"Ондаған жыл ішінде балаларға арналған қазақ тіліндегі алпысқа жуық әнді шығардық".
Қазіргі таңда Қазақстанда балаларға арналған отандық контенттің дамуы ерекше қарқын алып келеді. Соның жарқын мысалы — жас продюсер әрі «ArtSoul» анимациялық орталығының негізін қалаған Қырықбай Ұланның еңбегі. Оның жетекшілігіндегі шығармашылық топ бүлдіршіндерге арналған мазмұнды әндер мен тәрбиелік мәні жоғары мультфильмдер әзірлеу арқылы ұлттық анимацияның жаңа тынысын ашып келеді. Балалардың қызығушылығын арттыра отырып, олардың бойына қазақы құндылықтар мен ізгі қасиеттерді сіңіруді мақсат еткен «ArtSoul» орталығы — еліміздегі заманауи әрі сапалы балалар контентін дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Осы ретте Қырықбай Ұланмен сұхбаттасып, жұмыс жайын білген едік.

Ұлан Рүстемұлы, алдымен оқырманға өзіңізді таныстыра кетсеңіз.
Толық аты-жөнім Қырықбай Ұлан Рүстемұлы. Шымкент қаласында туылғанмын. Мектептен түлеп ұшқан соң М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне оқуға түсіп, экономика қаржы факультетінде жоғарғы білім алдым.
Бұл салаға қашан және қалай келдіңіз? Тырнақалды туындыңыз қандай? Ол жұмыстар қай жерлерде жарияланды, қандай платформалардан көруге болады?
Анимация саласына 2011 жылы келе бастадым. Нақтырақ айтсам, белігілі аниматор, режиссер Ерназаров Азамат есімді ағам екеуміз Шымкент қаласында «ArtSoul» анимациялық орталығын құрдық. Осы орталықта бастапқыда «Балапан» телеарнасының тапсырысымен анимациялық шығармалар орындадық. Яғни, 2012 жылы 20 сериядан тұратын, қазақ тіліндегі «Караоке Балапан» деген туындымызды шығардық. Қазақтың біртуар перзенті, атақты композитор (марқұм) Арман Дүйсенов ағамызбен, Бота Бейсенова есімді дарынды әпкемізбен жұмыс істедік. Ол кісілер бізге балалар контентін құру үшін авторлық әндерін берді. Бұл туындыларды «Балапан» телеарнасынан, телеарнаның YouTube платформасындағы каналынан көруге болады.

Осы уақытқа дейін «Караоке Балапан» жобасынан бөлек балаларға арналған қандай контенттер әзірледіңіз? Балалар контентін команда болып әзірлейсіздер ме?
Негізі балаларға арналған өтімді контент дайындау оңай шаруа емес. Сондықтан біз балалар мен ата-аналардың талғамына сай дүниелерді шығару мақсатында үнемі ізденісте боламыз. Ондаған жыл бойы балаларға арналған танымдық, пайдалы әрі сапалы контент әзірлеу үшін сараптама жасап келеміз. Мысалы, біз «Күшік» деп аталатын анимацияық мультфильм шығардық. Ол туындыда әкесі мен баласы, яғни төбет пен күшік арасындағы диалог арқылы балалардың таным көкжиегін кеңейтуге болады. Шығарма арқылы бүлдіршіндер қоршаған ортамен, құрал жабдықтармен, көлік түрлерімен және т.б. заттармен танысады. Осы орайда мұндай көптеген шығармаларымыз біздің командалық жұмыстың нәтижесі екендігін атап өткім келеді. Біздің командада көптеген маман жұмыс істейді. Олардың ішінде аниматорлар, режиссерлар, суретшілер, қаламгерлер мен сазгерлер, сценарий жазушылар, дыбыстаушылар негізгі рөлдерді атқарып келеді.

Балаларға арналған материалдар әзірлейтін кезде неге мән бересіз? Бұл салада қандай қиыншылықтар бар?
Негізі бірнеше жыл бұрын балаларға арналған қазақ тіліндегі туындылар, оның ішінде әндер тапшы болатын. Бұл бағытты таңдауымыздың бір себебі де осы. Нәтижесінде, ондаған жыл ішінде балаларға арналған қазақ тіліндегі алпысқа жуық әнді шығардық. Процесс барысында ақындар және композиторлармен өте тығыз жұмыс істедік. Талғат Нағашыбаев, Ғания Дауылбаева, Ләйла Сүйінбаева, Думан Мұқанұлы сынды дарынды сазгерлер мен Рахат Наурызбаева, Мерей Қарт, Ернұр Сейдахмет, Бауыржан Ерман сынды қаламы қуатты ақын-жазушылар сүбелі үлестерін қосты. Оның ішінде ата-ананы құрметтеу, табиғатты аялау, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, тазалық сақтау, ұлттық мерекелер, ұлттық аспаптар жайында жазылған әндер көп. Сондай-ақ, біз Жазира Байырбекованың орындауындағы «Әлди-әлди» әніне бейнеклип түсірген болатынбыз. Бұл туынды 170 миллионнан астам қаралым жинады. Караокелердің де қаралымыс аз емес. Сондықтан қазір елімізде балалар контенті қарқынды дамып жатыр деп айтуға болады.

Балалар контенті саласында қандай қиыншылықтар бар?
Қазір уақытта 3D форматта мультфильм шығаруға көп көңіл бөлініп отыр. Ал, анимациялық фильмді әзірлеу оңай дүние емес. Бір туындыны әзірлеу үшін ауқымды процесс жүрігізіледі. Оның үстіне бұл жұмыстарды атқару үшін өте мықты техникалар қажет. Осы тұрғыда техника жетіспеушілігі орын алып қалатын кездер болады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта елімізде анимациялық туындыны шығаруға елеулі үлес қосатын мықты суретшілер, 3D-дизайнер мамандар жетіспейді. Бұл да біз үшін қиындық тудырады.
Қазір де дайындалып жатқан жобалар бар ма? Немесе алдағы уақытта балалар контентіне қатысты қандай жоспарлар бар?
Сөз барысында атап өткенімдей, біз қашан да ізденісте боламыз. Себебі, қандай туынды жасасақ та, ол балалар контентіне жетіспей тұрған шығарма болуы тиіс. Осы ретте біздің команда «Әліппе» туралы анимациялық мультфильм әзірлеуге дайындалып жатыр. Бұл туындыда кішкентай бала мен әліппе дос болып, балалардың әріптерді тануына көмектеседі. Алдағы уақытта осындай көптеген пайдалы контенттерді балалар назарына ұсынамыз деп ойлаймын.
Сүбелі сұхбат үшін рахмет!
Сұхбаттасқан: Б.Мейірханұлы.


