Бұндай аурудың емі бар ма? Кім біледі?
Естімеген елде көп. Түрлі-түрлі ауру да бар. Ұзақ жылдан бері жүкті бола алмай жүрген шымкенттік келіншек күйеуінің диагнозын естігелі ұйықтай алмай жүр екен.
Ол бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:
«Бәрін басынан бастайыншы. Университетті бітіріп, бір жылдай жұмыс істеп сосын тұрмысқа шықтым. Нақтырақ айтқанда, 22 жасымда өзімнің сыныптасыммен шаңырақ көтердік. Меніңше, бұл ерте де, кеш те емес.
Дамирді мен бала кезден танимын. Онымен бір сыныпта оқыдым. Бүкіл өмір тарихын білетін болғандықтан, одан жақсы жар таппайтынымды түсіндім де, үлкен өмірге қол ұстасып кете бардым.
Әке-шешелеріміз бір-бірімен жақсы араласады, танитын жер, келбетті, мінезі жайлы жігіт. Арамызда керемет сезім болмаса да мен оны сүйіп кететініме сендім. Иә, адам бірге тұрған соң бір-біріне бауыр басып қалады екен. Екі-үш жылда-ақ ол құшақтап жатпаса ұйықтай алмайтындай дәрежеге жеттім.
Бізде жұбайлық қарым-қатынас жағы болсын, сыйластығымыз да, бәрі жақсы. Ата-енем де жақсы адамдар. Бір-ақ мәселе, жалғыз уайымым бар, ол – перзент.
Бір баланы аңсап, күні-түні құдайдан сұрап тілеп келе жатқаныма жеті жыл уақыт болды. Бастапқы екі жылда бала туралы ойланбадық. Оның үстіне дәрігер қайын әпкем де «Бір-екі жыл ағзада гормондық өзгерістер болады. Әйелдің ағзасы бұрын-соңды білмеген, «көрмеген» аталық ұрықпен танысуына, оны қабылдауына екі жылдай уақыт қажет. Қазір емделіп, дәрі ішудің қажеті жоқ. Асықпаңдар» деп еді.
Ал үш жылдан кейін айналамыздағы адамдар ғана емес, өзіміз де өзімізге «Неге бала жоқ?» деп сұрақ қоя бастадық. Алдымен мен толық тексеруден өттім. Дәрігер «Жатыр түтігі сәл қисайған. Басқадай кінәрат жоқ» деген соң, емге кірістім. Емделуге көп уақыт кеткен жоқ. Кінәрат жойылған соң, ай сайын жүктілік тестін сатып алу, тексеру басталды.
Кей айда кәдімгідей тамаққа тәбетім ашылып, түрлі иісті сезіп, өзімді жүктіге балап мәз боп жүрем. Тіпті бір айда 5 кг салмақ қостым. Енем де мені екіқабат деп қуанды. Бірақ он күн кешігіп айлық белгім келді. Мен күткен жаңалық кешіге берді. Сосын күйеуім гормондарға, қанға, ұрығына да сараптама тапсырды. Сараптама нәтижесін көрген уролог оған «Бәрі жақсы, емделудің қажеті жоқ» деген. Ол «Ұрығыңның саны мен көлемі де, пайызы да аз емес. Бала тудыра аласың. Бірақ сонда да дұрыс тамақтан, салауатты өмір салтын ұстан» деп кеңес берді. Біз ас-ауқаттан ақшаны аямаймыз. Күйеуім зиянды әдеттерден аулақ. Бірақ балалы болу бақыты жақындамады.
Мамандар «Күтіңіздер» деген соң тағы да үш жыл күттік. Ата-анамыз уайымдап, «Емделсеңдерші» деп қайтадан қауғалай бастады. Шынымды айтсам, бармаған жеріміз қалмады. Тіпті бақсы-балгерге де, тәуіп пен молдаға да бардық. Олар «Қызыл жіп алып кел, тауық жұмыртқасын әкел» деп, дем салып берді. Осы сияқты заттарға дем салдырып, айтқандарын орындадық. Нәтиже болмаған соң құдайдың өзі берер деп жүре бердік.
Жақында дәрігер қайын әпкем «Білгір маман туралы естідім. Он жыл бойы балалы болмаған талай ерлі-зайыптының алғысын алған адам» деп, байланыс телефонын берді.
Көптеген сараптама тапсырдық. Жыныс ағзамызды УДЗ-ге түсірдік. Түрлі әдістермен тексерді. Күйеуіме де, маған да «Шылым, кальян шегесің бе?», «Ішімдік, энергетикалық сусын ішесің бе?», «Есірткі тартасың ба?», «Ыстық жерде жұмыс істейсің бе? Моншадағы бу бөлмесінде ұзақ отырасың ба?», «Не жейсің?» деген сияқты сұрақтарды қойды. Салмағымызды өлшеп, арнайы аппарат арқылы ағзадағы май мөлшерін де анықтады.
Бір айдай барған шығармыз сол маманға. Бірақ ол менен дерт таппады, «Бала тууға 100 пайыз қабілеттісіз» деді. Ал күйеуіме «Ұрықтарың тірі, бірақ ұйықтап жатыр» деді. Түсінгенім, ұрықтардың құрылымы, құрамы дұрыс. Тек ұрық әрекетсіз жата береді екен. Баласыздығымыздың себебін осымен байланыстырды.
Ем жазып берді күйеуіме. Небір процедуралардан өтті, дәрі де қабылдады. Соңғы барғанымызда дәрігер «Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бірақ ұрықтарың әлі ұйықтап жатыр. Қаншама еркекке көмектескен дәрі-дәрмек, емдер сенің ұрықтарыңа әсер етпей жатыр» деді. Ол «емделе ме?» деген сұрағыма нақты жауап бермеді. Дәрігердің дауысынан да, көзінен де «Басқа амал жоқ» дегенді байқадым. Содан бері арада үш-төрт ай өтті. Мені ой, уайым жеп қойды.
Нақты диагноз қойылды, кінә күйеуімнен екенін ата-енем де, дәрігер қайын әпкем де біледі. Олар ары қарай қандай шешім қабылдауды өзімізге қалдырды. Ал мен не істерімді білмей жүрмін.
Жасым әлі 30-ға да толмаған, 40 жасыма дейін екі-үш бала тууыма болады. Бірақ ол үшін ажырасуым керек.
Күйеуім «кете бер» деп айтқан жоқ, ал мен кете алмай жүрмін. Жеті жыл отандасқан күйеуімді тастап кете алмайтын да сияқтымын. Сондықтан да қалың жұрттан ұйықтап жатқан ұрықты «оятатындай» қандай дәрі бар екенін сұрағым келеді. Бұндай диагноз қойылған еркектер бар ма, олар емін тапты ма?Осы сұрақтарға жауап алған соң нақты шешімге келетін шығармын...»
Гүлмерейге қандай кеңес бересіз? Ауруға ем болатын ақыл-кеңесіңізді комментарийге жазып қалдырыңыз.
Ұқсас оқиғалар:
«Күйеуім сүндеттелмеген»: мұсылмандыққа бет бұрған келіншек не істерін білмей жүр
«Атам мен енем ұялмайды»: алматылық келіншек түнімен ұйықтай алмай шығатынын айтып шағымданды