"Қызыма көмек керек екенін сезбеппін": сәбилі болған қызын түсіне алмаған әйел өкінішін айтты

0
266

"Телефонмен сйлескенде «Қалың қалай?» деген сұрағыма қызымның «Жақсы» деген бір ауыз жауабы жеткілікті сияқты көрініпті маған"


Сурет: media.istockphoto.com

"Ана болу – үлкен бақыт қой. Ал балаңның бақытын көру – ұлы бақыт, немеренің иісі – жұмақ. Бұдан асқан бақыт бар ма ана үшін?!"

Осылай деген әже ERNUR.KZ порталының оқырмандарына "Бала тәрбиесімен отырған жас аналарға жәрдем беріп тұрайық" деген мақсатта өз жазбасын бөлісті.


"Инстаграмды парақтап отырғанымда, лентадан қызымның парақшасы шыға келді. Жазба жариялапты. Жүрегімді елжіретіп, жанымды тербетті.

Ол былай деп жазыпты: «Декретте отырған жас ананың туысқаны немесе құрбысы болсам, айына екі сағат болса да баласын қоларбаға салып, аулаға шығарып: «Сен демалып ал», - дейтін едім. Екі айда бір рет болса да барып: «Сен балаңмен серуендеп кел, ал мен үйіңді жинап қояйын», - дер едім. Кейде барып: «Асықпай шомылып ал, сосын бірге отырып шәй ішіп, сырласамыз», - деп бөпесіне қарап берер едім...»

Жаным-ау, жүрегім менің... Сенің әлі бала екеніңді, баламен қиналып жүргеніңді сезбеппін ғой. Сен босанғалы бар-жоғы бір-ақ рет үйіңе барған екенмін. Онда да жиенді қырқынан шығаруға бардым. Содан бері уақыт зу етіп өте шығыпты, немерем үш айға толыпты...

Телефонмен сйлескенде «Қалың қалай?» деген сұрағыма қызымның «Жақсы» деген бір ауыз жауабы жеткілікті сияқты көрініпті маған. Оның артында үнсіз тұрған «Көмек керек» дегенді жүрегім ести алмапты.

Қызымның инстаграмдағы жазбасы мені алғаш ана болған сәттеріме жетелеп әкетті. Сол кездегі әрбір ауыр сәттің артында шынайы бақыттың жатқанын, әрбір шаршаған сәт баланың күлкісімен ұмытылатынын есіме түсірді."

Ана болу – үлкен бақыт қой. Ал балаңның бақытын көру – ұлы бақыт, немеренің иісі – жұмақ. Сағынып кеттім ғой, жүректерім. Таңертең ерте барып, қызымды құшағыма алып, «Жаным, демал, мен бармын», - деймін. Немеремді бауырыма басып, оның кішкентай қолдарын қайта-қайта сүйем. Бұдан асқан бақыт бар ма ана үшін?!"