"Қызымды әкесінің қасында өсірмегеніме қуанамын"

0
215

"Енді үйлендірдік, қалғаны келіннің жұмысы" деп қолдарын бір сілтеген сияқты"


Сурет: Pinterest

"Күйеуім ішкіш болды. Мен оны адам қыламын, өзгертемін деп қаншама уақыт талпындым. Бірақ, адамның өзінен ынта-жігер болмаса, сырттан біреу ол адамды ешқашан өзгерте алмайды екен. Өзгерту үшін адамның өзінде ішкі ниеті түзу болуы керек екен" дейді Айкүміс атты келіншек.

ERNUR.KZ порталының оқырманы неге мұндай ойға келгенін өз өмірін баяндай отырып ұқтырды..


«Әкеңнің алған жары жақсы болса – балалық шағың бақытты, өзіңнің алған жарың жақсы болса – жастық шағың бақытты, балаңның алған жары жақсы болса – қарттық шағың бақытты» деген сөз бар ғой.

Менің балалық шағым бақытты өтті, Аллаға шүкір. Әкемнің таңдап алған жары, яғни анам жақсы жан болғандықтан, екеуі тату-тәтті өмір сүріп, балаларына да сол тәрбиені үйретіп, бойына сіңіре білді. "Мен де анам секілді боламын, отағасымның құрметін жасап, оны отбасымыздың тірегі ретінде сыйлай білсем, балаларым да соны көріп өседі, бойына сіңіреді" деп ойлайтынмын. Баланы тәрбиелеу үшін көп нәрсе қажет емес, алдымен өзіңді тәрбиелеу жеткілікті екеніне көзім әлдеқашан жеткен. Сондықтан, мен күйеуім қандай адам болса да қабылдаймын, онымен өмірімнің соңына дейін қол ұстасып бірге өтемін деп ойлаушы едім.

Жолдасым мені сыртымнан бір көріп, алып қашқан. Ол кезде жасым жиырма екіде болатын. Сөз байласып, ұнатып жүрген жігітім болмаған. Бірақ, бұйрық солай болған шығар, ойламаған жерден тұрмысқа шығып, келін атандым. Өзім де бұндай жағдайға дайын болған шығармын, аса бір қарсылық көрсетіп тулаған жоқпын. Себебі, жігітпен сөйлесіп, қарым-қатынас құра алмайтынмын. Осылай болғаны да дұрыс шығар деп ойлап, сол аттаған босағамда қалдым.

Бірақ бұл дұрыс емес екен. Оған енді ғана көзім жетіп отыр. Бұрындары әпкелерімізді, жеңгелерімізді осылай мен секілді алып қашып кетсе де бақытты өмір сүріп жатқандарын көріп, мен де солардай боламын деген ой болған шығар бәлкім.

Бірақ өкінішке орай, менің күйеуім олардай болмады. Алып қашып келген күннен бастап ішімдікке бір табан жақын адам екенін байқап қалдым. Беташар өтіп, қуғыншыларды күтіп, шығарып салған соң үйленген сыныптастары, достары жиналып бас қосты. Сонда күйеуім араққа сылқия тойып алып, жиіркенішті болып көрінген еді көзіме. Жас жігіттің осылай өлгенше ішіп, домалап жатқаны өте ерсі көрінді. «Мен кімге тұрмысқа шықтым? Қандай әулетке келін болып келдім өзі?» деп сол кезде ғана басыма тиген сияқты болды.

Одан кейін де ештеңе өзгерген жоқ. Мен өзге үйге келіп үйренісе алмай жүргенім бір бөлек, күйеуіме тіпті үйренісе алмадым. Үйленгеннен кейін де аптасын кем дегенде бір рет сыртқа, достарымен шығып кетеді де, сылқия тойып келетін. Оған ата-анасы да қой деп жатқан жоқ. Олар да әбден шаршаған болуы керек. "Енді үйлендірдік, қалғаны келіннің жұмысы" деп қолдарын бір сілтеген сияқты.

Бірақ, ата-енем өз баласын тәрбиелей алмай отырғанда менің қолымнан не келеді? Бір жақсысы, қанша ішіп келсе де, мазамды алып, түртпектемейтін. Ұрып-соғып, балағаттап жатса, бәлкім мен де шыдай алмай, сол кезде-ақ кетіп қалар ма едім. «Түзелер» деген үмітім болды.

Аяғым ауыр болған кезде «Болды, енді ішпеймін. Балам үшін өмір сүремін. Оған жақсы әке боламын» деп сөз берді. Шынында да бала өмірге келгенше ішпей, жап-жақсы болып жүрді. Мен де, ата-енем де қуанып жүрді. Бірақ қуанышымыз бір жылдан артыққа жетпеді. Қызымыз дүниеге келді. Әке болғанын қуанышпен атап өтіп, достарымен бірге тағы да ішіп кетіпті мен босанған күні. Біз перзентханадан шығып үйге келгенде де сол күйін көрдім.

Өзім бұл кезде жаңадан босанып келгенмін, өте әлсізбін. Күйеуіммен алысатындай шамам жоқ. Бір аптадан соң, шыдамай анамды шақырып, төркініме кетіп қалдым. Өйткені, күтіне алмадым, күйеуім күн сайын ішіп келеді. Осының барлығынан шаршап анама айттым. Түбегейлі ажырасып кетемін деген ой болмаса да, біраз күш жинап алайын, өз-өзіме келейін деген ой болған. Бірақ, күйеуім бізді іздеп келмеді. Сол бойы ажырасып кеттік.

Қызымның тәтті қылығы шығып, менің бар қайғымды ұмыттырғандай болды. Қазір балабақшаға барып жүр, бала емес пе, «Анашым, неге менің әкем жоқ?» деп сұрағанда не дерімді білмей қаламын. Бұл сұрақпен әлі талай бетпе-бет келетінімді білемін. Бірақ сонда да қызымды ішімдікқұмар әкесінің қасында өсірмегеніме қуанбасам, өкінген емеспін. Махаббатқа, мейірімге бөленіп, еркелеп өсіп жатыр қызым. Осыған қуанамын, қазіргі тағдырыма да шүкір етемін, ал қалғаны болашақтың еншісінде."