Сурет: sun9-33.userapi.com
"Төркініме қыдырып келгенмін. Енеме айтып, алдынан өтіп-ақ кеткем. Күйеуім өзі аэропортқа шығарып салды. Енді енем «Мені адам құрлы көрмеді, менен сұранбай кетті. Әрқайсымызбен қайта-қайта ұрысып жүр еді, ойында ажырасу болған ғой. Ақыры кетіп тыныпты» деп күйеуімнің миын жеп жүр екен"
Осылай деп мұңын шаққан келіншек ERNUR.KZ порталының оқырмандарынан қолдау іздейтінін, ақыл-кеңес күтетінін де жасырмады.
«Келгеніне бір жыл болды, әлі бала да көтерген жоқ. Тумайтын қатын сияқты ғой өзі. Артынан барма, кел деп те айтпа. Кетсе, сол күйі кетсін» деп әбден маған қарсы қойып тастаған-ау шамасы. Тіпті, құдағиына, менің мамама звондап «Керек емес, келмесін. Алып қалыңыз, балам ажырасуға арыз жазайын деп жүр» депті. Сонымен, қыдырып кеткенімді «ажырасып кетті» қылып шығарып, осы бойы екіге айырып жібермек ойы бар екенін ашық білдірді.
Негізі, мені басынан жақтырмайды. Онысын жасырған да жоқ. Келін боп түскеніме бір ай толар-толмас мамама әбден жамандаған. «Қызыңыз өзін келін екенмін демейді. Істейтіні бір тамақ, бір үй, сонда да шаршай ма, бөлмесіне барып тығыла береді. Не әкеп берсек те жақпаймыз, қабағы бір ашылмайды. Менің дегеніммен жүргісі келмейді. Баламды маған қарсы қояды» деп неше түрліні айтқан. Ақыр соңында мамам шаршап кетіп, «Қызым, сол енеңнің айтқанын істей берші. Қанша дегенмен үлкен кісі, күйеуіңнің анасы ғой. Мінезі де оңай емес сияқты. Алысып жеңе алмайсың-ау» деп ақылын айтқан.
Айтқанын істеймін-ау. Бірақ кейде тым артық кететіні бар. Жүйкемді жұқартып, ашуыма тиеді. Қашанғы ләппай тақсыр дей беремін. Кейде айтқанымен келіспей, қарсы сөйлеп қалатыным бар. Бірақ сонша безініп, ажырастырып жіберетіндей жаман келін болған жоқпын.
Күйеуім де тым-тырыс. Не телефон арқылы дұрыстап ашылып сөйлеспейді. Не хабарлама жазып, өз ойын, жайын айтпайды. Мен отырмын мында қайтып барар-бармасымды білмей. «Сен не дейсің енді, барайын ба мен? Әлде сенің де ажырасқың келе ме?» деп ашығын сұрадым. «Білмеймін, мамам тыныштық таппай жатыр ғой. Басым қатып кетті» деп мәймөңкелеп отыр. Тоба, дап-дардай, жасы 31-дегі еркек өзіне не керегін білмей, шешесінің сөзінен аса алмай отыр. «Не істеп қойып ең? Маған айтпайтын бірдеңелерің бар ма? Ашуына тигенсің ғой. Сен де тыныш жүрмейсің» деп кінәні маған аудара салуды қатырады бірақ.
Енеме хабарласайын десем, онымен сөйлесу мүлде мүмкін емес сияқты. Мамама сонша сөз айтқан адам, маған не айтпайды дейсің? Негізі осындай ыңғайлы уақытты күтіп жүрген сияқты өзі де. Әйтпесе, аяқ астынан бәле шығаратындай ұрысып, қырылып кеткен жоқпын. Қалай ата-анасының үйіне қыдырып кеткен қызға «Қала салсын, келмесін» деп айтады? Сонда оларға отбасы ойыншық па?"