоя алмаймын» деп сөз салды. Үйленуге ұсыныс білдірді. Тіпті әке-шешесімен таныстырды. Бірақ ол кісілер менің екі баламмен ажырасқан әйел екенімді естігенде қарсы болыпты. «Үйге әкелсең мені анам деме» деп мамасы баласына соңғы сөзін айтыпты. Бірақ оны тыңдайтын Дархан жоқ, «Сенен бас тартпаймын» деп айтқанынан қайтпай отыр. Күнде болмаса да күнара үйге келіп, керегімізді әперіп, балалардың көңілін аулап кетеді. «Сәл шыда, үйленеміз» деп уәде беруін тоқтатар емес.
Ендігі мәселе, балаларымның әкесі болып тұр. Бізді тастап, басқа әйелге кетіп еді ғой, сонымен ажырасып, үйіне қайтып келіпті. Енем «Енді әйел, бала-шағаңнан кешірім сұрап, үйге қайтарып әкел» деп жіберіпті. Алдыма келіп, кешірім сұрады. «Қайта татуласайық, балалар әкесіз өспесін. Мен бар жағдайларыңды жасаймын» деп күнде миымды жеп жатыр.
Оған деген сезімім бұрынғыдай емес, суып қалған. Дегенмен балаларды ойласам бір мүмкіндік бергенім дұрыс па? Дарханның ата-анасы мені қабылдамай, екеуміз бас қоса алмасақ жалғыз қалып кетпеймін бе? Осы жағынан басым қатып кетті...»