"Өз қызыммен анасы ретінде тіл табыса алмау жүрегіме қатты батып жүр. Не істейін, айтыңыздаршы?"
Сурет: telefon-doveria.ru
"Осы жалғыз қызым бар. Жалғыз қызым үшін барлығын жасауға дайынмын. Бірақ оның құбылмалы мінезі қатты алаңдатады. Тіпті мені анам екен демейді, көңіліме келетін сөздерді айтудан жасқанбайды. Ал менің ол үшін қалай жанталасып жүргенімді және басымнан қандай жағдай өткенін ол қайдан түсінсін?!" деп терең күрсінді ERNUR.KZ тілшісіне дыбыстық хабарлама жіберген алматылық келіншек.
"Оны сағынып үйге келгенімде, жылы қабақ танытпайды. Қызым үшін табанымнан тозып, сол жақсы өмір сүрсінші, ешкімнен кем болмасыншы деп басқа қалаға барып жұмыс істегенім оған осылай кері әсер еткен шығар, білмеймін. Бірақ сонда да мен қызымды жақсы көремін.Осы соңғы келгенімде ішкі бөлмеден қызымның «Онда неге күйеуге тиеді?» деп айғайлап жатқанын естідім. Бұл дауыстан денем түршігіп, селт ете қалғанымды жасырмаймын.
Бірінші күйеуім – қызымның әкесі жол апатынан қайтыс болды. Арада екі жылдай өте анам «Мен тірі тұрғанда, қызың есін танымай тұрғанда тұрмысқа шығып ал. Әлі жассың. Қашанғы бұлай жүрмексің? Әлі де бір азаматтың етегінен ұстап, арқа сүйеп, бақытты өмір сүруге хақың бар ғой» деген сөздерді жиі айта бастады.
Басында тыңдағым келмейтін. Жасым келді ме, көп қайғырғаннан ба екен, әлде ауыр жұмыс, елден, балалардан жырақта жүру әсер етті ме екен, денсаулығым нашарлап кетті. Қан қысымым ойнамалы. Қайғы мен тұрмыстың қиындығын ішке жұта беріп, астма ауруы да пайда болыпты. Толық тексерістен өткенде білгенім, менің денсаулығымдағы кінәраттар бұл ғана емес екен, УДЗ аппаратына түскенде анықталғаны – аналық безімде өсінді (киста) пайда болыпты. Дәрігерлер «аса қорқынышты ауру емес, егер тұрмысқа шықсаң, өздігінен жоғалып кетуі мүмкін» деген қорытынды шығарып берді.
Солай тұнжырап жүрген мезетімде қазіргі жолдасыммен танысып қалдым. Оған өлердей ғашық болдым демеймін, тек қана менің көңілімді аулап, жаныма жылулық сыйлай алды. Өзі де менімен тағдырлас. Адамгершілігі жоғары, балаларыңмен бірге қабылдаймын деп уәдесін берді. Сол кісіге тұрмысқа шықтым.
Дәрігерлердің айтқаны тура келді, жатырда пайда болған ет өсіндісі тұрмысқа шыққан соң кетті. Бірақ сол аурумен бірге қызым екеуміздің арамыздағы мәміле де жоғалып кеткендей болды.
Мен тұрмысқа шыққанда қызым қабылдай алмады, маған қатты ренжіді. Оның реніші де орынды шығар. Не туған анасынан, не нағашы әжесінен, ешкімнен жеткілікті мейірім ала алмаған балалар осылай жүректері қатайып кете ме, білмедім. Бәлкім, менің жағдайымды өзі де тұрмысқа шығып, ана атанғанда түсінер.
Өз қызыммен анасы ретінде тіл табыса алмау жүрегіме қатты батып жүр. Не істейін, айтыңыздаршы? Маған жол көрсететін, ақылын айтатын адам бар ма?"